• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Сұхбат 11 Маусым, 2019

Сейітхан Жошыбаев: Өзің жақсы болсаң, елдің бәрі де жақсы

1038 рет
көрсетілді

Медицина ғылымдарының докторы, академик, Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры Сейітхан Жошыбаев сұхбат берді.

– Сейітхан аға, әрбір аза­мат­тың балалық шағы қайта­лан­бас естелігімен қым­бат. Сіздің ба­лалық шағыңыз қай жерде және қалай өтті?

– Біздің балалық шағымыз Екін­ші дүниежүзілік соғысқа тап кел­ді. Сол кездегі балалардың бә­рі­­нің басынан өткендей жоқ­шы­лық заманды біз де көрдік. 1939 жылы Фин соғысы басталғанда үлкен ағам Көшербай әскерге кеткен екен. Ол кісінің бейнесі нақты есімде жоқ. Бірақ еміс-еміс елесі ғана бар. Біздің үй ол уақытта көлдің бойында, Сұмқайтты деген жерде отырыпты. Атам сол жерде сыр жасайтын зауытта қарауыл болып жұмыс істейтін. Ол кезде қыс қатты суық болатын. Қатты аяздан көлдің беті қатып қалады. Үйдегілер мұзды ойып алып, жердің астын қазып мұз­датқыш жасайды. Жаз бойы халық колхоздың сиырла­рын сауып, сүтін әлгі сыр шығаратын зауытқа өткізеді. Ол сүттің бар­лы­ғын өңдеп, сыр жасап, оны жер астындағы мұздан жасалған «тоңазытқышқа» сақтайды. Мен сол жерде өстім. Мал бағып жү­ріп, кең далада өскен баламыз. Бір күні Көшербай ағам үйге қоян алып келіпті. Осы көрініс қана шала есімде. Одан өзге естелік есімде жоқ. Сол Көшербай, одан кейін Шешербай деген ағам соғысқа кетіп, содан қайтқан жоқ. Көшербай ағам 1939 жылы Фин соғысына кеткеннен келмесе, Шешербай ағам 1941 жылы кеткеннен оралмады.

– Мамандық таңдау адам­ның тағдырына тікелей байла­ныс­ты дейді. Сіз әуелі геолог болуды армандаған екенсіз. Алай­да, ойыңызды өзгертіп, меди­ци­на саласын таңдауыңызға не себеп болды?

– Рас, әуелі геолог боламын деп ойлап жүрдім. Біріншіден, мен табиғатты өте жақсы кө­ре­мін. Дала кезіп, тауға шығып, таби­ғаттың тамашасын көзбен көр­генге не жетсін. Сегізінші сы­ныпқа дейін геолог бола­мын деп жүріп, сол салаға қатысты кітап­тар­ды көп оқыдым. Африкадан алтын іздеген адамдар туралы да қызықты деректер оқып, қызыққаным бар. Мұндайлар Яку­тия жақта да көп болған ғой. Мен сегізінші класты бітіріп жат­қанда Әліп деген ағам әскер­ден демалысқа келді. Сол кісі менен қандай мамандыққа қызы­ға­ты­ным­ды сұрады. Геолог болғым келетінін айттым. Бірақ ағам маған геолог емес, хирург бол деді. Сол сөз маған аманат сияқты әсер етіп, сол күннен бастап мен хирургия саласына қатысты әдебиеттерді іздеп тауып, соларды оқи бастадым. Содан Юрий Герман деген белгілі ресейлік жазушының «Я отвечаю за все» деген үш томдық кіта­бын кездестірдім. Ол кітапта соғыста елге ота жасаған хирург ту­ралы баяндалады. Талай жанды өлім аузынан алып қалады. Тіпті фа­шистердің өзіне де жақсылық жасайды. Бұл шығарма менің қызы­ғушылығымды тудырды. Осы­дан кейін хирург болуға толық бел байладым. Ол кезде Ақыр­төбе стансасында тұратын едік. Содан арман арқалап пойыз арқылы сол кездегі Фрунзе, бү­гін­гі Бішкек қаласына тарттық. Фрунзе жақын еді. Бір жағы ол жақта Алматыдан қарағанда арзан­шылық. Арада талай жыл өткен соң сол жақтан ғылым докторы, профессор, академик болып орал­дық қой.

