• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Маусым, 2019

Басты мақсат – адамдардың әл-ауқатын жақсарту

420 рет
көрсетілді

Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту мемлекет үшін қашанда басты бағыт болып қала беретінін Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсетті.

Осыған орай жергілікті билік алдына бірқатар тапсырма жүктеп, халық алдындағы уәделерін бұлжытпай орындауға міндетті екенін еске салды. Ең басты құндылығымыз – татулық, бірлік, тыныштық. Оған жету жолдары Елбасымыз айқындап берген стратегиялық іс-қимыл жоспарларында нақты айқындалған. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, еліміз орнықты дамудың жаңа деңгейіне шыға алуы үшін жаңа қадамдар мен жаңа шешімдер қажет. Бүгінгідей жедел өзгерістер, жылдам технологиялар уақытында сын-қатерлерді еңсере отырып, өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысу, аса мұқтаждарға көмек көрсету, табыс көлемін көбейту, кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін көтеру мәселелері өте өзекті екені даусыз.

Егер халықтың көңілі тоқ болса, еліміздің де экономикалық көрсеткіші оң қарқынмен алға жылжитыны анық. Президент белгілеп берген төртінші бағыт бойынша кешенді шаралар түзіліп, барлық азаматтың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға, тұрмысы төмен отбасыларға жағдай жасауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықты лайықты жалақымен қамту жайына баса назар аударылып отыр. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. Жобаға қатысушылар кәсіби және техникалық білімдерін жетілдіріп, шағын және орта бизнеспен шұғылдануды мақсат еткен. Жыл аяғына дейін тағы елуге жуық үміткерді оқыту жоспарланған.

Ауданда орналасқан агротехникалық колледж сапалы білім беру базасы ретінде таңдап алынды. Кәсіби шеберліктерін шыңдау мақсатымен жеті қатысушы Петро­павл құрылыс-экономикалық колледжі­мен келісімшарт жасасып, есепші, аспаз және дәнекерлеуші мамандықтарын мең­геріп шығады. «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негізгі қыр-сырларына қанықтыру жайы да ойластырылған. Болашақ кәсіпкерлерге «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау» қоры, серіктестіктер мен жер­­гілікті несие ұйымдары арқылы жаңа бизнес-идеяларды дамытуға гранттар беру қарастырылған. Биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоға­мына 22 өтінім беріліп, 31 жобаға мемлекеттік грант бөлінді.

Мұндай жеңілдіктер тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, кәсіпкерлікпен айналысуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға жағдай жасары анық. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін 14 жұмыс берушіден 29 жұмыс орнына өтінім түсіп, қанағаттандырылды.

Президент жас ұрпақ алдына Қазақстан дамуында шешуші рөл атқару, прогрестің қозғаушы күші болу талаптарын қойды. Жастар жылы аясында жас отбасыларға жан-жақты қамқорлық көрсетіліп, олардың барлық санатын қолдауға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылды. Ауданымызда жастар тәжірибесін қолдау, тарату мектебі жұмыс істейді. 103 ел ертеңін қоғамдық жұмыс­пен қамту үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, жұмыс берушілерден өтінімдер қабылданды. Үштен бірі жұмыспен қамтамасыз етілді.

 Адам өмірінің мәні еңбек ету ғана емес, ұрпақ тәрбиелеу екенін де естен шығармауға тиіспіз. Сондықтан отбасы құндылығы, бала тәрбиесі – ерекше назар аударатын өте өткір мәселенің бірі. Өйткені отбасы – қоғамның тірегі. Мемлекет аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында биылдан бастап жәрдемақы төлеудің жаңа тәртібін енгізгені белгілі. Шілде айында 353 адам атау­лы әлеуметтік көмекке қол жеткізеді.

 

Үмітжан НҰРТАЗИНА,

 аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары

 

Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданы