• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2019

Өлкетанушыны еске алды

512 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында белгілі өлкетанушы, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, ардагер журналист, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Қайыржан Хасановты еске алуға арналған кеш өтті.

Марқұм Қайыржан Хасанов бүкіл ғұмырында Батыс Қазақ­стан, соның ішінде Қаратөбе өңірі­нің тарихын тірнектеп жина­ған өлкетанушы еді. Осыдан бір жыл бұрын дүниеден өткен еңбекқор ғалымды туған жерінде жерлестері сағына еске алды. Кеште Қайыржан Хасановтың өмір жолы мен шығармашылығы жайлы көрме ұсынылып, деректі фильм көрсетілді.

– Қайыржан Хасанов өз өмірі мен шығармалығы арқылы баян­ды өмір сүрудің үлгісін көр­се­тіп кеткен жан еді, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мәде­ниет қызметкері, айтыс ақыны Шолпан Қыдырниязова.

Қайыржан Хасанов көзінің тірісінде өлке тарихына қатысты жүздеген кітап шығарды. Әсіресе саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар туралы көп ізденді. 1930 жылдардағы нәубетте оның өз атасы – алғашқы халық мұға­лімдерінің бірі болған Төле­ген Иманғазиев те «халық жауы» атанып, атылып кеткен болатын. Қаратөбеде өткен Алаш съезіне қатысқаны үшін айыпты болған халық мұғалімінің өмір жолына қатысты архив деректерін талмай іздеп, тауып түгендеген  Қайыржан аға ол қызмет еткен Сәуле ауылындағы мектепке ескерткіш тақта да орнатқан еді. Одан бөлек, өлкетанушы «Алаш­орда. Атылған арыс­тар» атты кітап жазды, Медеш Орал­диев, Қарабай Көзеев, т.б. аты-жөні ұмытылған алаш қай­раткерлерінің есімін жаңғыртты. Санасы сергек, қаламы жүйрік қаламгер өмірінің ақырына дейін қолынан қаламын түсірмеді. Автордың аяқтай алмай кеткен кейбір еңбегін ұрпақтары түйін­деп, оқырман қолына тигізгені өте өрнекті іс болды.

 

Батыс Қазақстан облысы