– Бүгінде өзіңіз Тараз қала­сын­­­дағы «Кардиохирургия және тран­с­план­тология ғылыми-кли­­­ни­калық орталығын» бас­қарып отырсыз. Жалпы, бұл орта­лықты ашу идеясы қа­лай туын­дады?

– Бес жыл бойы Қырғыз Рес­пуб­ликасының Талас облысында хирург болып жұмыс істедім. Та­ласта Иса Ахунбаев деген білікті хирург болды. Сол кісінің жәрде­­мі­мен жүрек хирургиясы­на ауыс­тым. Иса Қонайұлы ұста­зы­мыз­дың өз алдына бір орталық ашып, жүрек хирургиясын одан әрі дамытып, жүрек алмастыруға жетсек екен деген ойы бар еді. Бірақ ол кісі бұл арманына жете алмады. Кейін ойланып қа­ра­сам, жүрек хирургиясын дамыту үшін өз алдына жұмыс істе­ген адамға көптеген мүмкіндік туа­ды екен әрі бұл халықтың ден­сау­лы­ғының жақсаруына да үлкен көмегін тигізеді.

Иса Ахунбаев 1975 жылы 5 қаңтар күні жол апатынан көз жұмған соң, Қырғызстандағы кардиохирургия саласының барлық жүгі маған түсті. Сөйтіп жүріп біз 1976 жылы кардиохирургиялық орта­лық аштық. Бұл кезде әр­бір республикада осындай орта­лық­тар ашылып жатқан болатын. Бірақ бұл республикалық ауру­ха­наның ішіндегі бір бөлімше ғана еді. Мәселен, Кеңес Одағы бойынша 23 кардиохирургиялық орта­лық болса, біз солардың алдың­ғы қатарынан орын алдық. Әртүр­лі оталар жасау, олардың нәти­же­сінің сапалылығы жағынан да жақсы жұмыс атқардық. Одақ кезінде Петровский деген министр біздің жұ­мысымызды келіп көріп, Мәс­кеу­дегі институттардың бір филиалы ретінде жұмыс жасауға болатынын айтқан. Бірақ  жер­гі­лікті басшылардың түрлі сылтауымен бұл жоба жүзеге аспай қалды. Менің түсінгенім, алдына қойған мақсатты орындау үшін адам қай жаққа болса да барады екен. Қырғызстанда жұмыс істеп жүріп кардиохирургиялық орталық ашсам ба деген оймен Алматыға да бардым. Алматы қаласында 8 жыл жұмыс істедім. Ойым ол жақта да жүзеге аспаған соң қайта оралдым. 1992 жылы Қыр­ғызстанға қайтып келіп, 12 жыл бойы осы мақсаттың соңын­да тағы жүрдім. 2004 жылы ғана өз алдына ғылыми жүрек хирургиялық трансплантология институтын құрдық. Бұл өз алдына қаржыландырылатын, өз бетінше жұмыс істейтін алғашқы қадам болды.

– Араға біраз уақыт салып туған жерге оралдыңыз...

