Бұдан бұрын жоғары оқу орындарының студенттері арасында сайлау құқығы және сайлау процесі мәселелері бойынша ұлттық викторинаның бірінші туры өткенін хабардар еткенбіз. Енді міне, Орталық сайлау комиссиясы сайлау құқығы мен сайлау процесі мәселелері бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары студенттерінің арасындағы ұлттық викторинаның екінші кезеңін өткізді. Аталған викторина – мемлекетаралық жобаның ұлттық кезеңі және оны Орталық сайлау комиссиясы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері Парламентаралық Ассамблеясының кеңесімен және Демократияны, парламентаризмді дамыту және ТМД ПАА-ға қатысушы мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарын сақтау мониторингінің халықаралық институтымен бірлесе ұйымдастырып отыр.
Жалпы, бұл іс-шара болашақ сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың бойында сайлау құқықтарын саналы түрде іске асыра алу үшін машықтары мен дағдыларын қалыптастырып, білімдерін жетілдіру мақсатында өткізіледі. Ал екінші турда ұлттық қазылар алқасы пікірталас өткізу дағдыларын бағалау негізінде 10 үміткерден бір жеңімпаз бен екі жүлдегерді анықтады. Сөйтіп бірінші орын қазақ-орыс халықаралық университетінің студенті (Ақтөбе қ.) Роман Есеналинге, екінші орын Каспий қоғамдық университетінің студенті (Алматы қ.) Руслан Букеновке және үшінші орын Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті (Түркістан қ.) Гүлназ Серікқалиеваға бұйырды.
Енді ұлттық викторинаның шарттарына сәйкес бірінші орын алған жеңімпаз биылғы жылдың қыркүйегінде ТМД елдерінің құрама командасы сапында Санкт-Петербург қаласында өтетін халықаралық ғылыми пікірталастарға қатысады. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина өзінің құттықтау сөзінде атап өткендей, Жастар жылында өткізіліп отырған викторинада студенттердің белсенділік танытуы – дәл осы сайлау алдындағы кезеңде біздің жас ұрпақтың сайлау процестеріне саналы көзқарасы мен сайлау заңнамасына деген қызығушылығының үлгісі.
Қазылар алқасының құрамындағы Білім және ғылым министрлігінің өкілі К.Әбуова, ғылыми сараптау қоғамдастығынан – М.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ қылмыстық сот төрелігі және ғылыми-құқықтық сараптау мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының жетекшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор М.Қоғамов, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Е.Нұрпейісов викторинаны бағалап, қорытынды шығарды.