• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Маусым, 2019

Жазғы универсиада мәреге жетті

527 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласында еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы X Жазғы универсиада ойындарының жалауы түсірілді.

2019 жылдың үшінші сәуірі мен оныншы маусым аралығында өткізілген, яғни табаны күректей үш ай жеті күнге созылған дүбірге толы жарыс спортты білім беру жүйесінің басты элементтерінің бірі ретінде дамытуға негіз қала­ғаны хақ. Екіншіден, универсиа­да бұқаралық спорттың өрісін өсіру мен саламатты өмір салтын өрістете түсуге де жаңаша серпін бергенін айтуға тиіспіз.

Универсиада ойындарының кейбір түрлері еліміздің Ал­маты, Шымкент, Өскемен, Орал және Тараз қалаларында өткізілгенімен, оның негізгі салмағы Ақтөбеге түскені талас туғызбайды. Айталық, өткен жы­лы Талдықорған қаласында аяқ­талған ІХ Жазғы универсиа­дада еліміздің 52 жоғары оқу орнының спортшылары бақ сынаса, биыл Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің базасында өт­кізілген байрақты бәсекеге ЖОО-ның командалары қа­тысып, спорттың 38 түрі бойынша бақ сынады. Сондай-ақ Х Жазғы уни­версиадаға 480 командадан 4025 спортшы қатысқаны атап айтуға тұрар­лық. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 70 пайызға артық.

Универсиаданың салтанатты түрде жабылу рәсімі кезінде Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садық Мұстафаев сөз тиегін осы арнадан сабақ­тады. Осы арада жалпы коман­да­лық есепте бірінші орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы ұтып алғанын айтуға тиіспіз. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мем­лекеттік университетінің коман­дасы жүлделі екінші орынды ен­шіледі. Ал үшінші орынды І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінің спортшы студент­тері қанжы­ғасына бөктерді.

Сонымен бірге X Жазғы универсиада сайыстары кезін­де М.Х.Дулати атындағы Та­раз мемлекеттік, Қ.А.Ясауи атын­дағы Қазақ-түрік және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қа­зақстан мемлекеттік универ­ситеттерінің ко­мандалары сәтті ойын өрнектерін көрсете білді. Олардың бәрі Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының құрмет грам­моталарымен арнайы марапатталды және кубоктар мен естелік ме­дальдарға ие болды.

Ақтөбе қаласында аяқталған X Жазғы универсиаданың же­ңімпаздары биыл Италияның Неаполь қаласында өткізілетін XXX Жазғы бүкіл дүниежүзілік универсиадаға қатысып еліміз­дің намысын қорғамақ.

Ақтөбе