• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Маусым, 2019

Бельгияға қарсы дәрмен қайда!

287 рет
көрсетілді

Қазақстан ұлттық құрамасы футболдан 2020 жылғы Еуропа чем­пиона­тының іріктеу кезеңінің үшінші тур ойынын сырт алаң­да өткі­зіп, Бельгия құрамасына есе жіберді. Брюссельдегі «Руа Бодуэн» ста­дионында өткен матчта алаң иелері қақпа­мызға жауап­­сыз үш гол соқты.

Сырт алаңдағы кездесу алдында Қазақстан құрамасы са­пын­­дағы негізгі ойыншылар Юрий Логвиненко, Дмитрий Шом­ко, Бақтияр Зайнутдинов, Азат Нұрғалиев, Александр Меркель жарақат алып, әріптес­теріне кө­мектесе алмады. Әрине бүкіл матч бойы олардың ор­ны ойсырап, құрамада жоқ еке­ні бірден байқалды. Тіпті ал­ғаш­қы екі голдың екеуі де қор­ғаушылардың қателігінен соғылды. Бельгияға қарсы кездесу алдында Михал Билек журналистермен тілдескенде негізгі құрамның бірнеше ойыншысы көмектесе алмағанымен, қалған ойыншыларға сенетінін айтып, «ФИФА рейтингінде көш бастап келе жатқан командамен ойнаймыз. Жасыл алаңға шыққан футболшылар қолдан келгеннің бәрін көрсетеді деп ойлаймын», деген еді. Ұлттық құраманың нау­рыз айында өткізген екі матчы­мен салыстырғанда бұл кездесуде Қазақстан құрамасының ойыншылар тізімінде аса қатты өзгеріс байқала қойған жоқ. Тек ұлттық құрамаға жаңадан шақы­рылған «Қайсар» клубының қор­ғаушысы Александр Марочкин мен ел чем­пионатының соңғы турында гол соғып, көзге түсіп жүрген «Ор­дабасының» шабуылшысы Тоқтар Жаңғылышбайдың бірін­ші минуттан бастап алаңға шыққаны аздап таңдандырды. Қақпаны қорғау әдеттегідей «Орда­басы» қақ­пашысы Дмитрий Непогодовқа сеніп тапсырылса, орталық қор­ғаушы болып «Ордабасының» екі ойыншысы Темірлан Ерланов пен Сергей Малый шықты. Сол­ қапталда Ян Вороговский («Қай­рат»), оң қапталда Абзал Бейсебеков («Астана») орналасты. Ал жартылай қорғаныста Юрий Перцух («Астана»), Исламбек Қуат пен Георгий Жуков («Қайрат») және Максим Федин («Тобыл») ойнады.

Матчтың алғашқы 10 минутында екі құрама да бір-бірін алыс­тан байқасып жүрді. Ал 11-минутта Бельгияның алғашқы қауіпті шабуылы бірден голға айналды. Эден Азардың қапталдан әуелете асырған добына бірінші Дрис Мертенс жетіп, есепті ашты. Арада небәрі үш­ минут өткенде алаң иелері сапынан ­Тимоти Кастанье мергендігімен көз­ге түсіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Кез­­­десу­дің екінші бөлігінде бас­ бап­кер Михал Билек алаңға ша­буыл­да ойнаған Тоқтардың орнына Бауыр­жан Исламханды шығарды. Бап­кердің басты мақсаты – Ислам­хан арқылы допты ортада көбірек ұстап, өз айып алаңымызға доп жі­­бермеу еді. Бірақ 50-минутта Ро­­мелу Лукаку қақпамызға үшін­­ші голды салды. Дегенмен, Қазақ­­стан құрамасының футболшылары екінші таймда белсенді ойнап, Кур­туа қорғаған қақпаға қауіпті ша­­­­­буыл ұйымдастырғанын да айта ке­тейік. Екі таймның қорытындысы бо­йынша кездесу 3:0 есебімен Бель­­гия құрамасының жеңісімен аяқталды.

«І» тобындағы Қазақстан-Бель­гия матчынан бөлек тағы екі кездесу өтті. Турнир кестесінде екінші орын­да тұрған Ресей құрамасы өз алаңында Сан-Марино футболшыларын ойсырата (9:0) жеңді. Ал Шот­ландия құрамасы Кипрден 2:1 есе­­бімен басым түсті. Үш турдан кейін Бельгия 9 ұпаймен көш бас­тады. 6 ұпайы бар Шотландия үшін­­­­ші, Кипр мен Қазақстан құ­ра­масы үш ұпаймен төртінші және бесінші орында тұр.  Бірде-бір ұпайы жоқ Сан-Марино көш соңында қалып қой­ды. Айта кетейік, Қазақстан құра­масы ертең елордадағы «Ас­та­на Арена» стадионында дәл осы Сан-­Марино құрамасына қар­сы ой­­найды. Матч Нұр-Сұлтан уақы­ты­мен кешкі сағат 20:00-де басталады.