Қазақстан Республикасы кезектен тыс Президент сайлауына шығысқазақстандықтар белсенді қатысып жатыр. Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Елдар Төлеубековтің айтуынша, өңірде 1040 сайлау учаскесі құрылған. «Сайлау комиссиялары мүшелерінің саны - 6770. Олар өздерінің жұмыстарын бастап кетті. Ал дауыс берушілердің жалпы саны миллионға жуық. Қазіргі, сағат 10-дағы жағдай бойынша айтар болсақ, шамамен облыс тұрғындарының 15,5 проценті дауыс берді. Бұл ретте Бесқарағай, Глубокое, Катонқарағай, Абай аудандары белсенділік танытуда» дейді ол.
Ал облыс орталығы – Өскемен қаласында 120 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. «Бұл сайлау учаскелеріне 244 667 сайлаушы тіркелген. 8000-ға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бүгін үйде дауыс беру мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі уақытта қалада Қазақстанның 112 тәуелсіз бақылаушылары, сондай-ақ ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ және басқа да ұйымдардың халықаралық бақылаушылары миссиялары жұмыс істейді. Сайлау учаскелерінің жұмысы үзіліссіз сағат 20: 00-ге дейін жалғасады» дейді Өскемен аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Фархад Құрманов.
ӨСКЕМЕН