• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 12 Маусым, 2019

Үкімет бес айдың қорытындысын қарады

330 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-мамыр аралығын­дағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары қаралды.

ІЖӨ өсімі – 4 пайыз

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов биылғы қаңтар-мамыр аралығында ІЖӨ оң қар­қыны сақталғанын, өсім 4%-ды құрағанын айтты.

«Инвестициялардың динамикасы ІЖӨ өсім қарқынынан жоғары. Осы жылдың 4 айын­дағы 6,7%-ға қарағанда, өсім 7,8%-ға дейін артты. Ауыл шаруа­шылығында және құрылыс саласында инвести­циялар бір жарым есе өсті. Өнеркәсіпте инвестициялар 17,5%-ға ұлғайды», деді Р.Дәленов.

Өнеркәсіптік өндіріс биылғы қаңтар-мамыр айларында 2%-ға артты. Құрылыс саласындағы жұмыстар қарқын алғаны бай­қалады. 5 айдың ішінде өсім 8,8%-ға жетті. Өнеркәсіп объек­тілерін, автокөлік жолдарын, газ құбырларын салу жұмыс­тары, сондай-ақ ірі зауыттардағы құрылыс-монтаж жұмыстары күшейді.

Ауыл шаруашылығында да тұрақты өсім байқалады. Өндіріс көлемі 3,7%-ға артты.

Қызмет көрсету саласында жеделдеу бар. Есепті кезеңде бұл сала қаңтар-сәуір айларындағы 4,2%-ға қарағанда 4,7%-ға өсті. Аталған сектордың барлық сала­ларында динамиканың жедел­дегені байқалады. Қызметтер сегментінде сауда ең жоғары өсімді көрсетіп, сатылым кө­лемі 5 айда 7,5%-ға өсті. Бұл негізінен автокөлік құралдарын, авто бөлшектерді және мұнай өнімдерін сату көлемінің артуы­мен байланысты. Көлік саласында 5,3%-ға дейін жеделдеу белгіленген.

Ұлттық банк төрағасы Ер­болат Досаев мамыр айын­дағы айлық инфляцияның 0,6% болғанын атап өтті. Тиісті бол­жамдарға сәйкес, инфляция 2019-2020 жылдарға белгіленген 4-6% нақтыланған мақсатты дәліз шегінде сақталады. Тең­генің айырбас бағамы 2018 жыл­дың соңындағы деңгейде.

 

Бюджет кірісі асыра орындалуда

Отырыс барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов осы жылдың 5 айындағы мемлекеттік бюд­жеттің атқарылу қоры­тын­ды­лары туралы баяндады.

Қаржы министрлігінің дерек­теріне сәйкес, 5 айдың қоры­­тындысы бойынша бюд­жет­тің барлық деңгейлерінде кіріс­тердің өсуі байқалады: мем­лекет­тік бюджетте – 115%, респуб­ли­калық бюджетте – 119% және жергілікті бюджетте – 106%.

Есепті кезеңде мемлекет­тік бюджетке 3,8 трлн теңге сомасында табыс түсті, бұл жоспардың 105,4%-ын құрады. Өткен жылдың осындай кезеңі­мен салыстырғанда, бюджет табыстары 510 млрд теңгеге артып, жоспар 2,7%-ға немесе 73 млрд теңгеге асыра орындалған.

«Асыра орындау негізінен салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Бұған келесі басты фак­торлар ықпал етті: экспорт­тық кеден салығының мөлшер­лемесінің өсуі және бірқатар са­ла­ларда тауарлар мен қызмет­тер өндірісінің артуы», деді Ә.Смайылов.

Кірістерді әкімшілендіруде басты назар бұзушылықтардың жоғарғы тәуекеліне ұшырайтын салық төлеушілерге аударылды. Бұл жұмыс тәуекелдерді басқару жүйесінде камералық бақылау аясында жүргізілді. Камералық бақылау нәтижелері бойынша хабарламалар саны 2 есеге артты. Соның нәтижесінде өтеудің үлес салмағы 86%-ға жетті немесе оның үлесі 7%-ға артты. Бюджетке қосымша 31 млрд теңге түсті.

Жергілікті бюджеттер табыстары бойынша жоспар 120 млрд теңгеге асыра орындалып, 1,2 трлн теңгені немесе 113,4%-ды құрады.

2018 жылдың бес айымен салыстырғанда бюджет шығыс­тарының тиімділігі жақсарды. Республикалық бюджет шығыс­тары 4,9 трлн теңгеге игерілді. Өткен жылдың 5 айымен са­лыстырғанда шығыстар 1,2 трлн теңгеге артық жүргізілді.

Ә.Смайылов орталық және жергілікті органдар тарапынан мемлекеттік сатып алулар рәсімдерін уақтылы аяқ­таудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік аудит және ка­мералық бақылау бо­йын­ша жүргізіліп жатқан жұмыс­тар туралы баяндады. 5 айда 1 462 аудиторлық іс-шара өт­кізіліп, 292 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылған. 48 млрд теңге сомасына қаржылық бұзу­шылықтар анықталды. Тауар­ларды жеткізу, қызмет көрсету және жұмыстарды орындау арқылы жалпы 39 млрд теңге сомасына қаражаттар өтелді. Аудит объектілеріне қыз­метті же­тіл­діру және тиім­ділікті арттыру бойынша 1 170 ұсы­ным беріл­ді. Олардың 669-ы орын­дал­ды. Қалғаны бойынша жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр.

