Бүгінгінің бүлкілі, бүкіл ел құлақ түрген жер-жердегі дауыс беру процесі туралы елордадағы Орталық сайлау комиссиясынан хабар таратылды. Сайлау сағаты соғып тұрған осы күннің әр сәті сайлаушылардың белсенділігімен өлшенді. Мемлекет іргесінің мығымдығы мен халқының біртұтастығының көрінісіндей Қазақстан картасы бейнеленген экранда өңірлердегі сайлау барысы кезең-кезеңімен назарға ұсынылды.
7.15. – Сайлау учаскелерінің есігі айқара ашылды. Кеше Қазақстандағы Президент сайлауы жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06.00-де басталды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сайлау учаскелерінің сайлаушыларды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 8-бабы 1-тармағына сәйкес Президент сайлауы уақтылы басталды.
Аталған заңнама бойынша сайлау комиссиялары дауыс беру басталмастан бір сағат бұрын учаскелерді ашуға кірісті. Сол сияқты дауыс беру кезеңіне 30 минут қалғанда сайлау комиссияларының төрағалары комиссия мүшелерінің қатысуымен дауыс беру жәшіктерінде бюллетеньдердің бар-жоғын қарап, оның бүтіндігін тексеріп, жәшіктерді дауыс беру үшін бекітіп, мөрлеп қойды. Сайлау учаскелерінің төрағалары бюллетеньдерді сайлаушыларға беретін комиссия мүшелерін де айқындайды. «Осылайша түскен ақпараттарға сәйкес Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 07.00-де 8 023 учаскеде дауыс беру басталды. Дауыс беруге кіріскен учаскелердің ішінде 48 сайлау учаскесі сәйкесінше аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен дауыс беруге сағат 06-00-ден бастап кірісті. Аталған учаскелерді сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың саны 9 627 073 адамды құрады», деді төраға орынбасары. Ал басқа сағат белдеуінде жатқан 4 өңірде дауыс беру Нұр-Сұлтан уақытынан бір сағат кейін басталды. Олар – Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары.
8.15. – Дауыс беру қарқын алды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина таңертеңгі сағат 8.00-де еліміз аймақтарындағы барлық учаскелерде дауыс беру қарқын алғанын жеткізді. Бұл кездегі аймақтар ұсынған ақпарат бойынша 9920 сайлау учаскесі дауыс беру рәсімін бастады. Оның ішінде шетелдегі 15 мемлекеттің ішінде 17 сайлау учаскесі бар. Олар – Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Малайзия, Моңғолия, Сингапур, Тайланд, Индонезия, Қырғызстан, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан. Ал жалпы тізімге енген сайлаушылар саны 11 947 995 болған. Оның айтуынша, учаскелік сайлау комиссиялары есептен шығару куәлігін 35 951 адамға берген. Бұл есептен шығару куәліктерін алған сайлаушылар кез келген басқа сайлау учаскесінде жеке куәлігі мен есептен шығару куәлігін көрсету арқылы дауыс бере алады.
Түсінікті болу үшін айта кетер бір жайт, бұдан бұрын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің өзге кестесін айқындау мәселесі қаралған еді. Сонда аумақтық сайлау комиссиялары кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру уақытын таңғы сағат 06.00-ден бастап белгілеу туралы заңнамаға сәйкес қабылданған шешімдер туралы баяндалған. Осыған сәйкес 48 сайлау учаскесі жергілікті уақытпен таңғы 7-де емес, 06.00-де ашылды. Ал әскери бөлiмдерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында құрылған сайлау учаскелерінде егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады.
Осылайша сайлау күні еліміз және шетелдерде 9967 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болды. Барлық деңгейдегі сайлау органдары дауыс беру күні барлық сайлау рәсімдерін қатаң сақтауға тиіс. Бұл орайда дауыс беру құпиясы қамтамасыз етіледі. Ал дауыстарды санау процедурасы барынша ашық жүргізіліп, алдын ала дауыс беру қорытындылары қысқа мерзімде жарияланады.
