• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Маусым, 2019

Жетісуда жас мұғалімдер форумы өтті

1320 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Жастар жылы аясында ұйымдастырылған жас мұғалімдер форумы өтті. Ұстаздардың мәртебесін көтеруге бағытталған шараға Алматы облысының түпкір-түпкірінен 250 жас маман келіп қатысты. Зияткерлік мектеп мұғалімдері өз әріптестерімен оқытудың ең тиімді әдістерімен бөлісті.

- Форум – біздің жас мұғалімдердің жеке бастамасы. Жас мұғалімнің мотивациясын арттыру мақсатында сонымен қатар Facebook, телеграм сияқты танымал әлеуметтік желілерді пайдалана отыра тәжірибе алмасу платформасын құруды көздейміз. Осылайша, мұғалімдер арасында білім алмасу, әрқайсымыздың тиімділігін арттырады, -  дейді Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының оқу жөніндегі орынбасары Виктор Сосин форумның мақсаты жайында.

Жас ұстаздар педагогикалық шеберханаларға, кәсіби тұрғыдан, жеке тұлға ретінде дамуға арналған әдістемелік, арт сессия, әртүрлі командалық және креативті дамытуға арналған тренингтеріне қатысты. Зияткерлік мектептің спикерлері өз әдістемелерін жаңа форматта ұсынды.

- Бұл форумда бізге белгілі әдіс-тәсілдердің «Мозаика», «Рафт», «Үнсіз кино», «Венн диаграммасы» қыр-сырын, мақсатын нақты айқындап берді. Көптеген креативті ойлауға итермелейтін тапсырмалар орындадық. Қалай ұстаз-блогер және салауатты өмір салтын ұстанатын табысты маман болудың жолдарын қарастырдық. Сондай-ақ музыкалық білім де берді, арт-сессия кезінде қолөнер бұйымдарын жасап, біраз демалып қалдық. Флешмоб та биледік, ән де салдық. Жас ұстаздар форумында білім көкжиегім кеңейіп, өзіме үлкен әдістемелік көмек алдым,- дейді Текелі қаласының №2 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Орденбек.

Жас мұғалімдер форумының арнайы қонағы болып «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы төрағасының орынбасары Айдана Шилибекова, OYLA атты танымал ғылыми басылымның редакторы Алмас Ордабаев және Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдраимов шақырылды.

 - Қазіргі таңда мұғалім жалғыз ақпараттың көзі болудан қалды. Нақты білім өзектілігін жоғалтты. Енді ақпаратпен жұмыс істей білу, яғни оны өмірде қолдану мүмкіндігі әлдеқайда маңызды, сондықтан мұғалімнің рөлі де өзгеріп жатыр, - деп Алмас Ордабаев өз пікірін білдірді.

Облыстық жас мұғалімдер форумы Назарбаев Зияткерлік мектеп оқушыларының мерекелік концертімен аяқталды.