• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Маусым, 2019

Душанбеде АӨСШК-нің V саммиті басталды

495 рет
көрсетілді

Душанбеде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңестің бесінші саммиті басталды. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр.

Сондай-ақ бұл ауқымды шараға оннан астам  елдің Президенті мен Үкімет басшылары қатысуда. АӨСШК құрамында 27 мүше-мемлекет: Ауғанстан, Әзербайжан, Бангладеш, Бахрейн, БАӘ, Вьетнам, Израиль, Иордания, Ирак, Иран, Қазақстан, Камбоджа, Катар, Қырғызстан, Қытай, Мысыр, Моңғолия, Палестина, Пәкістан, Корея Республикасы, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Үндістан, Шри-Ланка бар. Сондай-ақ АӨСШК-ні шақыру туралы идея бірқатар мемлекеттерден және БҰҰ, ЕҚЫҰ, АМЛ (Араб мемлекеттері лигасы), ТүркПА, Халықаралық көші-қон ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардан қолдау тапты.

Бүгінде Азия мемлекеттерінің басын біріктіріп отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру туралы бастаманы Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткен болатын. Бастаманың негізгі мақсаты  - өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тиімді және қолайлы құрылым құруға ұмтылу. 

Тәжікстан АӨСШК тарихында Кеңес төрағасы болған төртінші мемлекет. 2018 жылы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы аясында Форумдағы төрағалық Қытайдан Тәжікстанға өтті. Тәжік тарапы диалогтағы өз төрағалығының тақырыбын «Орнықты даму арқылы жалпыға ортақ бейбітшілік пен қауіпсіздік» деп таңдады.

АӨСШК-ге мүше мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының кездесуі төрт жыл сайын өтеді. Соңғы рет бұл кездесу 2014 жылдың мамырында Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен.