• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Маусым, 2019

Павлодарда Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресейден келген 120-ға жуық қазақ жастары білім алуда

456 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы Достық үйінде «Еліміздің жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ашылған дайындық бөлімдері және шет елдегі қазақ жастары» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесуге  «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы»  облыстық филиалының, облыстық ішкі саясат басқармасының басшылары, «Отандастар» коммерциялық емес АҚ мәдени-ғылыми департаментінің мамандары мен өңірдегі студент жастар қатысты.

 Бұл күндері Монғолиядан, Қытайдан  келген қазақ жастары облыс  орталығындағы С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университет, педагогикалық университетте және  Инновациялық Еуразиялық университетің  «Foundation» деп аталатын дайындық бөлімінде оқиды.

Қазір «Foundation» факультетіндегі дайындық бөлімінде Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және Ресей елдерінен келген 120-ға жуық жас білім алуда. Биыл шетте тұратын  қазақ жастары үшін бөлінетін гранттар саны екі есеге артып, келетін студенттер қатары көбеймек.

Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Болат Зауттың сөзінше, мақсат-жастарымызды атамекенге әкелу. Былтыр педагогикалық институтта дайындық тобы ашылып, оған 38 талапкер қабылданған.

Жастардың барлығы тегін жатақханамен қамтамасыз етілген. Студенттерді тегін емдеу жөнінде қаладағы емханалардың бірімен келісімшарт жасалған.

- Біз жыл сайын алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан қазақтармен кездесіп, олардың ұл-қыздарын атамекенге тарту жөнінде үгіт-насихат жүргіземіз. Өзге елде тұратын жастарымыздың арасында елге келіп, білім алып, тұрақтап қалғысы келетіндер көп.

Білім және ғылым министрлігі  гранттар санын екі есеге дейін көбейтуде. Еліміз бойынша гранттар саны 2,5 мыңға жетсе, оның 200-і біздің облыстағы жоғары оқу орнына беріледі.

ПМУ «Foundation» факультетінің оқытушысы Алуа Жақанованың сөзінше,  оқу бағдарламасына сәйкес шеттен келген балаларды математикалық және оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, қазақ тілі, орыс тілі, қазақ әдебиеті, математика, физика, биология, химия, ағылшын тілі, география пәндері бойынша дайындалуда.

Қазақ тілі сабағы қосымша оқытылады. Сонымен қатар, өзге елде туып-өскен балалар қазақ қоғамына тез бейімделіп кетуі үшін патриоттық, құқықтық, адамгершілік бағытында тәрбие жұмыстары жүргізіледі.                                                                                                                                                                                     

Ал, «Отандастар» коммерциялық емес АҚ мәдени-ғылыми департаментінің қызметкері Нұрымжан Жұмағазиннің мәліметінше, квота  1500 орын. Квота ҰБТ тапсырған кезде балды жинай алмаған жағдайда ЖОО-ға түсуге мүмкіндік береді. Шетелдегі қандастарымыз емтиханға құжаттарын онлайн режимде тапсырып, оқуға түсе алады. Олар үшін жатын орны, стипендия қарастырылған.

Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов ҰБТ-ға дайындықтың әдіс-тәсілдерімен бөлісті.