Заманға бейімделген қыз-келіншектеріміздің құрақ құрауға, текемет басуға, бір қарыс жіпсіз-ақ, жүннен тамаша киім үлгілерін жасауға деген құлшыныстары қайта оянғанын көріп жүрміз. Он саусағынан өнері тамған замандастардың ісмерлігі тәнті болуға тұрарлық. Даралыққа бастайтын бұл өнер талай дарынды абыройға бөлеп, асырап отыр.
Жібек, алтын, күміс түсті жіптермен зерленіп, асыл, табиғи тастармен көмкеріліп жасалатын сутаж өнеріне ден қойған Салтанат бала күнінен өнерге жақын болды. 7-8-сыныпта оқып жүргенде қаладағы туыстарының үйіне қыдырып келіп, ауылды сағынып салатын суреттері әлі жадында. Салтанаттың салған суреттерін көрген немере әпкесі анасына «Қызыңыз суретті жақсы салады екен, дизайн мамандығына оқытқаныңыз жөн», – деп кеңес берген. Ұлттық бірыңғай тестілеуден үріккен сол кезеңдегі талай оқушы сияқты, Салтанат та 9-сыныпты бітіріп, колледжге құжат тапсыруға шешім қабылдайды.
Анасы бұл шешімін құптап, екеуі Алматыға келіп Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне құжат тапсырды. Салтанат өз мамандығын таңдауда қателеспепті, арнайы сурет мектебін бітіріп келген ұл-қыздардан қалмай, «Сәндік театр өнері» мамандығы бойынша колледжді үздік бітіріп шықты. Өз ісіне мығым, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын қазақтың қаршадай қызы бұдан әрі оқуын «Сымбат» сән академиясында жарнама дизайны мамандығы бойынша жалғады.
Қазір Салтанат Амангелдіқызы тұрмыста. Өскен-өнген үлкен әулеттің ибалы келіні. Жұбайы Ерік Дүйсембаев Қазақтың М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында қоюшы-суретші. Салтанат өз мамандығы бойынша емес, ауруханада жұмыс істеп жүрсе де, сүйікті ісін тастамай ел ішінде сутаж деп аталып кеткен қолөнермен айналысып, қыз-келіншектерге арнап түрлі әшекейлер жасап жүр. Жасаған әшекейлері көздің жауын алады. Олардағы түстердің үйлесімі мен талғам нәзіктігі адамды бірден баурайды. «Шебердің қолы ортақ» деген халқымыз дарынды адамның заман ағымына сай түрленген өнердің барлығын меңгере алатынын болжаса керек. Салтанат та заман ағымына сай, жаңа өнер түрін өз күшімен меңгеріп, өз қиялымен әшекейлердің дизайнын тудырады. Оның қолынан шыққан заттар кіп-кішкентай болғанмен, оны жасау үшін темірдей төзім мен иненің көзінен өткендей ыждағаттылық керек екенін аңғару қиын емес. Ендеше, бүгін Салтанаттың шебер қолы мен ұшқыр қиялынан шыққан әшекейлермен танысыңыздар.