• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 08:42

Техниканың тілін білетін шебер

10 рет
көрсетілді

Атамекенді аңсап жетіп, Рудный қаласының маңайына қонған қандастардың арасында кен, теміржол, техника саласының қыр-сырын меңгерген майталмандар аз емес. Солардың бірі – «ERG Service» ЖШС №2 техникалық қызмет көрсету және жөндеу бөлімінің электр шебері Ертуған Құдабаев. Тәжірибелі маманның бір салада табан аудармай еңбек етіп келе жатқанына 35 жыл болды.

Кейіпкеріміз Өзбекстан­­ның Науаи облысында туып-өскен. Бұхара­­­­­дағы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген соң, 19 жыл бойы Науаи кен зауытында әйгілі «БелАЗ» көліктерінің электр жүйесін жөндеумен айналысқан.

– Электр слесарі мамандығы – техника мен технология­ның тоғысқан жері. Біздің мінде­тіміз тек темір бұрау немесе сым жал­ғау емес, кен байыту комби­­натының жүздеген тонна тау жыныстарын өңдейтін, кешенді электр жүйелері мен ауыр техни­калардың жұмысын кідіртпей, дер кезінде алдын алып немесе жөндеп отыру, – дейді Ертуған.

2012 жылы тарихи отанына оралған білікті Ертуған бірден Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігіне жұмысқа орналасады. Бүгінде «ERG Service» серіктестігінде энергетикалық құрылғылар мен «ақылды» технология жабдықтарын қалыпқа келтіріп жүр. Әмбебап маман кен өндірісінде пайдаланылатын қуатты құрылғылардың қоз­ғалтқыштарын, алып техникалар мен өзге де кеніш жаб­дық­тарының электрлік, меха­никалық ақауын жойып, қайтадан іске қосып беріп отырады.

– Ауыр техникамен жұмыс істеген соң қауіпсіздікке қатаң қараймын. Қазіргі кәсіпорын­дарда құрылғылар жиі жаңарады. Сондықтан жаңа технологияларды, заманауи диагностика құралдарын дер кезінде меңгеріп отыру маңызды. Біз техника кешенінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз, – дейді ол.

Бүгінде аға буын қатарына іліккен Ертуған ізбасар тәрбие­леу­ден де жалыққан емес. Кеніш жолдарында жүретін ауыр тех­ни­каның электр жүйесін диаг­нос­тикадан өткізу, жөндеу тәрізді маңызды міндетті атқару жан-жақты білімді, тиянақтылықты, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан серіктестікке енді келіп жатқан жас маман жұ­мысқа әбден төселіп алғанша Ертуғанның қарауында болады.

– Қазір өндіріске жастар көп келіп жатыр. Электр жүйесінде қателікке жол жоқ, кішкентай ақаудың өзі үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан кейінгі буынға білмегенін үйретіп, бағыт-бағ­дар беремін. Жастар біліммен қоса, жылдар бойы жинаған тәжі­рибеден кейін келетін білік деген нәрсе бар екенін әрдайым жадында ұстауы керек. Тех­ни­каның бәрі бірдей емес. Әр­қайсысының өз сыры, өз құпиясы бар. Шәкірттерім қазір әр жерде, тау-кен саласында еңбек етіп жүр. Мысалы, Бақдәулет Сопыбеков деген шәкіртіме электр сызбаларын, құрылғыларды жөн­деу әдістерін үйреттім. Сонымен қатар жүктелген міндетке аса жауап­кершілікпен қарауды, жұмысқа кіріспес бұрын қауіп­сіздікке мән беруді күн са­йын құла­ғына құйып отырдым. Шәкіртім үмітімді ақтады, қазір осы өзім жұмыс істеп жатқан учаскенің бас энергетигі болып қызмет етеді, – дейді электрші.

Өз ісінің нағыз шебері Е.Құдабаев бүкіл ұжымның алдында абыройлы. Түтіні түзу ұшқан бір шаңырақтың арқа сүйері болып отырған азамат өз отбасына, туыс-туған, айналасына да қадірлі.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар