• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Маусым, 2019

Қостанайда тіркелген барлық қылмыстың тең жартысынан астамы – ұрлық

268 рет
көрсетілді

Өткен жыл мен бүгінге дейін облыста тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың 3415-і өзгенің мүлкіне қол жүгірткен ұрлықшыларға тиесілі. Бұл барлық қылмыстың 53 процентін құрайды.

Бұл туралы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов хабардар етті. Биылғы жылдың басынан бергі 5 айда облыстағы қылмыс өткен жылдың сәйкесті мерзімімен салыстырғанда 10 процентке қысқарған. Сонымен қатар ұрлықты ашу соңғы бес жылда жақсара түскен, ал 2014-2018 жылдар аралығында жалпы ұрлық облыс өңірінде 15942-ден 9541-ге дейін азайған.

Бірақ ұрлықтың аты – ұрлық, ол қанша азайғанымен адамдар үшін зардабы ауыр. Оған қарсы күрес және профилактикалық жұмыстар облыста үзіліссіз жүргізіліп келеді. Профилактикалық жұмыстарды жақсарту үшін «Қазақтелеком» АҚ филиалымен бірлесіп, көп қабатты үйлерге 1202 видеокамера ілінген. Мұндай камералар қалаішілік автобустарда да орнатылған. Комиссия отырысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов видеокамера орнатылмаған автобус иелері мемлеклеттік сатып алу конкурстарына қатыстырылмауы керектігін айтты. Облыс өңірінде «дамып» тұрған ұрлық түрінің бірі қалта ұрлығы екен.

Отырыста көбірек сөз болған мәселе мал ұрлығының азаймай отырғанына байланысты болды.

«Шаруашылықтың және жеке сектордағы ұрланған малдардың таңбаланбауы, ен салынбауы және жайылымда қараусыз қалдыру оны іздестіруде қиындықтар әкеледі. Осы орайда өткен жылы облыстағы шаруашылық басшылары және тұрғындармен 517 жиын өткіздік, онда 40 мыңға жуық адамды қамтыдық» дейді Бекет Аймағамбетов. Ол биылдың өзінде 88 мал ұрлығы фактісі тіркелгендігін айтты.

Цифрландыру жетістіктері мал ұрлығын азайтуға және оның алдын алуға үлкен көмегін тигізеді. Облыс өңірінде өткен жылы 24 «GPS»- трекер орнатылса, биыл жыл басынан бері 34 «GPS»- трекер орнатылды. Соның арқасында мал ұрлығы 2017 жылғы 280-нен, өткен жылы 243 болып азайған. Облыста ұзын аяқты мал 1 266 325 болса, соның 1 127 515-і, 89 проценті таңбаланыпты. Бекет Аймағамбетов комиссия отырысында мал иесі, тұрғындар жиыны және бақташы арасында келісім шарт жасау керектігі туралы ұсыныс айтты. Қалай дегенмен де малдың қолды бомауына мал иесінің де жауапкершілігін арттыру керектігі сөз болды.

Қостанай