Жазғы демалысты ұйымдастыруда әлеуметтік қолдауға зәру отбасылардың балаларына ерекше қолдау көрсетіліп, 16 мыңға жуық балаға тегін жолдамалар берілмек. Яғни, биылғы жазда да «Балаға жолдама сыйлайық!» атты шара өз жалғасын табады. Өңірдегі демеушілер мен меценаттардың көмегімен балаларға жалпы құны 21,8 миллион теңге тұратын 358 жолдама беріледі деп жоспарлануда.
Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС 12,6 миллион теңгеге 200 жолдама, «ГРЭС-2» АҚ стансасы 3,1 миллион теңгеге 50 жолдама, «ГРЭС-1» АҚ 1,1 миллион теңгеге 50 жолдама, «Қазхром» АҚ филиалының Ақсу ферроқорытпа зауыты 1,5 миллион теңгеге 30 жолдама берді.
Ал Павлодар ауданы «Луганск» кәсіпорнының басшысы Петр Кузьменко оқуда, өнерде, спортта жақсы жетістікке жеткен дарынды ауыл оқушыларына Сочидегі демалыс лагеріне бару үшін 10 жолдама алып берді.Облыстағы «Жасыл желек» экологиялық жобасы барысында «Әрбір мектеп ауласы – гүлденген бақ» бастамасы бойынша да мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар бірлесе іске кіріспек.
– Бұл баланың еңбекке, кәсіпке деген қызығушылығын қалыптастыратын маңызды кезең. Сондықтан балалардың жұмысқа орналасуына барынша көмектесу қажет, – дейді білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
Жылдағыдай Баянауылдағы облыстық «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығының «Қазақ-camp» атты маусымы басталады. «Туған өлке саясында» этнокруиз жобасына қатысушы жас ақындар, музыканттар, суретшілер өңірдің киелі жерлері бойынша жолға шығады.
Маусымның тағы бір ерекшелігі, «Қазақ қоғамы» қорының қолдауымен «Атамекенге саяхат» жобасы аясында Тереңкөл ауданындағы «Самал» лагеріне Моңғолиядан, Ресейден, Омбы, Құлынды, Алтай өлкесінде тұратын оқушылар келеді. ПАВЛОДАР