4,5 трлн теңге сомасына камералық бақылаумен 676 мың мемлекеттік сатып алулар қамтылды. Тексерулердің нәтижесінде 261 млрд теңге сомасына 13 593 рәсім бойынша мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзушылықтар анықталған. Аудит объектілеріне бұзушылықтарды жою туралы 13 478 хабарлама жіберілді. Соның нәтижесінде, 215 млрд теңге сомасына бұзушылықтарға жол берілмеді. Олар конкурстардың қорытындыларының шешім­дерін болдырмау және конкурс құжаттамасына өзгерістер енгізу арқылы шешілді.

 

Жеңіл өнеркәсіп өндірісі 23%-ға ұлғайды

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Роман Скляр өнеркәсіп сала­сының дамуы туралы баяндады.

Министрлік деректері бо­йынша, жыл басынан бері өнер­кәсіптік өндіріс көлемі 102%-ды құрады, оның ішінде тау-кен өндірісі – 100,7%, өңдеу өнер­кәсібі – 103,6%. Тау-кен өндірісі саласында түсті кендерді өндіру көлемі 15,7%-ға артты, темір к­е­нін өндіру көлемі 98%-ды құ­рады. Жалпы, темір кенін өндіру көлемі бойынша динамика артып келеді, ол жыл соңына қарай 44,7 млн тоннаны құрайтын болады.

Р.Скляр баяндағандай, көмір мен лигнит өндіру көлемі 95,8%-ға жетті. Негізгі көмір өндіретін кәсіпорындарда көмір өндірудің төмендеуі электр стан­саларының көмір өнімдерін тұтынуының азаюымен байланысты. Дегенмен, көмір экспорты бойынша оң динамика байқалып отыр, өсім 105,6% немесе 11,3 млн тоннаға жетті.

Өңдеу өнеркәсібінде жеңіл өнеркәсіпте 23%, машина жасауда – 16%, фармацевтика өнеркәсібінде – 11,6%, дайын металл бұйымдар саласында – 9,2%, құрылыс материалдарын шы­ға­ру­да 3,4% өсім байқалып отыр.

Көлік кешені бойынша 2019 жылғы қаңтар-мамыр айларында нақты көлем индексі 105,3% болды. Жалпы, барлық көлік түрлерінің жүк тасымалдау көлемінің өсімі 3,7%-ға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстан арқы­лы өтетін контейнерлік тасымалдар 47%-ға өскен.

Құрылыс бойынша қаңтар-мамырдағы нақты көлем ин­дексі 108,8%. 15 өңірде оң қар­қын бай­қалады. Тұрғын үй құ­ры­лы­сында 5 айдың қо­ры­­тын­дысы бойынша 4,6 млн шар­шы метр тұрғын үй пай­да­ла­нуға берілді, бұл 2018 жыл­дың сәйкес кезеңімен са­лыс­тырғанда 100,1%-ға тең.

«Республика бойынша 40 546 тұрғын үй берілді. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы республиканың 15 өңі­рінде жалғасуда. Жылдық жоспарға қол жеткізу бойынша қабылданған міндеттемелерді орындау үшін облыстардың әкім­діктеріне өз­дерінің жұмы­сын жандандыру қажет», деді Р.Скляр.

 

Сайлауалды бағдарлама орындалуға тиіс

Отырыста қаралған мәсе­лелерді Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылады. «Биылғы қаңтар-мамыр айларында ішкі жалпы өнімнің өсімі өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 4%-ға жоғары», деген Үкі­мет басшысы экономикалық даму қарқынын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Экономиканың негізгі қоз­ғаушы күштері  құрылыстың 8,8%-ға, сауданың 7,5%-ға, көлік саласының 5,3%-ға, өң­деу­ші сектор, оның ішінде машина жасаудың 16%-ға, авт­оөнер­кәсіптің  46,4%-ға өсуі болды.

Осы жылдың 5 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан облыстарының оң жұмысы байқалды.

Премьер-Министр аймақ әкімдеріне құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пайдалануға беру салаларында көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтуді тапсырды.

Биылғы мамырда айлық инфляция 0,6%-ды құрады. Осылайша, жыл басынан бері инфляция 2,4% болды. Үкімет басшысы көрсеткіш белгіленген дәлізге (4-6%) сәйкестігіне қара­мастан, бірқатар өңірлер­де ауыл шаруашылығы тауарларының қымбаттауы байқалғанын айтты.

«Қазір жеміс-жидек пен көкөністер көп уақыт, сондық­тан баға арзандауы керек. Әкім­дер, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау бойынша нақты шаралар қабылдасын» деді А.Мамин.

Республикалық бюджеттің орындалуы бойынша конкурс­тық рәсімдерді уақтылы өткізу үшін күшейтілген жұмыстар­ды жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Бұл бюджет қаражатын игеру бойынша тәуекелдерді жоюға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр мәселені қорытындылай келе Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарын және сайланған Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағ­дар­ламасының толығымен жү­зеге асырылуын қамтамасыз ету­дің маңыздылығын атап өтті. Бұл экономиканың және ин­ф­рақұрылымның тұрақты дамуы, қолжетімді баспанамен қам­тамасыз ету, сонымен қатар бі­лім беру, денсаулық сақтау мәсе­лесін жақсарту арқылы ха­лықтың табысын және тұрмыс сапа­сын арттыру. Президенттің сайлауалды тұғырнамасының стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асырудың арқасында әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік жасалады.

«Жаңа жұмыс орындарын ашу – Үкімет жұмысының басым міндеті. Барлық әкімдер және мемлекеттік органдардың басшылары инвестициялар тар­туға, шағын және орта биз­нес­тің дамуына барынша көңіл бөлуі керек. Бұл жұмысты үз­дік­­сіз жүргізу қажет», деген А.Мамин нәтижелі жұмыспен қам­ту мәселелері экономиканың дамуына, тұрғындардың табы­сын арттыруға, бәсекелі өндіріс­тер­дің ашылуына тікелей байланысты екенін атап өтті.