– Уақыты келіп, зейнетке шық­қан соң мемлекеттің меке­месінде жұмыс істеуге бол­май­­тындықтан ауылға қайтуға тура келді. Кейіннен Астана, Ал­ма­ты қалаларындағы күрделі құ­рылымдарға кеңесші болып баруға ұсыныстар түсті. Бір­ақ мен енді туған жеріме қызмет етейін деп 2007 жылы Тараз қаласына қоныс аудардым. Сөйтіп Таразға келген соң Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқ­сатын алып, 2008 жылдан бас­тап жеке кардиохирургиялық орталығын ашып, жұмыс істей бастадық. Ұстазымыз болған Иса Ахунбаевтың арманын сөйтіп Қырғызстанда да, Қазақстанда да орындадым деп білемін. Бірақ барлық ойға алған мақсатты орындау үшін кейде қаражат көп керек болады. Қазіргі ғима­ра­тымызды да талай жылдан бері күрделі жөндеуден өткіздік. Әуе­лі туғалы жүрек ауруына шал­дыққан балаларға аппараттар алып, инфаркт алғандарға компью­терлік томография, диагностикалық орталықтардың бәрін дайындап келіп, өткен жылы ағза ауыстыруға қадам бастық. Былтыр біраз кісілердің бүйрегін алмастырдық. Одан кейін науқастарға жасанды жүрек салдық. Жүрек бұлшық етінің күші кетіп, нашарлаған уақытта қан тоқтап қалады. Содан адам ісіп-кеуіп, тіпті аяғын да баса алмайды. Ондай адамдардың жүрегін алмастыру керек болады. Мәселен, бізде жүрек алмастырғанға донорлар жоқ. Бұл – өз алдына үлкен мәселе. Ентігіп, төсек тартып қалған бір азаматтың жүрегін ауыстырдық. Қазір ол кісінің жағдайы жақсы. Бірақ донор күтіп жүр. Алға қойған мақсатымыз осылайша ақырындап іске асып келеді. Осы жұмыстардың барлығына бір­та­лай уақытымыз кеткенге кейде өкінгенмен, кейде қуанасың. Біздің орталықта кілең жастар жұмыс істейді. Өсіп келе жатқан жастарды көріп көңіл марқаяды. Біз тек орталықта тәжірибелік жағына ғана емес, ғылыми жағына да жете көңіл бөліп отырмыз. Осы жерде біраз жастар магистратурада білімін жетілдіріп, докторлық диссертацияларын қорғап жатыр.

– Орталық әлемнің қандай елдерімен байланыс жа­сайды? Мамандардың өзара тә­жірибе алмасу жағы қалай?

– Біз орталықта жүрек алмас­тыруға байланысты екі рет халық­ара­лық конференция ұйым­дас­тырдық. Жүрек хирургиясын әрі қарай дамыту есебінде үшінші рет тағы да ғылыми конференция өтті. Себебі бұрын науқастың төс сүйегін қақ жарып, денесін кесіп барып жүрекке ота жасалатын. Енді біз кеуденің шағын жерін ғана тесіп, жүрекке ота жасауды, науқастарға барынша жеңіл ота жасауды қолға алдық. Бұл олардың жылдам оянып, қатарға тез қосылып кетуіне жәрдем береді. Медицина саласының, оның ішінде кардиохирургия саласы елімізде өте жақсы дамып келеді. Әрине жүрек ауруы дейтін мәселе әлемнің барлық мемлекетінде бар. Бірақ оны емдеу, науқасқа дер кезінде ота жасау сол мемлекеттің қамқорлығына байланысты. Еліміз бұл ретте әлем мемлекеттерінің арасында жақсы көрсеткішке ие.

Мәселен, Америка Құрама Штат­тарының кардиохирургтері жаңа бастамаларды қолдап, жетінші рет ғылыми конференция өткізді. Бірақ жетінші конференциясында жүрек хирургиясына төрт сағат қана берді. Біз кейінгі конференцияның өзінде үш күн бойы осы мәселемен айналыстық. Әлемнің денсаулық сақтау саласына енгізіліп жатқан технологиялардан қол үзуге болмайды. Сонда ғана ауруханада жатқан науқас бұрынғыдай жеті күн емес, бес-ақ күн жатады екен. Бұл тәжірибенің бәрін өзге облыстардағы әріп­тес­терімізге көрсетсек деген мақ­сатымыз болды. Бүгінде елі­міз­дің өзге өңірлерінен де кардиохирургтер, анестезиологтер келіп қатысуда. Соны­мен қатар Германия, Ауст­рия, Қытай сияқты дамыған мем­ле­кеттерден де қонақтар шақы­рылған. Сол білікті маман­дар әріптестерімізге жүрек алмас­тырудың түрлі техникасын көрсетті. Украина мем­лекетінен де білікті мамандар келді. Бұл үрдіс өзіміздің үйре­нуі­мізге ғана емес, өзгелердің де үйренуіне қажет деп есептеймін.

