Маусым айының үшінші жексенбісіне таман елімізде медицина қызметкерлерін құрметке бөлеген мерекелік шаралардың тізбегі басталды. Мәселен, елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында Жастар жылы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жастар энергиясы – елордалық денсаулық ісінің сенімді болашағы» атты медицина қызметкерлері күніне арналған денсаулық сақтау мекемелері арасындағы «ALTYN SHIPAGER» медициналық сыйлығын табыстау рәсімі өткізілді. Қызыл кілеммен жүріп, қошеметке бөленген медицина қызметкерлерінің жүздері бал-бұл жайнады.
Астаналық медицина қызметкерлері арасында аталған сыйлықты тапсыру салтанаты биыл екінші мәрте өтті. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әріптестерін құттықтай отырып, «Ең үздік жас учаскелік дәрігер» номинациясының жеңімпазы – «Ниет» отбасылық денсаулық сақтау орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері Салтанат Такееваға «Алтын шипагер» мүсіншесі мен 1 млн теңге қаржылай сертификатын табыстады. Сондай-ақ министр бір топ медицина қызметкерлеріне ведомстволық грамоталар, медальдар мен мемлекеттік ордендер тапсырды. Салтанатты кеште 11 аталым бойынша сынға түскен жеңімпаздар алтындатқан лавр бұтағын иеленді. Ежелгі наным бойынша лавр ағашы – жеңіске жету, қорғау мен мәңгілік ұғымдарының және таза білімнің нышаны саналады.
Сонымен бірге кеше «Астана балет» ғимаратында «Денсаулық сақтау жүйесінің үздіктері» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Әрбір науқастың жан қиналысын өз бойларыңыздан өткізесіздер, олардың жүзіндегі әрбір күлкі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты», деді Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов марапаттау рәсімінде.
2019 жылдың құрметіне биыл 19 аталым белгіленіпті. Байқау нәтижесінде, «Үздік дәрігер» аталымында павлодарлық онколог-хирург Тельман Әлғожин үздік деп танылды. Әріптестері алдында мерейге бөленген жеңімпаз: «Менің еңбек өтіліме биыл – 23 жыл. 1996 жылы институт бітірісімен Павлодар облыстық онкологиялық диспансеріне жұмысқа келдім. Осы жерде табан аудармастан 20 жылдан астам уақыт еңбек етудемін», деді.
Ал Жамбыл облысы Қордай аудандық орталық ауруханасының дәрігері, акушер-гинеколог Шынар Өсербаева «Үздік ауыл дәрігері», Ақмола облысындағы көпбейінді облыстық аурухананың медбикесі Оксана Ситнер «Үздік медбике» аталымында топ жарды.
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем қызметінің 3-бөлімінде жұмыс істейтін Дариға Қанетова «Үздік фельдшер» атанса, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі үздік дәрігер» аталымында Ақтөбе қаласындағы «Отбасылық медицина орталығының» дәрігері Гүлайна Ізімова ерекшеленді. Әр аталымның үздігі құрметке лайық екені анық. Ал номинация тапсыруға шыққан дәрігерге ұзақ қол соғу сирек болатын көрініс. Өйткені ол қошаметтің жөні бөлек, ол әріптестің білігін, еңбегін бағалау. Зал толы жиылған қауым алтын қандауырлы дәрігер Жақсылық Досқалиевке құрмет көрсетті.
Сонымен «Үздік санитарлық-эпидемиологиялық дәрігер» номинациясының бас жүлдесі Алматы облысы тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті Іле аудандық басқармасының маманы Бағила Әбеуоваға бұйырса, қызылордалық Әсел Қадырәлиева «Үздік қоғамдық денсаулық сақтау маманы» атанып, Павлодар қаласы №3 емханасының бас дәрігері Қайырлы Қабылов «Денсаулық сақтаудағы үздік менеджер-ұйымдастырушы» жүлдесін жеңіп алды. «Медициналық жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» аталымында «Ұлттық медициналық университет» АҚ Фармация экономикасы, ұйымдастыру және басқару кафедрасының меңгерушісі Қайрат Жақыпбеков топ жарды. «Медициналық колледждің үздік оқытушысы» жүлдесі Қостанай жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Светлана Шулейкоға, «Денсаулық сақтау саласындағы үздік жас зерттеуші» аталымында «Семей медициналық университеті» АҚ деканы Аян Мысаев үздік шықты. Ал «Денсаулық сақтау саласындағы үздік ғалым» номинациясы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің директоры Дмитрий Бабенкоға табысталды. «Үздік санитарлық-эпидемиологиялық сараптама маманы» аталымын ғылыми-практикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы филиалының зертхана меңгерушісі Гауһар Нүсіпбаева иеленсе, Қарағанды облыстық онкологиялық диспансерінің онколог-дәрігері Татьяна Хайтиди «Үздік тәуелсіз сарапшы» атанды. Сонымен бірге «Денсаулық сақтау саласындағы үздік әлеуметтік қызметкер» аталымында Алматы №4 қалалық емханасының әлеуметтік қызметкері Ердос Кемалшаев жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздарға диплом және естелік сыйлықтар табыс етілді. Салтанатты жиын мерекелік концертпен аяқталды.