• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2013

Өңір келешегі ортақ іс-қимыл арқылы өміршең

287 рет
көрсетілді

Өңір келешегі ортақ іс-қимыл арқылы өміршең

Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:44

Бір кездері әлем өркениетінің бесігі болған Азия замана көшінің әбжіл қимылына ілесе алмай, сыртқы саясаты түгілі ішкі іс-әрекеттерінде де кәрі құрлыққа қарап елеңдеп, солар айтқан байламға бас шұлғып, бұрысының өзін дұрысқа балап, өз ділінен ажырап, демократияны желеу етіп сырттан таңған үлгіні тұяқ серіппестен қабылдаған күндер келмеске кетті демесек те, сірескен сеңнің көбесі сөгілгені рас.

 

Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:44

Бір кездері әлем өркениетінің бесігі болған Азия замана көшінің әбжіл қимылына ілесе алмай, сыртқы саясаты түгілі ішкі іс-әрекеттерінде де кәрі құрлыққа қарап елеңдеп, солар айтқан байламға бас шұлғып, бұрысының өзін дұрысқа балап, өз ділінен ажырап, демократияны желеу етіп сырттан таңған үлгіні тұяқ серіппестен қабылдаған күндер келмеске кетті демесек те, сірескен сеңнің көбесі сөгілгені рас.

