– Ғимараттың сәулеті өте ерекше. Бұның тіпті Қазақстанда баламасы жоқ деуге болады. Себебі дәл осы 8 қырлы, ішіне қарай қайтадан 8 қырлы бөлмелер салу, оның ортасына 8 қырлы еденделген әсем ғимарат салып, оның ортасына бағандар тұрғызып, 4 жерінен салуды әзірге біз кездестіре қойған жоқпыз, – дейді Қазақстан Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Сырым Есенов.
Көне ғимараттың безендірілуі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кем түспейді екен. Ғалымдар ондағы жазуларда араб қарпінен бөлек қазақы өрнектердің молдығын айтады. Қала аумағынан қыш күйдірілетін, дайындалатын пеш те табылған.
Қыш астындағы қала өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары аршыла бастаған екен. Бірақ үлкен зерттеуге дайындық жоқ, қаржылық қиындықтар салдарынан әуесқойлық жағдайда ғана қолға алынған.
Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің бөлім басшысы Ғалымжан Садықов бұл қалашықтағы зерттеулер Сырдарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қалалардың тарихын тануға мүмкіндік береді дейді. Олай деуге тағы бір себеп, Қышқала қалашығы «Алпамыс батыр» эпосындағы Гүлбаршын арудың өскен өлкесінің сипатына келіңкірейді. Нақты тарихи дәлелдер болмағанымен, Қышқаланың бұрынғы Баршынкент қаласы болу мүмкіндігі де жоқ емес.
Туған жердің тылсым сырлары, көне жәдігерлері Сыр бойының оқушыларын да қатты қызықтырады. «Өлкетану» үйірмесінің мүшелері келіп, үлкен ғалымдармен бірлесе өз зерттеулерін жүргізеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның киелі жерлері географиясына ерекше тоқталады. Қышқаладан аршылып алынған көне ғимаратты осы жобаға қосылған зор үлес деп бағалауға әбден болады.
Бүгінде әлем саяхатшыларын күндіз-түні жарқ-жұрқ еткен сәулеттік ғимарат, әсем табиғат әлдилеген көрікті жерлермен таңғалдыра алмайсың. Олар бүгінгі заманның жетістіктеріне мелдектеп, кекірелеп тойған. Оларды өздері бағыт алған елдердің өткен тарихы, қалдырған жәдігерлері әбден қызықтырады. Мәселен, көрші Өзбекстанның байырғы қалаларынан саяхатшылардың үзілмейтіндігінің бір сыры осы. Саяхатшыларды магниттей тартатын көне жәдігерлер, құнды тарихи нысандар Қазақстанда да аз емес.
Құм қаладағы сәулетті сегіз қырлы ғимарат, ғалымдар елімізде баламасы жоқ деп отырған нысан – сол кереметтердің бірі. Халқымыздың беймәлім сырларын ішіне бүгіп жатқан қалашықтың әлі талай қызықтары анықталатындығы алдағы күндердің еншісінде болып тұр.
Қызылорда облысы