Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 12 есе көп. Қазір білім ошақтарына күрделі жөндеу басталып кеткен. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов жөндеуді қажет ететін мектептерде болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында кей ғимараттарда ауқымды жөндеу жұмыстары мүлдем атқарылмағанын атап көрсетті.
«Бірінші кезекте нысанның шатыры, терезелері мен жылыту жүйесі ауыстырылуы қажет. Жарықтандыруға да аса мән беретін боламыз. «Балаларға жылы, жарық әрі ыңғайлы болуы керек. Басты ұстаным осы. Оқушылар сыныптарда тоңып отыратын жайттар аз ұшыраспайды. Бұдан кейін қандай оқу сапасы жайлы айтуға болады?», деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысы қала әкімдігіне, білім басқармасы мен мердігерлерге қаражатты мақсатты жұмсауды тапсырды. Бір-екі жылдан кейін сыр беріп жатса қатаң шаралар қолданылатын ескертті.
Асығыстыққа салынған құрылысшылар тарапынан олқылықтар жиі жіберіледі. Оған жол бермеуге міндеттіміз. Мәселен, терезе дұрыс салынбаса мердігер айыппұл төлеуі тиіс, деген облыс әкімі тікелей өзі қадағалауға алатынын қадап айтты.
Қалпына келтірілетін 120 мектепте 35 мың бала оқиды екен. Бұл өңірдегі барлық оқушылардың тең жартысына жуығы.