Қазіргі әлемнің саяси картасында халқының көптігімен де, даму үдерісінің жылдамдығымен де, бір-бірімен ықпалдасып, ҰҚШҰ, АӨСШК, ШЫҰ, АЫҮ сын­ды халықаралық ұйымдарда ақылдасып, туындаған өзекті проблемалар жайында пікір алысуымен өздерінің планета санасатын әлем екендігін дәлелдеген азиялықтардың бұл жолғы жүз­де­суі тәжік жерінде өтті. Өзінің Тәжікстанға ресми сапары аясын­да Қазақстан сыртқы саясат ве­дом­ствосының басшысы Ерлан Ыдырысов Душанбе қаласында Азиядағы ынтымақтастық жө­нін­дегі үнқатысуға мүше мемле­кет­тердің 11-ші Сыртқы істер ми­нистр­лері кеңесіне қатысты. Ал азиялық мемлекеттердің сыртқы істер министрлері жиналған ал­қа­лы кеңестегі айтылған ойлар Елбасының Сыртқы істер ми­нистрлігі алдына қойған сыртқы саясатты экономияландыру туралы тапсырмасына сәйкес келіп жат­ты. Ол – ынтымақтастық жө­нін­дегі үнқатысуда өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты алға тарту, сонымен қатар, өңір­дегі сауданы кеңейту мен әлем нарығындағы бәсекеге қабі­лет­тілікті нығайту секілді өзекті мәселелер болатын.СІМК барысында сөз сөйле­ген қазақстандық дипломат­ азиялық мемлекеттерді су қор­ла­рын сапалы басқаруға, азық-түлікпен қамтамасыз етуге, әсіресе, энергетикалық қауіп­сіз­дік мәселелері бойынша ын­тымақтастықты белсенді ете түсуге шақырды. Сонымен қатар, Ерлан Ыдырысов аймақтық қана емес, әлемдік қауіпсіздік мәселесіне ықпал ететін факторларға да тоқ­талып өтті. «БҰҰ ресми мә­ліметтеріне сәйкес, бүгінгі таңда әлемдегі 1,5 млрд. адам электр қуатына қол жеткізе алмай отыр және 2,4 млрд. адам отын қорымен қамтамасыз етілмеген. Ал жер бетіндегі халық санының өсуі және энергия қуатын пайдалануға сұраныстың артуы әлем алдына жаңа қиындықтар алып келуі әбден мүмкін. 2030-жылдардағы жа­һан­дық дамудың тегеурініне тө­теп беру оңай болмайды. Қа­зір­гі энергетикалық жүйе ол дәре­жеге шыдас бермейді. Бүгінгі әлем­дік даму қарқынын есепке алып шамаласақ, ол уақытта су – 30 пайызға, энергия қуаты – 40 пайызға, азық-түлік 30 пайыз­ға артық қажет болады. Дәл осы­ған байланысты Қазақстан ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сі үшін «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдады», деп атап өтті Е.Ыдырысов. Сонымен қатар, ол барлық шараға қатысушыларды өздерінің ұлттық павильондарымен көрмеге қатысуға шақырды.Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрі қазіргі заманда­ әлем елдерінің бір-бірімен байла­ныс­тарының қай түрінде де көлік-ло­гистика мәселесінен айналып өтуге болмайтынына мән бере сөйледі. Ол  үшін көлік қатынастарын заманауи үлгіде алға апаруда сапалы жолдар салынуының аса маңызды екендігін айтқан министр тас жолдармен қатар, темір жол байланысын өрістету қажеттігіне де баса мән берді.  Осы ретте жаңғырған Ұлы Жібек жолы – Батыс Еуропа-Батыс Қытай трансмагистралінің бірнеше мың шақырымының біздің ел арқылы өтуінде Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды жұртшылық назарына  салып өтті.Сонымен бірге, министр өз сөзінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудың, оның экономикасын бейбіт мақсатқа бейімдеудің әлемдік маңызы барлығын айтты. Осы елдің экономикалық ахуа­лы дұрысталып, халқының әлеуметтік проблемалары шешіл­мейін­ше, осында туындап, одан кейін әлемдік қауіпсіздікке қа­тер төндіретін қауіптердің сейіл­мейтіндігін,  жер бетінде тұрақ­тылық мәселесінің тек сөз болып қалатынын, оны дұрыс бағытқа беттетуде күш біріктірудің қажет­тігін, осы ретте қолдан келген кө­мекті алыс-жақын елдердің аямауы керектігін атап көрсетті. Ауғанстандағы тұрақтылық жайын әріптестерінің назарына тағы бір салып өткен министр алда өткізілетін «Ыстамбұл үдерісінің» маңыздылығына тоқталды.Рас, алақандай жұмыр жер­дің бір шетінде орын алған тұ­рақсыздықтың біздерге еш қаты­сы жоқ дейтін бұл 17-ші немесе 19-шы ғасыр емес. Лондонда құнды қағаз бағамының өсуі мен құлдырауы, АҚШ банктеріндегі ипотека жүйесінің шытынауы мен алақандай Кипр аралын­дағы экономикалық  қиын жағ­дайдың әлемге әсерін тигізе­ті­ні кішкентай балаға да мә­лім заманда аймақта жатқан Ауған­стандағы тұрақсыздықтан бізге келіп-кетер не бар деп айта алмай­сың. Сондықтан да, біздің ел маңдайының соры бес елі, соғыстан көз ашпай, қиындықтың бел ортасында батпақтап жатқан елге көмек қолын созды. Және ол Ауғанстанның болашағына жасалған жанды көмек. Қазақстан қаржысына мектеп пен аурухана салынып, ауған жастары бейбіт елдің экономикасына қажетті мамандықтар бойынша біздің жоо-ларда білім алуда. Бұл жайында кеңестен соң журналис­терге арнаған брифингте Ерлан Ыдырысов айтып берді.Форум алаңында Е.Ыдырысов Иран Сыртқы істер министрі Али-акбар Салехимен, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаевпен, Ауғанстан Сыртқы істер министрі Залмай Расулмен, Кувейт Сыртқы істер министрі шейх Сабах әл-Хамадомимен және Жапония делегациясының басшысы Минору Куитимен екіжақты кездесулер өткізді.Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі үнқатысу 2002 жылы құрылса, қазіргі таңда өңірдің 32 мемлекетін біріктіретіні белгілі. Қазақстан аталған ұйымды 1992 жылы Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске өзін­дік бір әріптестік тұғырнама ре­тінде қарастырады. Қазіргі уақыт­та Қазақстан Азиядағы ын­ты­мақтастық жөніндегі үн­қа­тысу аясындағы ауыл шаруа­шы­лығы, көлік және энергетика салаларындағы 3 жобаның үй­лес­тірушісі болып табылады.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан».