«Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істей бастады. Біз «Жас кәсіпкер» жастардың бизнес-бастамаларын дамыту бағдарламасын іске асырудамыз, жастар стартаптарын қолдаймыз. Жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырамыз. Менің міндетім – сіздердің ең үлкен армандарыңызды іске асыруға және жеке «табысқа жету тарихын» жасау үшін барлық мүмкіндіктерді жасау. Біздің жастар мақсатты, еңбекқор, жігерлі, сондықтан Қазақстанның болашағы жастардың қолында», деген еді.
Алыстағы ауылдарға барғысы келмейді
Шығыс Қазақстанда жастарға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Жастар жылы аясында олар қандай қолдауға ие болды? Облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекқызының айтуынша, бүгінде өңірдің қала-аудандарында 20 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жыл сайын аймақта жазғы маусымда 1475 студент жұмыспен қамтылады. Ал биыл осы бағдарламаға облыстағы көп балалы отбасылардың 166 баласы қосылмақ. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 12 жас кәсіпкерге 27 миллион теңгенің гранты бөлініпті. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде биыл 256 жас маманға 969 миллион теңгенің несиесі беріліпті. Облыстық Жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен, Атыраудағы әріптестерінің қолдауымен «Ембімұнайгаз» АҚ-тың қаржылай көмегінің арқасында былтыр көктемде Алтай ауданында тасқыннан зардап шеккен 6 отбасы баспанаға қол жеткізіпті. Орталық өңірдегі жастар арасындағы қылмысты төмендету бағытында жергілікті полиция мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен тізе қоса жұмыс істеп, көңілге кірбің түсіретін көрсеткіштердің төмендеуіне үлес қосыпты. Түзу жолдан тайып, шалт қадам басып, темір тордың ар жағынан келген азаматтарды қоғамға бейімдеу бағдарында да игі істерге мұрындық болыпты. Әке-шешесі жайсыз отбасы саналып, есепке алынған балаларды да назардан тыс қалдырмай, оларды мектепке даярлау жайын да естен шығармапты.
«Биыл елімізде – Жастар жылы, келесі жыл Еріктілер жылы деп жарияланып жатыр. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Біз Жастар жылында бір реттік емес, оларға ертеңгі күні пайдасы тиетін, болашақта кәдесіне жарайтын салмақты дүниелерді жүзеге асырсақ дейміз. Жақын арада әр саланың білікті мамандарымен бірге облыстың барлық аудан, қалаларын аралап шықпақ ойымыз бар. Қазір өңірде жастардың өз-өзіне қол жұмсауы, жас отбасылардың ажырасуы өзекті мәселеге айналып тұр. Осы бағытта жұмыс істемек ниеттеміз. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы тағы бір жоба қолға алмақпыз. Қорға жұмыссыз жастардың тізімі берілді. Жоба аясында 18 бен 29 жас аралығындағы жастарға 500 мың теңгеге дейін грант беріледі. Тек бизнес жоспар болуы керек», дейді жастардың жанашыры Арайлым Есімбекқызы.
Өңірде ауылға барып еңбек еткісі келетін жастардың қолын жіпсіз байлап отырған жайттар да бар. Ол – жолдардың нашарлығы мен шалғайлығы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, байланыстың жоқтығы.
«Жыл сайын аймақтағы аудан-қалалар өкілдерінің қатысуымен еңбек жәрмеңкесін өткіземіз. Сонда байқайтыным, студент жастар облыс орталығына жақын Ұлан, Жарма, Бесқарағай, Абай аудандарына жүгіреді. Алыс ауылдарға аттап басқысы келмейді. Біз арнайы сараптама жасадық. Мәселен, шекара шебіндегі Катонқарағай ауданының Ақсу ауылындағы мектепте біраз жылдан кейін мүлде мұғалім қалмайтын секілді. Өйткені мұндағы ұстаздардың дені зейнеткерлікке шығуға жақын. Сондықтан шалғай ауылдардағы жол, байланыс мәселесі шешілсе көп мәселенің түйіні тарқайтыны анық», дейді Арайлым Есімбекқызы.
«Zhas project» жобасы жалғаса ма?
