Жаз күндері елімізде 236 қала сыртындағы лагерь, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы лагерь, 1700-ден астам шатырлы лагерь жұмыс істейді. Онда 2 млн 842 мың оқушы қамтылмақ. Ал республикадағы лагерьлерде 2,1 млн астам оқушы демалады. Қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымдарын республикамыздың оңтүстік өңірлерінде 1-10 маусым аралығында, басқа өңірлерде 15-20 маусымнан кейін ашу жоспарлануда.
«Сауықтыру ұйымдарының дайындығы қажетті деңгейде жүріп жатқан жоқ. Тек 48 қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымы ғана санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алған», деді Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров.
Оның айтуынша, министрліктің бақылауында 7 мыңнан астам балаларды сауықтыру ұйымы бар, оның ішінде 236-сы – қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымы. Сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрі «Мониторинг нәтижесі балалар лагерінде азық-түлікке байланысты жағдайлардың жиі орын алатынын анықтады. Яғни, тамақ өнімдерінің лабораториялық зерттеуге сай келмеуі, дұрыс дайындалмауы және сақталуы жағынан мәселелер туындайды», деді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, маусым айында полицияда есепте тұрған жасөспірімдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін ІІМ «Жұмыспен қамту» акциясын өткізуді жоспарлап отыр. Қоғамдық тәртіпті сақтауға, оның ішінде жазғы лагерьлер аумағында полицияның аумақтық органдарының 3 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылады.