• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2019

Темір тұлпарлар бәйгесі мәреге жетті

983 рет
көрсетілді

Маңғыстаудың ойлы-қырлы, шөлді-құмды даласында алты күн бойы шеберлік пен жылдамдық, темір тұлпарлардың тегеурінін салыстырған аламан өз мәресіне жетті. Алты күн ішінде «Ралли Қазақстан – 2019» жарыс бағыты алты кезеңге бөлінді және шабандоздар дала жолдары, құм жоталары және жолсызбен барлығы 2500 шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтті.

 Ақтау қаласында теңіз жа­ғалауында FIA Халықаралық Автомобиль Федерациясының «Ралли Қазақстан – 2019» ралли-рейдтер бойынша Әлем Кубогы кезеңінің салтанатты мәресі өтті. Шиеленіске толы жарыс жолының қорытындысы бойын­ша қатарлық автошабандоз Нассер Әл-Аттия штурманы Матье Бомельмен бірге жеңіс тойын тойлады, екінші орынды ерлі-зайыпты Стефан мен Андреа Петерансельдердің экипажы иеленсе, үздік үштікті Якуб Пшигонски мен Тимо Готтшальк түйіндеді.

Соңғы шешуші алтыншы кезеңде шабандоздар Каспий теңізінің жағалауы сызығының бойымен Ақтау қаласынан сол­түстікке қарай өткен ең қысқа 148 шақырымдық арнайы учас­кеден өтті. Жарыстың соңғы күні Бернхард тен Бринкен мен Том Колсулдың командасы үздік нәтиже көрсетті. Бұл команда кешегі сәтсіздіктен кейін жүлделі орыннан алшақтаған болатын. Мәреге екінші болып француз Стефан Петерансель жетті. Жарыс­тың фавориті Нассер Әл-Аттия күннің үшінші нәтижесін көрсетті.

Алты кезеңнің қорытындысы бойынша Toyota Hilux авто­кө­лігінде өнер көрсететін, «Да­кар» ралли-марафонының қа­зіргі жеңімпазы Нассер Әл-Аттия «Ралли Қазақстан – 2019» кезеңінде топ жарды. Бұған жарыстың алдыңғы күндерінде қол жеткізілген қарсыластардан артықшылық көп әсер етті. Осылайша қатарлық «Ралли Қазақстан» кезеңінің екі дүркін жеңімпазы атанды.

– Мен «Ралли Қазақстанда» топ жарғаныма шын қуаныш­тымын. Біріншілікте көш бас­тап тұрмыз, бұл – нағыз фантастика. Енді Марокко раллиін күтеміз. Әлбетте, бұл – біз үшін жақсы жыл, алты жарыс және алты жеңіс. Біз соңғы учаскені ойдағыдай өттік, барлығын бақы­лауымызда ұстадық, – дейді «Рал­ли Қазақстан – 2019» жеңім­пазы Нассер Әл-Аттия.

«Дакар» ралли-марафо­нын­дағы жеңістер саны бойын­ша рекордшы, «Ралли Қазақстан – 2019» кезеңінің дебютанты Стефан Пе­терансельге жеңіске небәрі 5 ми­нуттан астам уақыт жетпеді.

– Бүгін біз Каспий теңізінің жағасында мәре сызығын кестік. Сөз жоқ, әдемі пейзаждар, тамаша жағажай. Бірінші күні біз көлік дөңгелегінің тесілуімен көп уақыт жоғалтып алдық. Содан кейін, үлкен қателіктерге бой алдырмадық, – деп әсерімен бөлісті Стефан Петерансель.

Аты аңызға айналған шабан­доздың жұбайы және штурманы Андреа Қазақстан жолдарындағы раллидің жылдамдығына таң­ғалғанын айтады. Біз кейде са­ғатына 200 шақырымнан ас­там жылдамдықпен жүрдік. Мұн­дай жағдайда дұрыс навигация беру оңай емес. Мен «Ралли Қа­зақстаннан» үлкен тәжірибе алдым, деді Андреа Петерансель.

Маңғыстаудағы раллиде қа­зақ­стандық пилоттар мен штур­­мандар ралли-рейд әлемінің үздік өкілдерімен тайталасты, сондай-ақ ралли-рейд бойынша Қазақстан Республикасы Кубогының Ұлттық есебін анықтады. Ал қазақстандық командалар үшін ең үздік нәтиже Андрей Чередников пен штурман Игнат Фальковтың экипажымен қол жеткізілген 6-шы орын болды.

– Биыл «Ралли Қазақстан – 2019» тағы бір мәрте орасан зор халықаралық жарысқа айналды. Қазақстан алғаш рет 2017 жылы осы беделді Әлем Кубогының кезеңдерінің бірін өткізу құқы­ғына қол жеткізді және сол уақыттан бастап біз жыл сайын ралли-рейдті ұйымдастыруда жаңа деңгейге шығуға ұмты­ламыз. Жарыстың барлық қаты­сушылары маршрутқа және навигацияға, сондай-ақ «Ралли Қазақстан – 2019» додасының жалпы атмосферасына дән риза болды деп сеніммен айта аламыз. Қазақстандық спортшылар тәжірибесін арттыруда, ал еліміздегі автоспорттың дамуы әлемдік аренада еліміздің оң имиджін қалыптастыруға септігін тигізуде, – деп атап өтті Қазақстан Автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев.

Т2 санатында Toyota Land cruiser автокөлігін тізгінде­ген тағы бір қатарлық шабандоз Моххаммед Әл-Меер дара шықты. Екінші орынды түркіменстандық Шамырат Гурбановтың экипажы иеленді. Ал бұл серияның қола жүлдесіне қазақстандық «Aktau Motorsport» командасының өкіл­дері Кирилл Черненков пен Алексей Мун қол жеткізді. Ақтау автожарысшылары жарыстың барлық күні жақсы өнер көр­сетті, бірақ ралли спорттық ере­желерін сақтамағаны үшін алған көп сағаттық пенализация­лар экипажға бұдан да жоғары орындарға үміткер атануға мүм­кіндік бермеді. Жалпы есепте Т3 санатында Бразилиядан келген автожарысшы Рейналдо Варелаға тең келер шабандоз болмады. Испания елінің өкілі Хосе Луис Пена Кампо жалпы есепте көшбасшыдан бір жарым сағатқа жол беріп, екінші орынға табан тіреді.

«Ралли Қазақстан – 2019» Ұлттық есебінде «КАмАЗ-мас­тер» командасы мен пилот Дми­трий Сотников жеңіске жетті. Екінші және үшінші орындарды «ГАЗ Рейд Спорт» командасынан Михаил Шкляев пен Алексей Хлебовтың экипаждары иеленді.

Енді пилоттар 2019 жылғы ралли-рейд бойынша қазан айында Мароккода өтетін FIA Әлем Кубогының келесі және соңғы кезеңіне дайындалмақ.

 

Маңғыстау облысы