• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2019

Сенім – ең күшті қару

1060 рет
көрсетілді

Терапия түрлері көп. Әркім өзіне тиімдісін таңдайтын терапия ішінде «арт» деп аталатын музыкамен, суретпен, бимен, жалпы өнермен емделетін түріне, әсіресе балалар үйір келеді. Ауруы жанына батып, меңдеген сырқаты көздеріне мұң ұялатып тұрса да, жүрегінен әлі де болса қуаныш тапқысы келетін балдырғандар күлкі, қуаныш арқылы діңкелеткен дертін жеңіп, айығып шығуға мүмкіндігі мол екенін түйсігімен сезеді.

Кіп-кішкентай балалардың, тіпті кейбірінің дүние есігін ашпай жатып та ауыр дертке шалдығып, басына түскен тағдыр сынағын үлкендерше мойымай көтеріп келе жатқан мықтылығын ерлікке баламасқа амалың жоқ. Ұлы философтардың бірі Бер­тольд Брехт те «Өнердің барлық түрі ең ұлы өнерге – жер бетінде өмір сүру өнеріне қызмет етеді» деп бекер айтпаса керек. Бірнеше рет химиятерапиядан өтіп, ауыр уколдар мен таблеткалар­дан жүрегі әбден шайлықса да, өмірдің бір күндік жарық сәулесі үшін шыдамдылық танытып, қабылдауға тиіс екенін титтей зердесімен түйсінетін балдырғандардың әр күні үміт пен сенімге, күдік пен күреске толы.

М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театрының сахнасында қойылған қазақстандық сазгер Юлия Лебедеваның «Музыканың арғы жағында» деп аталатын музыкалық ертегі спектаклінің басты ерекшелігі – рөлдерде жас актерлер ойнайды. Бұл ба­лалардың әрқайсысы дерлік онкология дертіне шалдығып, ұзақ әрі ауыр күрес жолын жүріп өткен. Кейбір балалардың әлі емделіп жүргенін ескерсек, бұл жобаның қаншалықты қымбат әрі қажет екенін бағамдауға болады.

Драма театрының сахнасында өткен спектакльдегі бас­ты рөлдердің бірін баршаға есімі танымал жас орындаушы Данэлия Төлешова ойнады. Ол қайырымдылық жобасына қатыса отырып, күрделі аурулармен күресуге мәжбүр болған бала­ларға қолдау көрсеткісі келетінін айтты.

«Шығармашылық қанаты­мен» жобасының авторы, «Ғы­лыми-медициналық қоғам» қо­ғамдық бірлестігінің төрағасы Сурия Есентаева:

– Біздің бірлестікті 2013 жыл­дың соңында тәжірибелі дәрі­герлер құрды. Білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларымен қатар, біз әлеуметтік жобалармен де айналысамыз. Осы жұмысты атқара жүріп, біз онкологиялық аурулармен күресу аса күшті рухты және күш-қуатты қажет ететінін, ал осы ауруға тап болған отбасы мүшелері психологиялық және моралдық қолдауға зәру екенін түсіндік,– дейді.

2017 жылы «Ғылыми-меди­циналық қоғам» бірлестігі «Шы­­ғармашылық қанатымен» атты жобаны іске қосқалы бері Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығының науқастарын актерлік шебер­лікке, декорациялар мен кос­тюмдер жасауға, жалпы театр өнеріне баулып келеді. Жобаның бірінші жылының қорытындысы бойын­ша М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театры­ның сахнасында «Мөлдір құдық» атты музыкалық ертегі қойылған еді. Онкологиялық ауруға шалдыққан балалар актер ретінде рөл сомдап, билеттерді сатудан түскен бүкіл қаржы олар­дың емін жалғастыруға ба­ғыт­талды. 2018 жылы Астана­дағы Елшілер жұбайлары дип­ломатиялық клубының «ASA» қайырымдылық комите­ті­нің қолдауымен Алматы қала­сын­дағы Оқушылар сарайын­да «Батыр вакцина» атты спек­такль қойылып, онда тағы да кішкентай науқас балалар рөл­дерде ойнаған болатын. Екі спектакль де науқастардың тарапынан жылы қабылданып, оған қатысу балалардың жалпы хал-ахуалына оңынан әсер етіп, емделу нәтижесінің жақсара түскені байқалған-ды.

Балалар онкологиясында басталған осы игі бастама, енді міне, Юлия Лебедева жазған «Му­зыканың арғы жағында» деп аталатын музыкалық ерте­гісімен жалғасын тауып отыр. Бұған Мәдениет және спорт министрлігі де қолдау көрсетіп, спектакльдің тұсаукесері үшін М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театрының сахнасын, ал репетиция жасау үшін Ғ.Мү­сірепов атындағы Балалар және жасөспірімдер театрының сахнасын ұсынды. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі де музыкалық ертегінің тұсаукесеріне өз қолдауын білдірді.

Жобаның көркемдік жетек­шісі Нұрия Қожамұратова: «Ұзақ әрі күрделі емнен өткен балаларды оңалту және әлеуметтендіру біржолғы іс емес, оны тұрақты түрде жүргізіп тұру қажет. Қа­зір­гі таңда біз балаларға ак­тер­лік шеберлікті үйрететін «Шы­ғармашылық қанатымен» атты шағын арт-терапия студиясын аштық. Театр – көпқырлы өнер, оған бейнелеу өнері, музыка, модельдеу, актерлік шеберлік, би сынды өнер түрлері кіреді. Күрделі және сирек ауруларға шалдыққан балаларға арналған арт-терапиялық жобамызды толығымен жүзеге асыру үшін әрбір бала мен ересекке (ба­ла­лардың ата-аналары және онко­логияға шалдыққан ересек нау­қастарға) өздерінің жүрегіне жақын шығармашылық бағытты таңдауға мүмкіндік беретін Арт-терапия орталығын барлық аймақта құру қажет», дейді.

Сондай-ақ театрда ұйымдас­тырылған балалардың сурет көрмесінің де айтары мол. Қол ұстасып күлімдеген ата-анасын, шаттыққа бөленген бауырларын, ынтымақты достарын, әдемі әрі еңселі туған үйін қызылды-жасыл ашық түспен бейнелеген балалар өмірдің жарқын, ғажап, қымбат екенін бәрімізден гөрі жақсырақ сезетінін бояу тілімен барынша ұғындырған.

Онкологияны жеңген балалар сахнада рөл ойнау арқылы әлі емделіп жүрген, моралдық қана емес, материалдық көмекке де мұқтаж балаларға қолұшын созып, үміт пен өнердің ажалды жеңіп шығар күші барына сен­діріп отыр. Ал сенім – ең күшті қару.

АЛМАТЫ