• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Маусым, 2019

Еңбек қауіпсіздігі ескерілетін болды

517 рет
көрсетілді

Республикалық Кәсіподақтар федерациясында Бақытжан Әбдірайымның төрағалығымен Бас кеңестің отырысы өтті. Жиында Кәсіподақтар федерациясының, салалық және аумақтық кәсіподақ ұйымдарының басшылары сайлау қорытындысын талқылады және алдағы кезеңге арналған кәсіподақ қызметінің негізгі басымдықтарын белгіледі.

Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат болған Аманкелді Таспихов сай­лау ашық, жариялы өтті деп есептейді. «Барлық жерде біздің байқаушыларымыз болды. Заң бұзушылықты байқаған жоқпыз. Ешқандай арыз түс­кен жоқ. Қазақстандықтар т­ұрақ­тылыққа, ынтымаққа кө­бі­рек бет бұрып, соған дауыс берді», деген Аманкелді Тас­пи­хов осыған дейінгі өз үн­деу­лерінде еңбеккерлердің мәселесіне байланысты нақты ұсыныстарын айтқанын жеткізді. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым бұл ұсыныстардың орындала бастағанын айтты, бағдар­ламадағы түйткілді мәселелерді шешу бойынша жұмыс жалғаса беретінін атап өтті. 

«114 жыл тарихы бар кә­сіп­одақ тұңғыш рет өзінің үміт­ке­рін Президент сайлауына ұсын­ды. Біз ұсынған үміткердің бағ­дар­ла­масында жалақыны, табысты кө­теру, әлеуметтік қорғау, жұ­мыс орын­дарындағы қауіпсіздік мәселесі болғанын білесіздер. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев үміткерлердің ұсыныстары бойын­ша Үкіметке тапсырма бергенін атап өтті. Бұл халық үшін үлкен же­тістік. Жақын арада еңбек қа­уіпсіздігіне байланысты арнайы бағдарлама қабылданғалы жатыр. Көптен бері орындалмай келген Еңбек кодексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу Үкіметтен Пар­ламентке ұсынылды. Жұ­мыс орындарындағы қауіп­сіз­дікке байланысты біз­дің қатысуымызбен арнайы жұмыс тобы құрылып, жа­қын­да Үкімет отырысында қау­лы қабылданбақшы. Біз көтер­ген өзекті мәселелерді шешу­дің жолдарын қарастырып, ж­ұ­мысты жүргізе береміз», деді Б.Әбдірайым. 

Белгіленген бағыттар жа­ңадан сайланған Қазақстан Рес­публикасы Президентінің жаңа жұмыс орындарын ашу, лайықты еңбекақы төлеуді қам­тамасыз ету, сондай-ақ Мем­лекет басшысының ұлықтау рәсімі барысында айтқан әділ әлеуметтік саясатты жүргізу бөлі­гіндегі бастамалармен үндес. Басқосуда Бас кеңес мүшелері елімізде әлеуметтік әділеттілікті нығайту, еңбек жағдайларын және еңбекті қорғауды жақсарту, өн­дірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, қызметкерлердің сала­матты және қауіпсіз еңбек жағ­дайларын жасауға жұмыс бе­рушілердің қызығушылығын арт­­тыру, корпоративтік әлеу­мет­тік жауапкершілікті дамыту, қыз­меткерлердің еңбекті қорғауға ке­ңінен қатысуын қам­тамасыз ету және барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда қоғамдық бақылау инс­титутын дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыруды жал­ғастыруға ниет білдірді.