Астронавт Базз, ковбой Вуди, Слинки қандені, тиранозавр Рекс сынды өзге де ойыншық командасының қатысуымен шытырман оқиғаға негізделген фильм қазақ тіліне алғаш рет дубляждалып отыр. Дубляж кастингіне Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан елуден астам актер қатысқан. Ал туындының басты үш саундтрегін белгілі әнші Данияр Өтеген орындап шықты. Баспасөз жиынына қатысқан спикерлер әлемдік студиялардың фильмдерін қазақ тіліне дубляждаудың келешек жоспары мен жұмыс барысы туралы айтып берді.
– Жобаға демеушілік көрсетіп жатқан бизнес өкілдеріне, компанияларға шексіз алғысымды білдіргім келеді. 8 жыл ішінде 4 млн доллардан астам қаржы жиналды. Осылайша бизнестің көмегімен бүгін шетелдік киноның қазақ тіліндегі қоры қалыптасып, балаларымыз сүйікті Disney кейіпкерлерін тамашалай алады, – деді «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Шайжүнісова. Сондай-ақ қазақ тіліндегі фильмдердің кинотеатрлардағы көрсетіліміне байланысты қазақ тілді көрермен құқығы туралы айтып өткен кеңес төрағасы фильмдерді кинотеатрлардағы ыңғайлы уақыттарға қою мәселесі әлі де өзекті екенін атады.
Ұлттық фильмдердің сапасы мен бәсін арттыруды мақсат еткен осындай келешекті жобаға белсене атсалысып жүрген BI Group холдингі қордың алдағы жұмыстарына да кешенді қолдауды жалғастыра бермек. Мәселен, холдинг 2018-2019 жылдар аралығында 400 млн теңгеге қаржылай көмек көрсеткен болса, алдағы 2020 жылғы іс-шараларға 350 млн теңге бөліп отыр.
– Бұл BI Group холдингінің қолдау көрсетіп отырған сегізінші фильмі. «Аладдин», «Арыстан патша» секілді шетелдің танымал фильмдері қазақ тілінде сөйлесе – бұл мемлекеттік тіліміздің де мерейінің артқаны. Елдегі кәсіпкерлерді осындай тәлімді жобаларға қолдау көрсетуге шақырамын, бұл – Қазақстанның болашағы, – дейді BI Group холдингінің құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлы.
Голливудтық фильмдерді қазақ тіліне көркемдік дубляждауды мақсат еткен «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасының арқасында бүгінде 100-ден астам отандық актер «Walt Disney Pictures» дауыстық базасында тұр. Қазақ тілі «Walt Disney» компаниясының тарихында түрік тілінен кейін 39-шы және «Sony Pictures» үшін 7-орынға жайғасқан.