Ұлықтау рәсімін Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми бастады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне Конституцияның 42-бабына сәйкес Қазақстан халқына ант бергеннен кейін кірісетінін хабарлады.
Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, жүктелген мәртебелі міндетті адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!» - деп халыққа ант берді.
Міне, осы сәттен бастап Президент ресми қызметіне кіріскен болып саналады.
Ант беру салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ, басқа да мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткізілді.
Ант берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Президент куәлігін табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.