10.00. – Ақмолалық сайлаушылар таңертеңнен ерте қамданды. Осы уақытқа дейін дауыс беруге келген елдегі сайлаушылар туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Ихданов айтып берді. Оның айтуынша, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сәйкес 2019 жылғы 9 маусым сағат 10.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 12,8%-ы сайлау бюллетеньдерін алған. Олардың ішінде: Ақмола облысы бойынша – 20,5%; Ақтөбе облысы бойынша – 16,0%; Алматы облысы бойынша – 17,7%; Атырау облысы бойынша – 8,5%; Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 15,5%; Жамбыл облысы бойынша – 18,5%; Батыс Қазақстан облысы бойынша – 7,4%; Қарағанды облысы бойынша – 10,1%; Қызылорда облысы бойынша – 11,1%; Қостанай облысы бойынша – 12,8%; Маңғыстау облысы бойынша – 9,7%; Павлодар облысы бойынша – 11,4%; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 14,2%; Түркістан облысы бойынша – 14,5%; Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 10,3%; Алматы қаласы бойынша – 4,1 % және Шымкент қаласы бойынша – 11,9%. Бұл көрсеткіш бойынша Ақмола облысы көш бастады.
12.00. – Ақтөбе облысы алға шықты. Араға екі сағат салып Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлеймен 12.00.-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 35,1%-ы сайлауға қатысқанын хабарлады. Олардың ішінде: Ақмола облысы бойынша – 45,9%; Ақтөбе облысы бойынша – 50,3%; Алматы облысы бойынша – 47,3%; Атырау облысы бойынша – 33,5%; Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 44,8%; Жамбыл облысы бойынша – 43,7%; Батыс Қазақстан облысы бойынша – 26,1%; Қарағанды облысы бойынша – 29,6%; Қызылорда облысы бойынша – 39,3%; Қостанай облысы бойынша – 35,5%; Маңғыстау облысы бойынша – 29,3%; Павлодар облысы бойынша – 36,0%; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 33,9%; Түркістан облысы бойынша – 30%; Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 24,6%; Алматы қаласы бойынша – 19,0% және Шымкент қаласы бойынша – 24,6% халық дауыс берген.
12.15. – Үгіт-насихат жүргізуге жол берілмейді. Бұдан кейін сөз алған Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев сайлау күні жүргізілген кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынатынын айтты. Бұл үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 102-бабы бойынша жеке тұлғалар үшін 15 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғалар үшін 30 айлық есептік көрсеткіш айыппұл белгіленген. Дегенмен, мұндай тыйымдарға қарамастан кейбір азаматтар жасырын түрде үгіт жүргізуде. Кейбір азаматтар дауыс берген бюллетеньдерін суретке түсіріп, өздерінің кімге дауыс бергендерін жариялауда. Бұл да үгіттің бір түрі. Сондай-ақ комиссия отырыстарының қаулыларын жариялау да кездесіп қалуда. Бұл да болса жасырын түрде үгіт жүргізудің кепілі.
«Аталған қаулы сайлау аяқталған соң көрнекті жерге ілінсе де оны сайлау барысы толық аяқталмай, яғни 22.00.-ге дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға болмайды. Сондықтан сайлау барысында Сайлау туралы заңдағы бар талаптар мүлтіксіз сақталуы тиіс. Өйткені осындай кез келген фактілер бойынша тексеріс жүргізіліп, шара қолданылады. Жалпы дауыс беру күнінде барлық өтініштер дереу қаралады. Ал тұтастай алғанда елдегі жағдай бойынша дауыс беру тыныш өтіп жатыр. Жаппай дауыс беру кезінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу көрініс алмаған», деді Б.Дембаев. Осылайша прокуратура өкілі сайлау кезінде жасырын үгіт-насихат жүргізуге жол берілмейтіндігін ескертті.
14.00. – Дауыс бергендер 51,8%-ды құрады. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдина облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сәйкес 14.00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 51,8%-ы сайлау бюллетеньдерін алғанын жеткізді. Олардың ішінде: Ақмола облысы бойынша – 56,7%; Ақтөбе облысы бойынша – 69,4%; Алматы облысы бойынша – 63,0%; Атырау облысы бойынша – 45,4%; Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 59,8%; Жамбыл облысы бойынша – 56,3%; Батыс Қазақстан облысы бойынша – 40,9%; Қарағанды облысы бойынша – 49,7%; Қызылорда облысы бойынша – 63,1%; Қостанай облысы бойынша – 55,8%; Маңғыстау облысы бойынша – 52,4%; Павлодар облысы бойынша – 45,9%; Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 53,6%; Түркістан облысы бойынша – 49,3%; Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 37,6%; Алматы қаласы бойынша – 37,0%; Шымкент қаласы бойынша 40,5% болды. Бұл уақытта Ақтөбе облысы көш басындағы орнын сақтап қалды.
