Биылғы жарысқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейман ретінде қатысып, балуандарға қолдау білдіруге арнайы келді. Ал жарыстың ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ұлттық спорт жанашыры, кәсіпкер Оралбек Ботбаев, «ORDA INVEST» корпорациясының басқарма төрағасы Шалқарбек Талипов жəне «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға жеңіс, жанкүйер қауымға естен кетпес жақсы əсер тіледі. Сондай-ақ шын мықты балуанның жеңіске жетуіне тілектестіктерін білдірді. Бозкілемде бір-бірімен иық тіресіп, күреске түсуге асығып тұрған балуандарға əйгілі балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ақ тілегін арнап, батасын берді.
Турнирге еліміздің əрбір аймағында ұйымдастырған іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен таңдаулы балуандар қатысқан соң бозкілем үсті тосын жеңістерге, жан алысып, жан беріскен белдесулерге де толы болды. Әдетте «Қазақстан барысы» турнирінің белдесулері ширек финалдан бастап қыза түсетін. Өйткені алғашқы айналымдарда балуандар бір-бірін аңдысып, тәуекелге бармай, байыппен, аса бір сақтықпен күресетін. Ал бұл жылы мүлде басқаша болды. Балуандар салған жерден қарсыластарын алып та, шалып та жығуға ұмтылды. Мысалы, жарыстың екінші айналымында қатарынан төрт кездесу мерзімінен бұрын аяқталып, балуандар таза жеңіске жетті. Тіпті алматылық Руслан Әбдіразақов Атырау облысының балуаны Бекболат Салықовты небәрі 14 секундта таза әдіспен жеңіп кетті.
Ширек финалдағы аса қызықты һəм тартысты өткен белдесудің бірі 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров пен 2014 жылғы «Қазақстан барысы» атанған Мұхит Тұрсынов арасында өтті. Бұған дейін бозкілем үстінде талай рет белдесіп, бір-бірінің қыр-сырын әбден меңгеріп алған қос балуан арасындағы белдесуде екеуі екі минутқа жуық бір-бірінен сақтанып, əдіс жасауға асықпады. Дегенмен, белдесудің орта тұсынан ауғанда Айбек Нұғымаров бүк ұпай иеленіп, Мұхит Тұрсыновты жарыс жолынан шығарып жіберді.
Ширек финалдағы тағы бір маңызды белдесу алматылық Руслан Әбдіразақов пен қызылордалық Мақсат Исағабылов арасында өтті. Екі балуан да ширек финалға дейін қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп келген-ді. Алғашқы екі минуттың ішінде Р.Әбдіразақов жамбас ұпайын иеленіп, жартылай финалға бір табан жақындай түсті. Ал бəсекенің соңында таза жеңіспен жартылай финалға жолдама алды. Сондай-ақ ¼ финалдық бәсекеде елордалық Айбат Сейтен маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповты таза әдіспен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алса, шығыстың шымыр балуаны Ерасыл Қажыбаев қостанайлық Ғабит Балғынбаевтан айласын асырып кетті.
Сонымен жанкүйер қауым асыға күткен жартылай финал белдесулеріне де кезек келді. Алдымен кілемге дзюдо күресінен ұлттық құрама сапында талай додада атой салып, ел мерейін асырып жүрген Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Ерасыл Қажыбаев пен «Қазақстан барысы» турниріне бірнеше жыл қатысып, үлкен тəжірибе жинақтаған Нұр-Сұлтан қаласының балуаны Айбат Сейтен шықты. Белдесудің аяқталуына 52 секунд қалғанда Қажыбаев таза жеңіспен турнирдің финалына шықты.
Ал екінші жартылай финалдық жұпта «Қазақстан барысы» турнирінің 2013 жылғы жеңімпазы Айбек Нұғымаров пен 2015 жылғы күміс жүлдегер Руслан Әбдіразақов күш сынасты. Өте тартысты өткен бұл белдесуде Руслан екі минут бойы бір жартылай жеңіспен алда тұрған еді. Алайда Айбек соңғы сәтте қарсыласынан жеңісті жұлып алды.
2019 жылғы «Қазақстан барысын» анықтайтын шешуші сайыстың алдында жүлде берілетін үшінші орын үшін белдесу өтті. Нұр-Сұлтан қаласының балуаны Айбек Сейтен мен Алматы қаласының арланы Руслан Әбдіразақов арасындағы жекпе-жекте көп жылдық тəжірибе өз сөзін айтты. Мықтылар белдесуінде Руслан Әбдіразақов екінші рет «Қазақстан барысының» қола жүлдесін иеленді. Ол бұған дейін 2014 жылғы додада үшінші орын олжалаған болатын.
Сонымен қазақ күресінен ең мықты, ең күшті балуанды анықтайтын сəт те келіп жетті. Алты сағатқа созылған айтулы бәсекенің финалына турнирде бір деммен күресіп, өзінің бабында екендігін тек былтыр емес, биыл да кілем үстінде дәлелдеген «Қазақстан барысы» турнирінің былтырғы финалисі Ерасыл Қажыбаев пен 2013 жылғы «Қазақстан барысы» жарысының жеңімпазы Айбек Нұғымаров шықты. Білекті балуандардың арасындағы финалдық белдесудің алғашқы минутында шығысқазақстандық Ерасыл Қажыбаев белсенді қимылдап, ә дегеннен-ақ алғашқы ұпайды еншілеп үлгерді. Бірақ Айбек Нұғымаров финалға тегіннен- тегін шықпағанын дәлелдеп, жамбас ұпайымен таразы басын өзіне аударды. Арада көп уақыт өтпей Ерасыл да әдіс жасап, жамбас ұпайға қол жеткізіп, есепті теңестірген-ді. Десе де, барлық күшін сарқып алған ол соңғы сәтте қарсыласына есе жіберіп қойды. Тағы да жамбас ұпайын олжалаған Айбек Нұғымаров екінші рет «Қазақстан барысы» турнирінде топ жарды. Ал жарысқа екінші рет қатысып, екінші рет финалда жеңілген Ерасыл Қажыбаев екінші рет «Күміс белбеу» иегері атанды.
«Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау шарасына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Халықаралық қазақ күресінің президенті Қанат Бозымбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев қатысты. 2019 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаровтың беліне «Алтын белбеуді» Арыстанбек Мұхамедиұлы байлады. Сонымен қатар шығысқазақстандық балуанға «Алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Балуанның бапкері де құралақан қалған жоқ, чемпионның жаттықтырушысы 3,5 миллион теңге сыйақыға ие болды. Бұдан бөлек, турнирде күміс жүлдегер атанған Ерасыл Қажыбаевқа «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге сыйлық тапсырылды. Ал оның бапкері 1,8 миллион теңге иеленді. Ал үшінші орын иеленген Руслан Әбдіразақовқа 1,8 миллион теңге, бапкеріне 900 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Қорыта айтқанда, «Қазақстан барысы» турнирі жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Биыл да солай болды. Оны «Барыс Арена» мұз сарайына балуандарға тапжылмай отырып жанкүйер болған көрермен санынан-ақ байқауға болады. «Қазақстан барысы» турнирі келесі жылы өзінің он жылдығын тойлайды. Ұйымдастырушы тарап, онжылдыққа байланысты келесі жылы жарыстың іріктеу кезеңіне өзгеріс енгізетіндіктерін айтты. Өзгеріс турнирдің көркін қыздырмаса, кемітпейтіні сөзсіз.