• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Маусым, 2019

Ұлы дала хикаялары

628 рет
көрсетілді

Көне Тараз шаһарында заманауи өнер туындыларын жұртшылыққа насихаттау мақсатында тұңғыш рет «Ұлы дала хикаялары» атты сурет көрмесі ашылды.

Көрмеге қойылған халқы­мыздың бай тарихынан сыр шертетін туындыларды тамашалау мақсатында тараз­дық тұрғындар Жамбыл об­лыстық қазақ драма театры­на қарай ағылды. Мұнда мүсін, кескіндеме, графикалармен қатар, инсталляция, перформанс, видео және медиа-арт бағыттары да қамтылған. «Ұлы дала хи­кая­лары» атты сурет көр­месіне Жамбыл облысы әкі­мінің орын­басары Сұлу­шаш Құр­ман­­бекова арнайы барып, көрме жұ­мысымен танысты.

Тараз төрінде ұйымдас­тырылған көрме барысында көрермендерге Алма­гүл Меңлібаева, Сәу­ле Сү­лей­менова, Рашид Нү­рекеев және Ас­хат Ахмедяров сынды 10-нан астам танымал сурет­шілердің туындылары таныс­тырылды. Ал аталған көр­менің халықаралық же­текшісі Лиза Ахмадидің ай­туынша, бұл туындылар әлемнің 20-дан астам елінен жоғары бағасын алған. Су­ретшілердің шығар­ма­ла­рында көшпенді­лердің салт-дәстүрі, жал­пы дала мәдениеті қам­тыл­ған. Ал осынау ұлттық құнды­лық­тарды өнер ті­лінде сөй­лету үшін осы са­ладағы бүкіл әлемнің ең озық және мей­лінше шеберлік үлгі­лерін қолдануға барлық мүмкіндік жасал­ған. Со­нымен қатар, көрме жетек­шісі көрермен назарына ұсынылған туындылар ұлттық болмысымызды ай­шықтап, өнер және мәде­ниет, табиғат тамашалары сияқты құндылықтарды су­реттейтіндігін айтады.

Тараз тұрғындары ал­дағы бір ай бойы Жамбыл облыстық қазақ драма театры­на барып, көрмені те­гін тамашалай алады. Бұ­дан кейін көшпелі көрме керуені Сыр бойына, яғни Қызыл­орда қаласына қарай жол тартатын болады.

 

Жамбыл облысы