«Қазақстан» қонақүйінде журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Польшадан келген байқаушы Виолетта Поровсканың сөзінше, мемлекет тарихындағы тағдыршешті оқиға барлық талаптарға сай өтті.
«Қазақстан сайлауға жоғары деңгейде дайындалған. Халықаралық байқаушылардың жұмысына ешқандай шектеу қойылған жоқ. Біз бір-бірімізбен еркін пікір алмасып, барлық процесті бақылап отырдық. Мен бір учаскеде 47-ші байқаушы болып қатыстым. Бұл дегеніңіз сайлауды көптеген елдің байқаушылары бақылап отырды деген сөз. Сайлау әділ әрі ашық өтіп жатыр деп айта аламын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тарихи оқиғадан тыс қалмауы ескерілгені қуантады», дейді Виолетта Поровска.
Румын елінен келген қос бірдей байқаушы Триф Рареш пен Юркан Жонаш Флориш те осы пікірге тоқайласты. Алматыдағы 10 сайлау учаскесіне барып, процесті өз көздерімен бақылаған сарапшылар ешқандай заңбұзушылық әрекетін байқамағандарын жеткізді.
«Маған Қазақстандағы сайлау процесін бақылау өте қызық болды. Сайлауға жастардың белсенді түрде қатысқанын анық байқадым. Бұл – жас буынның ел ертеңіне немқұрайлы қарамайтынын аңғартса керек. Түске дейін сайлаушылардың 20 пайызы дауыс беруге келді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш», дейді Юркан Жонаш Флориш.
«Ешқандай заңға қайшы жағдайды байқаған жоқпын. Тек бір әйел азамат өзін дауыс берушілер тізімінен таппады. Ондай жағдайлар жиі болып тұрады. Сайлаушылардың арасында студенттердің кезекте тұрғанын бақыладық. Бұл – азаматтық қоғамдағы демократияның салтанат құрғанын көрсетеді», деді Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымының кеңесшісі Рареш Триф.
№40 мектепте орналасқан сайлау учаскесіне отбасымен келіп таңдау жасаған қала әкімі Бауыржан Байбек болашағымызды айқындайтын сәтте елім деген әрбір азамат сайлаудан қалыс қалмау қажет дейді. Бұдан бөлек Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева сынды өнер майталмандары барша қала жұртшылығын белсенді болуға шақырды. №54 сайлау учаскесінде дауыс берген еліміздегі «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, пианист Рахат-Би Әбдісағын елдің жарқын болашағы үшін сайлауға Италиядан арнайы ұшып келгенін айтты.
Тағы бір айта кетерлігі, айтулы күні қаладағы барлық қоғамдық көліктер жолаушыларға тегін қызмет көрсетті.
Арман ОКТЯБРЬ, Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Egemen Qazaqstan» АЛМАТЫ