«ТүркПА құрамындағы Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан елдерінің депутаттары және дипломатиялық хатшылық сайлауға байқаушы ретінде қатысты. Делегацияның негізгі құрамы 6 маусым күні келді. Біз Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан сынды ірі қалалардағы сайлау барысын бақыладық», деді ТүркПА бас хатшысының орынбасары Әли Жұлдыз.
Бұдан әрі сөз алған Түркия ұлы ұлттық жиналысының депутаты Исмет Учма Президент сайлауы ешқандай кедергісіз ашық өткенін айтты.
«Біздің делегация сайлау күні бірқатар учаскелердің жұмысын бақылады. Сайлау ешқандай қиындықсыз өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар саны 77,4 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы демократия жағдайының жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Жергілікті халық Конституцияға сәйкес, өз дауыстарын қалаған кандидаттарына берді. Қарт кісілердің және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйден дауыс беруіне жағдай жасалды. Сондай-ақ шетелде жүрген қазақстандықтар да сайлауға белсенді түрде қатыса алды. Сайлау барысында халықаралық бақылаушылар жұмысына ешқандай кедергілер болмады», деді Исмет Учма.Сондай-ақ ол «Ақ жол» партиясынан президенттіктен үміткер болып сайлауға қатысқан Дания Еспаева жайында айтып өтті.
«ТүркПА делегациясы сайлауға дейін әр кандидаттың штаб жұмыстарын да бақылады. Өздеріңіз білетіндей, 7 кандидат қатысты. Үміткерлер арасында жалғыз әйел адам болды. Дания Еспаеваның президенттіктен үміткер болып сайлауға түсуі Қазақстанда гендерлік теңдіктің бар екенін көрсетеді», деді ол.