15.00. – Қоғамдық тәртіп қатаң қадағалануда. Арада бір сағат өткенде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев сайлау кезіндегі қоғамдық тәртіптің қадағалануы жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, Сайлау туралы заңға сәйкес құқық қорғау органдары сайлау кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Осыған байланысты биыл 7-11 маусым аралығында ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген кестеде жұмыс істеуде. Сондай-ақ осы бағытта әкімшілік және мемлекеттік органдармен бірлесіп, арнайы штабтар құрылды. Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті 10 мың полиция қызметкері және Ұлттық ұлан әскері қамтамасыз етуде. Сайлау учаскелерін уақтылы бақылау үшін әрбір қалалық, аудандық органдарда мобильді жедел тергеу топтары құрылды. Олардың құрамына прокуратура қызметкерлері де кірді. Азаматтар мен сайлау комиссияларының кез келген арыздары бойынша ішкі істер органдары дер кезінде жауап қату үшін шаралар қабылдап жатыр. Жалпы сағат 15.00-ге дейінгі сайлау учаскелеріндегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзушылық фактілері тіркелген жоқ. Сайлау комиссияларына арыздар келіп түспеді. Тек сайлау жәшігін бүлдірген бір-екі оқиғаларға қатысты тексеру шаралары жүргізілген.
16.00. – Сайлаушылардың белсенділігі артты. Сайлау күні сағат 16.00-ге дейін еліміз бойынша сайлаушылардың 65,9%-ы сайлауға қатысты. Бұл туралы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссияларының ұсынған мәліметтеріне сүйеніп, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлеймен хабарлады. Нақтырақ айтқанда, осы уақытқа дейін Ақмола облысында – 75,1%; Ақтөбе облысында – 79,7%; Алматы облысында – 78,9%; Атырау облысында – 64,9%; Шығыс Қазақстан облысында – 69,8%; Жамбыл облысында – 71,8%; Батыс Қазақстан облысында – 59,8%; Қарағанды облысында – 63,1%; Қызылорда облысында – 64,5%; Қостанай облысында – 69,7%; Маңғыстау облысында – 60,3%; Павлодар облысында – 67,9%; Солтүстік Қазақстан облысында – 68,3%; Түркістан облысында – 70%; Нұр-Сұлтан қаласында – 49,6%; Алматы қаласында – 45,7% және Шымкент қаласында 55,6% сайлаушы сайлау учаскелеріне келген.
18.00. – Алматы облысы – бірінші орында. Сағат тілі 18.00-ді көрсеткенге дейінгі дерек бойынша еліміздегі сайлаушылардың 72,9 пайызы өз таңдауларын жасады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов мәлімдеді. Олардың ішінде Ақмола облысы бойынша – 81%, Ақтөбе облысы бойынша – 84,1%, Алматы облысы бойынша – 86,3%, Атырау облысы бойынша – 71,1%, Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 77,2%, Жамбыл облысы бойынша – 73,8%, Батыс Қазақстан облысы бойынша – 66,2%, Қарағанды облысы бойынша – 72,8%, Қызылорда облысы бойынша – 69,1%, Қостанай облысы бойынша – 81,1%, Маңғыстау облысы бойынша – 65,7%, Павлодар облысы бойынша – 73,1%, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 75,7%, Түркістан облысы бойынша – 78,8%, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша – 63,7%, Алматы қаласы бойынша – 49,2%, Шымкент қаласы бойынша 63,6% тіркелген адам сайлауға келді.
