Былтыр Ақши ауылында 3 жаңа тұрғын үй салыныпты. Ұзынбұлақтағы дәрігерлік пунктке 2,5 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде Е.Бекмаханов атындағы орта мектепте 112 оқушы білім алады. Мектеп жанындағы «Балбөбек» шағын орталығында 40 бала тәрбиеленуде. Сыныптарға мультимедиялық құралдар орнатылған.
Алдағы уақытта Ұзынбұлақтағы Мәдениет үйінің қас бетіне, электр қуаты жүйелеріне жөндеу жүргізіп, мектептің барлық есік-терезелерін заманауи түрде жаңалап, еден тақтайлары ауыстырылмақ.
Ауылдың ішкі көшелеріне, зираттарға, мал жайылымын ұлғайтуға жер телімдерін рәсімдеу, Теңдік – Ұзынбұлақ, Ұзынбұлақ – Ақши ауылдарының автокөлік жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ал «Ауылым – алтын бесігім» мерекесі аясында жылдағыдай дәстүрлі Ұлттық спорт ойындары өтті. Қарағанды облысының да атбегілері асыға жетіпті. Күмбірлеген күй, әуелеген әуендерді шырқаған ауыл өнерпаздары, «Әжелер» ансамблі, кішкентайлар мерекелік көңіл күй сыйлады. Концертті ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Самат Абжанов пен Е.Бекмаханов атындағы мектептің оқушысы Жансая Ғинаят жүргізді.
«Теңге алу» ойынында Нұрзат Тайтөлеу, Даниял Орал алғашқы орындарды жеңіп алса, көршілес Төрткөл ауылынан келген Төлеген Серғазиев үшінші орынды иеленді. Ал «Аударыспақ» сынында Ұзынбұлақ ауылының балуаны Әлібек Тайтөлеу барлық қарсыласынан басым түсті. Жаңақала ауылынан келген балуан Нариман Қасенов екінші, Ұзынбұлақ ауылының балуаны Арыстан Ақылбеков үшінші орынды жеңіп алды. Сәйгүліктер «Тай жарыс», «Тоқ бәйге» және 30 шақырымдық «Аламан бәйгеге» шықты. Әр бәйгеде мәре сызығына бұрын жеткен 6 сәйгүлікке жүлде берілді. Бәйгеде жалпы саны 40-тан аса жүйрік жарыс жолына түсті. Тай жарыста көршілес Родниковский ауылының атбегісі Леня Спиридоновтың аты озып келді. Бұқар жырау ауылының атбегі Нұржан Ермековтің тайы екінші, Ақши ауылының атбегі Бақыт Жәминовтың тайы үшінші орынға ие болды. Тоқ бәйгеде Мұса Шорман ауылының атбегі Серік Әутаевтің тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті.
Ауыл әкімі Асқар Мұратұлының айтуынша, шалғайдағы ауыл ұмыт қалған жоқ, мал-жан аман. Дастарқан тоқ. Салт-дәстүрін сақтаған ел іші осындай мерекелері арқылы балалар мен жастарға танымдық, ұлттық тәрбие қалдырары сөзсіз.
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы