Тәуелсіздік алған жылдардан бері алғаш рет жаңа Президент сайланып, Қазақстан Республикасына адал қызмет ету үшін ант қабылданды. Бұған дейінгі сайлау алдында Nur Otan партиясы атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевқа толықтай қолдау білдірдік. Бүгінде айқын әрі басым дауыс жинап жеңіске жетті. Инаугурация кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысы мен жоспары, келешекке бастаған басым бағдарлары қаншалықты өзекті, орынды екенін ұғындық. Сайланған алғашқы күннен бастап, өзінің нақты шешімдер қабылдау арқылы бас-аяғы бүтін жоспарымен, ауқымды дайындықпен келгенін көрсетті. Көпшіліктің ертеңге деген сенімі оянды деген ойдамын.
Президент өз сөзінде халықты билік пен қоғам арасындағы қатынас алаңдататынын айтты. Сондықтан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруды ұсынды. Кеңеске жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғамның өкілдері кіретінін айтты. Бұл аса маңызды бастама болмақ. Халықпен тікелей байланыс орната отырып, сан салалы қоғамдық мәселелердің оң шешімін бірге қарастыру міндеті тұр. Бұл қадам арқылы халықтың сенімі ұялайды, тұрақтылық орнайды, бірлескен істің нәтижесі болады.
Қ.Тоқаев Елбасы Н.Назарбаевтың бастамалары алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Бүгінге дейін ел дамуының тетігі саналған қай сала болмасын аяқтан тұрып, жемісті нәтижеге қол жеткіздік. Соның ішінде елдің мәдени-рухани бағыттағы бағдары бағаланып, бағы жанды. Сонымен қатар бүгінде Қазақ елінің әлем алдындағы беделі мен ұстанымын биік тұғырдан түсірмей, келешек ұрпаққа аманаттау, тұрақты даму жолынан таймау міндеті тұр.
Надежда ГОРОБЕЦ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театры директорының орынбасары