• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2019

Өтілі көп оқырман

883 рет
көрсетілді

Некібаевтар отбасы ұстаздар әу­ле­тінен. Бұл саладағы жалпы жұ­мыс өтілі 200 жылға жуық. Кеудесі мем­лекеттік марапаттарға толы Қо­жатай ақсақал саналы ғұмы­рын халық ағарту ісіне арнаған. Оның ғибратты еңбек жолын 3 баласы, 2 келіні, 4 не­мересі жалғастырып келеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда түбіт мұртты бозбала әскер қатарына алынып, 13-ші дивизияның 48-ші кавале­риялық полкі құрамында Еуропаның көптеген қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Есте сақтау қабілетінің мық­­тылығы сон­ша­лық, әлі күнге дейін қанды шайқастардың ұсақ-түйегіне дейін ұмытпаған.Туған жер­ге оралғаннан кейін Орман орта ме­ктебіне мұғалім бо­лып орналасып, зей­нетке шыққанша жарты мыңға жу­ық шәкіртті қанат­тан­дырып ұшырған.

– Балам, көп жасаудың сырын сұрап жатырсың ғой. Міне, 95-ті алқымдап қалдым. Құлағымның ептеп мүкістігі болмаса жүріп-тұрудан қала қойған жоқпын. Жаңа ғана Архан ауылынан келген бетім. Газет-кітапты көзілдіріксіз оқи беремін. Жеті айлығымда шала туыппын. Әке-шешем түлкі тымаққа салып асырапты. Жеті жасқа келгенше жиі ауырып, одан кейін доғдырға қаралған емеспін. Жал­ған дүниенің қызығын да, шыжығын да бас­тан өткердім. Бұл да Алланың маңдайға жазғаны шығар, – дейді атадан балаға мирас болып келе жатқан ізгі қасиет-дәстүрлерді ұрпақтарының бойына ұялата білген қария. Парасаттылық пен сыйластықты серік еткен әулеттің «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында өңірлік жеңімпаз атануының бір сыры осында жатса керек.

Айша әжей екеуі бір шаңырақ астында 70 жыл түтін түтетіп, он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан 25 немере, 21 шөбере сүйген. Жуырда құдай қосқан өмірлік қосағынан мәңгілікке айрылып, көңілі құлазып, шөгіңкіреп қалыпты. Қиын-қыстау жылдары жұптары жазылмастан еңбек еткен, шәй деспеген.

– Балаларым шетінен өнерлі, ән айтады, музыкалық аспаптарда ойнайды. Немере-шөберелерімнің бәрі ыстық. Бахтиярым – елге әйгілі велошабандоз. Олимпиадаға барды. Әдемі қартая білгенге не жетсін! Шаршамай-шалдықпай осы күнге жеткеніме шүкіршілік деймін. Ме­реке сайын сыйлықтарын әкеліп, құр­меттеп жатады. Ана жолы кәсіподақ атынан Ерік деген балам гауһар тойымызбен құттықтап, сый-сияпатын көрсетіп кетті. Әкесі Есіммен қызметтес болып едім. Ұмыт­п­ағанына ризамын. Ең бастысы, кө­ңіл ғой, деген қарияның жақсылыққа жаны толқып, жанары жасаурағандай болды.

Табаны күректей 32 жыл бойы бір мектепте жұмыс істеген ардагер ұстаздың ағаштан түйін түйетін шеберлігі мен суретшілігі өз алдына. Ал шартты атауға ие «Ата мұра» жинағының тарихы тіпті қызық, таңғалдырады. Балаларының айтуларына қарағанда әкесі 1949 жылдан бері «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») басылымын жаздырып алады екен. Содан бері тұрақты оқырманы. Ауылдан қалаға көшкенге дейін газеттің том-том тігінділері үйдің шатырында мұқият сақталыпты. «Егеменнің» бетте­рінде жарық көрген мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді, ойшылдардың нақылдарын маржандай жазуымен ақ қағазға жүйелі түрде көшіріп отырған. 600 беттік «жиған-тергенін» топтастырып, түптеп, мұқаба жасап, ауыз әдебиеті, өлеңдер, термелер, үзінді-цитаталар, билер сөзі, естеліктер секілді әр жанрға салалап, салмағы зіл батпан «кітап» етіп құрастырып шығарған. «Өмір деген не?», «Сөз құдіреті» сияқты пәлсәпалық ой-түйіндерге толы тақырыптар да молынан қамтылған. Артта қалған ұрпақтарының бір кәдесіне жарап қалар деген ниетпен ұлы Бағдатқа аманаттап тапсырыпты.

Некібаевтар әулетінің ақылгөйі, абызы жетпіс жылға жуық сырласы, ақылшысы «Егемен» десе, елегізіп, іздеп отырады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы