Мұндағы мақсат бір – DigiGirlz жаңа технологияларға бейімі бар қыз балалардың қабілетін арттырып, шеберлігін шыңдауды көздейді. Сол секілді IT саласы және нақты ғылымдарды таңдауға жүрегі дауаламай жүрген қаракөздеріміздің көзқарасын өзгертіп, гендерлік теңсіздікті бұзegуға бағытталған.
– Нұр-Сұлтан шаһарында Қазақстандағы алғашқы DigiGirlz High Tech Camp чемпионатын өткізіп отырмыз. Бұл бағдарлама қыз балаларды Stem бағытында, инженерияда, сыни ойлауда, сонымен қоса ұжыммен жұмыс істеуге қолдауға арналған. Қатысушылар Arduino-ның негізінде түрлі құрал-жабдықтарды пайдалана отыра жобаларын жасайды. 14-18 жас аралығындағы үлкен топ – екі күн бойы роботтандырылған қолдың протезін құрастырады, автоматтандырылған қолдың жадында сараптамалық мәліметтер жинақталады. Ал 11-13 жастағы кіші топтың алдында – акула роботына қимылдауға мүмкіндік беретін тетікті және басқару құрылғысын ойлап табу міндеті тұр, – дейді Microsoft Қазақстан білім беру бөлімінің жетекшісі Нұрлан Жәнібек.
Сынға түскен жұмыстардың түгелі дерлік ескерусіз қалмайтынын нақтылады ұйымдастырушылар. Ал «Hewlett Packard Enterprise» компаниясының Қазақстан және Қырғызстан бойынша бас директоры Дана Алтыбаева елдегі әрбір екінші әйел адам IT саланы таңдауға жасқанатынын айтады. Ол өз мысалында бұл бағытта нәзік жандылардың да табысқа кенелуге болатынын келтіріп, жастарды жаңа бағытта мүмкіндіктерін пысықтауға шақырды. Ресми статистика бойынша цифрлы технологиялармен өз келешегін көбінесе ұл балалар байланыстырады екен. Қыз балалардың үлес салмағы тек – 10%. Бұл жаһандық тренд.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»