MENAFN
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шара ел астанасындағы Тәуелсіздік сарайында өтті.
Рәсім барысында жаңа сайланған Президент мемлекеттік тілде ант берді. Осыдан бастап Президент ресми түрде қызметіне кіріседі.
Естеріңізге сала кетейік, 9 маусымда Қазақстанда Президент сайлауы өткен болатын. Дауыс беру нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан астам басымдықпен жеңіске жетті.
Айта кетерлігі, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысқан жоқ.
Ұлықтау рәсімінде сөз сөйлеген Қ.Тоқаев алдағы 1 қыркүйектен бастап елдегі жемқорлықты жоятын құжат әзірленетінін жеткізді.
НАСТОЯЩЕЕ ВРЕМЯ
Қазақстан астанасында Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Ол ресми түрде 5 жылға ел Президенті болып сайланды. Ол қазақ тілінде ант берді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», деп ант қабылдады.
Ұлықтау рәсімі сайлау нәтижесі жарияланғаннан кейін екі күннен соң өтіп отыр. 9 маусымда Қазақстанда Президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан астам басымдықпен жеңіске жетті.
FOX NEWS
Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау салтанаты өтті. Өз сөзінде жаңа Президент бүгінге дейін елді басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастыратынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусым күні президенттік сайлауда 70 пайыздан астам дауыспен жеңіске жеткен еді. Наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатқаннан кейін сол кезде Сенат Төрағасы болған Қ.Тоқаев оның орнына келген еді.
«Бұл сайлаудың нәтижесінен біз халықтың Елбасы саясатының жалғасқанын қалайтынын көрдік», деді Тоқаев ұлықтау рәсімінде. Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы ретінде әлі де өз еліне қызмет көрсете беретіні белгілі.
«Мен Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында өзіме жүктелген міндеттемелерді әділ атқаруға, халықтың құқығы мен бостандығына кепілдік беруге ант етемін!» деді жаңадан сайланған Мемлекет басшысы.
Өз сөзінде әлеуметтік мәселелерді айрықша көтерген жаңа Президент бірқатар реформалардың болатынын да ишаралады. Соның ішінде бай мен кедейдің табыс айырмашылығын азайтуды, елде орта тап қалыптастыруды және табиғи байлықтардан түсетін ұлттық байлықты теңдей және әділ бөлетінін айтты.
Сонымен қатар Президент адам құқы мен сөз бостандығының да дамуын назарында ұстайтынын жеткізді. Сайлауалды науқан кезінен бастап пікір алуандығына оң қарайтынын, дегенмен ең алдымен диалог орнату керектігін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды біртұтас ұлт болып бірігуге шақырды.
Әлемдегі ірі халықаралық ақпарат және жаңалықтар агенттіктерінің бірі THE ASSOCIATED PRESS те еліміздегі ел Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы жазды. Жаңа сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі туралы «Қазақстанның жаңа Президенті қызметіне кірісті» деген мақалада Қазақстанның жаңа Президенті қызметіне кірісіп, зор сенім артқаны үшін қазақстандықтардың бәріне алғыс айтқанын жазды.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев тәуелсіздік алған сәттен бастап ел басқарған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтіп, осы сабақтастықты сақтау және оны одан әрі нығайту жолында жұмылуға шақырды. Агенттік Қ.Тоқаевтың «Бұл сайлауда азаматтар Елбасы Н.Назарбаевтың бағытын жалғастыру үшін маған дауыс бергенін мойындау керек», деген сөзін де келтірген.
«Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда өткен сайлауда 70,96 пайыз басымдықпен жеңіске жеткен болатын. Оған 6 539 715 адам дауыс берген. Қ.Тоқаев наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтатқаннан кейін Президент қызметіне кіріскен», деп ақпараттық агенттік өткенге шолу жасаған.
Сонымен қатар агенттік «Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын», деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірген. Президент ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде қоғамдағы он басым бағытты белгілеп, олардың барлығын жақын арада жүзеге асыру керегін айтты. Оның ішінде халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, соттық-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдау мәселелері көтерілді.
Түркияның жетекші басылымдары да Президент ұлықтау рәсімін хабарлаудан қалыс қалмады. Олар жаңа Мемлекет басшысын сайлаудағы жеңісімен, қызметіне кірісуімен құттықтап, сәттілік тілесті.
Атап айтар болсақ, Анадолу агенттігі тәуелсіздік сарайында өткен маңызды шараға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы сот судьялары, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері және басқа да шақырылған қонақтардың қатысқанын, 2500-ге жуық адам болғанын хабарлайды.
Сонымен бірге ұлықтау рәсімі барысында Орталық сайлау комиссиясы жаңа сайланған Президентке Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырғанын, Президент рәсім барысында Қазақстан халқына ант бергенін жазады. Түрік агенттігі Қазақстан Конституциясына сәйкес жаңадан сайланған Президент ант бергеннен кейін ресми қызметiне кірісетінін хабарлады.
Одан кейін Анадолу агенттігі Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде зор сенім артқаны үшін қазақстандықтардың бәріне алғыс айтқанын, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өткенін жеткізген. Президенттің «Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын» деген сөзін келтіреді.
«Қазақстан Президенті он негізгі бағытты белгілеп берді және олардың бәрін жүзеге асыруға дереу кірісу керегін айтты. Қазақстан Президенті қолға алатын негізгі мәселесі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау екенін ескертті. Одан бөлек, халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сот-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдауды қолға алатынын мәлімдеді» делінген агенттік хабарламасында.