19.00. – Шетелдерде 8 мыңнан аса қазақстандық дауыс берді. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко баяндады. Оның айтуынша, биылғы 9 маусымдағы деректерге сәйкес шетелдегі сайлаушылар тізіміне 15 349 азамат тіркелген. 12 учаскеде Қазақстанның қоғамдық бірлестіктері мен коммерциялық ұйымдарынан және ТМД миссиясынан 35 байқаушы қатысып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 19.00.-де шетелдерде 8322 қазақстандық дауыс берді. Бұл шетелдегі тізімге енген сайлаушылардың 54,2 пайызын құрайды. Сонымен қатар вице-министр уақыт айырмашылығына байланысты Азияда орналасқан сайлау учаскелері жұмыстарын аяқтап, дауыстарды санауға кіріскенін айтты. Нұр-Сұлтан уақытымен 17.00.-де Вашингтон, Нью-Йорк және Оттавадағы сайлау учаскелері соңғы болып ашылды. Дауыс беру қорытындысы шығарылғаннан кейін түпнұсқа құжаттарды Есіл аудандық сайлау комиссиясына жедел жеткізу Сыртқы істер министрлігіне тапсырылады.
20.00. – Еліміздің 12 өңірінде дауыс беру аяқталды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 38-бабы 1-тармағына сәйкес президент сайлауында дауыс беру сайлау күнінде жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00.-ге дейін өткізіледі. Тек Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша дауыс беру батыстың төрт өңірінде және Қызылорда облысындағы 1 899 учаскеде сағат 21.00-де бітеді. Сонымен қатар 40 елдегі 51 шетелдік учаскеде дауыс беру жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина мәлімдеді. Өңірлерден жеткен дерек бойынша сайлаушылардың 77%-ы сайлау бюллетеньдерін алды. Олардың ішінде Ақмола облысында – 83%, Ақтөбе облысында – 84,6%, Алматы облысында – 89%, Атырау облысында – 71,2%, Шығыс Қазақстан облысында – 84,5%, Жамбыл облысында – 81,3%, Батыс Қазақстан облысында – 66,2%, Қарағанды облысында – 77,1%, Қызылорда облысында – 77,6%, Қостанай облысында – 84%, Маңғыстау облысында – 68,3%, Павлодар облысында – 79,5%, Солтүстік Қазақстан облысында – 79,8%, Түркістан облысында – 84,8%, Нұр-Сұлтан қаласында – 68,3%, Алматы қаласында – 52,2%, Шымкент қаласында 67,1% дауыс берілген.
20.30. – Өрескел құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Сайлау учаскелеріндегі жағдай қалыпты, дегенмен сайлау заңнамасын бұзудың 19 фактісі анықталған. Бұл туралы еліміздің Бас прокуратурасы Қоғамдық мүддені қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді. Атап айтқанда, бірнеше бюллентень беру әрекеті бойынша 12 іс, екі немесе одан көп бюллетень салудың, басқа сайлаушы үшін дауыс берудің 6 фактісі бойынша іс қозғалды. Заң бұзушылыққа жол берген комиссия мүшелері жұмыстарынан шеттетілді. Мысалы, Қызылорда қаласындағы 251 сайлау уческесінде бір сайлаушыға 5 бюллетень берілгені тіркелді. Оған 110-бап бойынша әкімшілік іс қозғалып, 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, екі-үш бюллетень беру фактісі бойынша Алматы қаласында, Алматы, Түркістан облыстарында, елордада екі учаскеде прокурорлар 108-баппен іс қозғады.
22.00. – Қазақстандағы сайлаушылардың 77,4 %-ы сайлауға қатысты. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлеймен еліміздің барлық өңірінде дауыс беру процесі аяқталып, сайлау комиссияларының мүшелері дауыстарды санауға кіріскенін хабарлады. Жалпы бұл сайлауда еліміз бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 77,4%-ы дауыс берді. Олардың ішінде Ақмола облысында – 83,4%, Ақтөбе облысында – 84,9%, Алматы облысында 89%, Атырау облысында – 71,2% Шығыс Қазақстан облысында – 84,9%, Жамбыл облысында – 81,3%, Батыс Қазақстан облысында – 66,3%, Қарағанды облысында – 77,3%, Қызылорда облысында – 81,6%, Қостанай облысында – 84,1%, Маңғыстау облысында – 68,9%, Павлодар облысында – 81,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 79,8%, Түркістан облысында – 84,8%, Нұр-Сұлтан қаласында – 68,9%, Алматы қаласында – 52,2%, Шымкент қаласында 67,6% халық дауыс берді.
Енді дауыстарды санаудың нәтижесі сайлау біткеннен кейін 12 сағаттың ішінде белгілі болады.
Александр ТАСБОЛАТ, Орынбек ӨТЕМҰРАТ, «Egemen Qazaqstan»