– Бүгінде көптеген шәкірт тәр­биелеген ұстаз, ғалымсыз. Осы орайда өмір жолыңызда не түйдіңіз, неге жете алмадыңыз?

– Өткен күндерге шегініс жасап қарасам, сексен жас деген ұзақ өмір сияқты. Қатарлас өскен, бірге жүрген азаматтардың көбі бұл күнде дүниеден озып кетті. Осындай жағдайлардың бәрі де адамды терең ойға жетелейді. Кейде өзіңе өмір ұзақ сияқты болып көрінеді. Ал атқарған жұмысыңды, өмірдегі алдыңа қойға мақсатыңды салмақтап қара­саң, әлі де уақыт жетпейтін секілді. Ойға алған дүниелердің бәрін атқару үшін әлі біраз уақыт керек сияқты. Тіпті кеудеңде өмір жасым әлі де ұзара түссе екен деген үміт оянады. Адам ешқашан үмітсіз болмайды ғой. Адам қырық жастан асқан соң алдына мақсат қойып, сол мақсатты жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді екен. Мен де өмір бойы ұстаздарымның жолын жалғасам екен, сол кісілердің арманын орындасам екен деген тілекпен тіршілік кешіп келе жатырмын. Тағдырыма тәубе, 12 ғылым кандидатын, 4 ғылым докторын, 3-4 PhD докторын тәрбиеледім. Олардың бәрі де еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүр.

– Кейде адамның өмір жолы­ның дұрыс қалыптасуына әсер ететін азаматтар болады. Жалпы, сіздің тағдыр жолы­ңыз­да жақсы адамдар көп кез­дес­ті ме?

– Мен өткен өміріме көз жүгір­тіп қарасам, өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Себебі менің өмір жолымда жақсы кісілер көп кездесті. Мәселен, институтқа оқуға түскенімде, жеңгемнің алыс жиенінің бір туысқан қызы Қырғызстанда тұрмыста екен. Мен сол кісінің үйінде тұрдым. Отағасы Ахмет деген қырғыз кісі сондағы былғары зауытында жұмыс істеп жүрді. Ол кісілер маған жақсы қарады. Өмірде ешқандай жамандық көргенім жоқ. Өзім сияқты ғылым жолында ізденіп жүрген жігіттермен жолықтым. Олармен дос болдым. Кейіннен Қырғызстанның Нарын облысына жұмысқа ауыстым. Константин Гаврилович деген сол облыстың бас хирургі маған білмегенімді үйретіп, қамқорлық көрсетті. Күн сайын ота жасауға қатыстырды. Өзім күн сайын ауруханада кезекші дәрігер болып жүрдім. Бір жылдың ішінде көптеген ота жасауды үйрендім. Иса Ахунбаев ұстазымның да жақсылығын көп көрдім. Мәскеуге кардиохирургия бойынша аспирантураға оқуға жіберді. Мен Мәскеуге оқуға барғанда тәжірибелі маман ретінде қалыптасып үлгерген болатынмын. Ол жақта мені барлығы жақсы қабылдады. Жақ­сы адамдардың жақсы қарым-қатынасы да менің өсіп-өнуіме көп әсер етті. Адамның өзінің пейілі таза, жүрегі ақ болатын болса, өмірде жақсы кісілер көп. Өмірімде жаман адамдар кездескен де шығар, бірақ олар есімде жоқ. Өзің жақсы болсаң, елдің бәрі де жақсы. Кезінде Украинада Бабляк деген профессор болған. Жетпіс бес жасында қайтыс болып кетті. Ғылыми жиындарда талай кездескенбіз. Сол кісінің баласы қазір танымал хирург. Біздің орталыққа келіп, тәжірибесімен бөлісуде. Сол сияқты Аустриядан Мюллер деген де профессор келіп, біздің жұмысымызбен танысуда. Осындай жақсы адамдар көп өмірде. Бірде болмаса әйтеуір бірде жақсы адамдардың шарапаты тиеді.

– Әңгімеңізге рахмет.