• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2013

Қазақ жерінен бақыт таптық – дейді әзербайжан қызы Айдан Эйвазова

388 рет
көрсетілді

Қазақ жерінен бақыт таптық – дейді әзербайжан қызы Айдан Эйвазова

Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 2:08

Трамвайда келе жатыр едім, қасымда отырған  қыздың  ұялы телефонынан әнші Нұрлан Әлімжанов айтатын «Аққу құсым»  ойнап қоя берді. Түрі-түсі бөлек жас қыз: «Әйгерім, қазір келемін, келесі аялдамаға жақындап қалдым», – деп телефон шалған құрбысымен қазақша сөйлесті.

 

Сәрсенбі, 1 мамыр 2013 2:08

Трамвайда келе жатыр едім, қасымда отырған  қыздың  ұялы телефонынан әнші Нұрлан Әлімжанов айтатын «Аққу құсым»  ойнап қоя берді. Түрі-түсі бөлек жас қыз: «Әйгерім, қазір келемін, келесі аялдамаға жақындап қалдым», – деп телефон шалған құрбысымен қазақша сөйлесті.

– Қазақ тілінде жақсы сөйлейді екенсің. Атың кім? Қай ұлт өкілі боласың? – деп сұрадым.

– Әзербайжан қызымын. Атым – Айдан, – деді ол әдемі жымиып.

– «Ән айтатын қыз» деген түрік сериалындағы Фэридэ деген қыздың рөлін ойнайтын актриса Айданның атын қойған ба? –  дедім.

– Мүмкін. Түрікшеден аударғанда бұл есім Ай, Ай нұры, Айдың толысып тууы дегенді білдіреді. Қа­зақтар Айнұр, Айгүл, Айман, Айсұлу деп  көп аттар қояды ғой. Сол сияқты. Бір­ мұсылман халқымыз. Тілдеріміз де ұқсас. Анам Ша­пағат, әкем Ғасан Эйва­зов­тар Екібастұзда, ал әже­міз, туған-туыстарымыз түгелдей Әзербайжанның Зардаб ауданында тұрады. Демалыс алғанда, каникул кездерінде барып тұрамыз, – деді ол тағы да.

Аялдамаға жеткенше­  байланыс телефонын­ алып үлгерген едім. Ай­дан Эйвазова облыс орта­лы­ғындағы Сұлтан­махмұт Торайғыров атындағы  мем­лекеттік университеттің  химия-технология фа­куль­тетінің 4-курсында оқиды екен. Өткенде трамвайда келе жатқанда  мұнай-химия зауытында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген кезі екен. Екібастұздағы орта мектепті  орыс тілінде бітіріпті. Қазақ тілінде жақсы сөйлеп кетуіне айналасы, дос-құрбылары, көршісі Алтын апайдың әсері болыпты.

– Ал Екібастұздағы  по­литехникалық колледжде оқитын інім Әділ де   қазақ тілінде жақсы сөйлейді, өйткені, достарының бәрі  қазақ балалары, – дейді Айдан.

– Ал үйде, отбасында қай тілде сөйлесесіңдер?

– Әрине, әзербайжан тілінде. Әндерімізді біле­міз, салт-дәстүрімізді сақ­таймыз. Ал қазақ ті­лін білуіміз керек, ол – қа­жеттілік, біз осы жерде, осы Қазақ елінде тұрамыз, ата-анамыздың жұмысы бар, үйлі-күйліміз, тыныштық, татулық орнаған елде өмір сүреміз. Екібастұзда ата-ана­мыздың басқа да әзер­байжан достары тұ­ра­ды.  Болашағымыз қа­зақ тілінде, сондықтан кіш­кентайымыздан қазақша сөйлеп, жазып үйрендік. Әкеміз Кеңес Одағы кезінде Екібастұзда әскер қатарында болып, осы жерде қызметте қалады. Әзербайжан жаққа барып сүйген қызы, біздің  анамыз Шапағатты алып келеді. Әкеміз Ғасан айт­қандай, біз қазақ жерінен бақыт таптық, енді ғұмыр бойы осы елде өмір сүреміз, – деді ол мақтанышпен.

Айдан қазір   баянауылдық құрбысы  Марина Навалихина екеуі пәтер жалдап тұрады екен.

– Марина да  қазақша сөйлейді. Себебі, ол,  Баян­ауылдың қызы ғой! – дейді Айдан. – Болашақ математик. Мүмкін, оқу бітірген соң, мұнай-химия зауытында бірге жұмыс жасайтын болармыз. Тағы бір жақсысы – біз пәтер жалдайтын үйдің иесі  Рамиза апамызбен қазақша сөйлесіп, тіл байлығымызды одан әрі байытудамыз, тәрбиелік-танымдық бағытындағы әңгімелерін тыңдаудамыз. Біз соған қуанамыз.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ПАВЛОДАР.