Жұма, 25 қаңтар 2013 7:09
Жақында Ұлыбритания парламентінің төменгі палатасы елдің бір аймағы саналатын Шотландия парламентіне осы аймақтың тәуелсіздігін анықтауға байланысты референдум өткізуге құқық беретін жарлықты мақұлдады. Енді оны лордтар палатасы мақұлдаса, 2014 жылы Шотландияда референдум өтуі мүмкін.
Жұма, 25 қаңтар 2013 7:09
Жақында Ұлыбритания парламентінің төменгі палатасы елдің бір аймағы саналатын Шотландия парламентіне осы аймақтың тәуелсіздігін анықтауға байланысты референдум өткізуге құқық беретін жарлықты мақұлдады. Енді оны лордтар палатасы мақұлдаса, 2014 жылы Шотландияда референдум өтуі мүмкін.
Тәуелсіздік деген ұлы ұғым. Біреудің қол астында жүрген, ұлттық құқы аяқасты болған елдің, халықтың арманы, әрине, тәуелсіздік. Ал тең құқықта, ортақ игілікті ортақтаса пайдаланып жүрген, жақсылыққа қолдары бірге жетіп жүрген елдердің бір-бірінен бөлінуіне көзқарас әртүрлі. Біреу құптайды, біреу қарсы. Шотландияның Ұлыбританиядан бөлінуі туралы айтқанда, оның құқықтары аяқасты болды, басқадан езгі көрді, кемсітушілікке ұшырады деп кінә қою да қиын. Ұлыбританияға Шотландия, Англия, Уэльс және Солтүстік Ирландия кіреді. Құқықтары бірдей. Және бұл ел әлемдік өркениеттің, оның ішінде дамыған демократияның жарқын мысалы саналады.Енді Шотландия сол елден бөлініп, жеке дербес мемлекет болғысы келеді. Бұл жерде бүкіл Шотландия деуіміз артықтау шығар. Оның халқының бір тобы, біраз саяси күштер десек ләзім. Өйткені, әлеуметтік сауалдама нәтижесіне қарағанда, бөлінуді бұл аймақ халқының 40 пайызы ғана талап етеді, 50 пайызы қарсы, халықтың 10 пайызы әрі-сәрі ойда. Бұл сауалдама шындық жағдайды бейнелесе, референдум бүгін өткен жағдайда, Шотландия Ұлыбританиядан бөлінбейді.Былтырғы жылы Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен Шотландия премьер-министрі Алекс Сэлмонд келісімге қол қойып, «заңды, адал да шешуші референдумның» қағидаттарын белгілеген. Тіпті бұған дейін де, нақты айтқанда, 1997 жылы Шотландия шектеулі автономия алған. Қазір оның өз парламенті, үкіметі бар. Білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, көлік, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы барлық мәселені өз қалауынша шешеді. Сот та, дін де орталықтан тәуелсіз. Бөлінуді қалайтындардың жанына бататыны саяси биліктің және үлкен экономиканың орталыққа қарайтыны.Қазір Шотландия парламенті ұсынған адамды Ұлыбритания Құрама Корольдігінің королевасы тағайындайды. Қазіргі премьер А.Сэлмонд және оның Ұлттық партиясы дербес болайық, бәрін өзіміз шешейік дейді. Бұлар тарихқа жүгінеді. Бір кезде Англия да, Шотландия да жеке корольдіктер болған. Тіпті, олар бір-бірімен талай соғысқан да. Осыдан 300 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1707 жылы екі корольдік қосылып, құрама корольдік деп аталды. Бұлардың қатарына Уэльс, Солтүстік Ирландия қосылып, ұлы держава Ұлыбританияны құрап отыр. Шотландия одан бөлінсе, Еуропадағы шағын мемлекеттің біріне айналады.Рас, Шотландияның жер көлемі әжептәуір 78,8 мың шаршы километр, Ұлыбритания аумағының 32 пайызы, ал халқының саны 5,2 миллион. Ел халқының 8,4 пайызын құрайды. Елдің әлсіздеу дамыған аймағы. Бөлінгенде, қолдары табысқа жетеді деу қиын. Біраз қиындыққа ұшырайтыны да анық. Бөліндің екен, келе ғой, деп әлемдік қоғамдастық елдері құшақ жая жүгіруі екіталай. Ол біраз халықаралық кедергілерден өтеді. Содан соң Еуропа қауымдастығына да енуі қиын. Ал бір мүшесі қарсы болса, Еуроодаққа да кіре алмайды. Жеке мемлекет болған соң, Ұлыбританияның өте беделді ақшасы фунт-стерлингтен шығасың. Ал оның жаңа ақшасын басқалар қабылдар ма екен?Шотландия дербес ел болу үшін оны шешетін референдумға дейін біраз кедергіден өтуге тиіс. Тіпті, одан өткенде де, референдумда халықтың көпшілігі бөлінуді жақтайды дей алмайсың. Халықтың көпшілігі біреулердің желөкпелігіне бола тілі бір, тілегі бір ұлы державаның құрамынан кете қоюы неғайбыл-ау.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».