«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен капитан Рустем Игисиновтің айтуынша, биылғы жылы мемлекеттік рәміздер күні жаңа оқу кезеңінің басталуымен тұспа-тұс келді. Бұл күні Батыстың барлық әскери бөлімдерінде салтанатты митингтер мен іс-шалар ұйымдастырылды.
Ақтөбе қаласындағы 30238 әскери бөлімінде әскери қызметшілер дөңгелек үстел өткізсе, Ақтаудағы 25744 және Атыраудағы 41321 әскери бөлімдерінде мемлекеттік рәміздердің жеке құрамның алдына шығарылуы ұйымдастырылды. Митингте бөлім командирлері жеке құрамға мемлекеттік рәміздердің тарихын, мәнін және оларға қатысты ерекше деректерді жеткізді. Митинг соңында жеке құрам рәміздердің алдында саптық шерумен өтіп шықты.
- Біздерде ұлы да, мағынасы зор Елтаңбамыз, Туымыз бен Әнұранымыз бар. Олар - еліміздің ұлттық құндылығы және мақтанышы. Әскери адамдар үшін мемлекеттік рәміздер Отанымыздың бірден-бір атрибуты болып саналып, ерекше құрметтеледі. Біздің әрбір маңызды іс-шарамыз мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталса, саптық алаңдағы тудың көтерілуі тек ең үздік әскери қызметшілерге бұйырады, деді 25744 әскери бөлімінің командирі гвардия подполковнигі Мұрат Арапбаев.