2018 жылы Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында Дүниежүзілік банк пен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Zhas project» жобасы жүзеге асырылғаны белгілі. Жоба шеңберінде облыс жастарына 260 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, оның 130 миллионы гранттарды қаржыландыруға, 135 миллионы стипендия төлеуге жұмсалған еді. «Жобаға облыс аумағында тұратын 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Басымдық NEET категориясындағы, яғни жұмыс істемейтін, оқымайтын немесе жұмыс істеп аз табыс табатын жастарға берілді. Жобаның нәтижесінде облысымызда сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша 37 жоба қолға алынып, 10 спорт үйірмесі, 21 тілдерді және компьютерді үйрету курсы, 14 волонтерлік жоба, 8 наубайхана, 7 шаштараз бен сұлулық салоны, 4 ателье, балаларды дамыту үйірмесі, 3 кіші құс фермасы, омарта, дыбыс жазу студиясы, полиграфия және коррекциялау сыныбы, иппотерапия курсы, аяқкиім шеберханасы ашылды. Ай сайын өздерінің жобалары аясында 491 қатысушы мыңдаған шығысқазақстандыққа тегін қызмет көрсетіп келеді.
Бәлкім біреуге бұл жай ғана қарапайым сандар болып көрінетін шығар. Бірақ оның артында тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаға көмек көрсетуді армандаған жастардың жеңістері тұр. Біз осы жастарға жоба кезеңінде игерген білімдері дара тұлға ретінде дамуына, көмекке зәру адамдарға пайдасын тигізуге, қаржыландыру аяқталған соң жобаны жалғастыруға көмектеседі деген сенімдеміз», – деген еді жыл басында Өскеменде өткен қорытынды жиында сөз сөйлеген аталған жобаның Шығыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық үйлестірушісі болып жұмыс істеген Серік Жүнісов.
Газетімізде осы жоба арқылы грант ұтып алып, 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылды интернетпен қамтып отырған Тарбағатай ауданының шалғайындағы Қызылкесік ауылындағы жастар туралы «Үш жігіт ауылды интернетпен қамтып отыр» деп мақала жазған едік. Талапты жігіттердің қолға алған «Цифрлы ауыл» жобасымен танысуға Қызылкесікке арнайы барғанымызда: «Біздің ауыл шалғайда орын тепкеннен кейін бе, интернет әлі жетпей жатыр. Қазір интернетсіз жұмыс бітпейтін болды ғой. Мына жастар қолымызды ұзартып отыр. Үшеуіне рахмет. Енді олар отырған ғимаратты жақсылап жөндеуден өткізіп берсе дұрыс болар еді», – деп өтініш білдірген-ді грант ұтып алған үш жігіттің бірі Өміржан Мұқышевтің әкесі Серік ағамыз.
Расында, былтыр бұл жобаны өңір жастары зор қызығушылықпен қабылдаған еді. Семейлік жас жігіт 60 ананы балаға массаж жасауға үйретіп, оқытып, қолдарына сертификат беріпті. Зайсан қаласында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» жобасы арқылы 300 әйелге психологиялық-құқықтық көмек көрсетіліпті. Аяжан атты бойжеткен Глубокое ауданында 50 зейнеткерді компьютерлік сауаттылыққа үйретіпті. Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылының бір бозбаласы әкімдік берген тізім бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың аяқ-киімдерін жөндеп беріпті. Алтай қаласында бір жігіт өзінің жобасы аясында мүгедек жандардың көліктерін тегін жөндеп, алғыстарына бөленіпті.
Арайлым Есімбекқызы бұл жоба өңірдің жастарына үлкен қолдау болғанын, 2018 жылы «Zhas project» жобасы аясында грант ұтып алған жастардың 80 пайызы өз кәсібін дөңгелетіп әкеткенін айтады. «Облыс әкімдігіне осы жобаны аймақта жалғастыру жөнінде жастар тарапынан ұсыныс айтылды. Мәселен, шекарадағы Марқакөлде туризмді неге дамытпасқа?! Тарбағатайдың Қызылкесік ауылының жастары секілді Марқакөлдің де жастарына грант беріп, алты ай 60 мыңнан стипендия төлесеңіз көл жағасындағы туризмнің өркендеуіне үлес қосудан бас тартпас еді деп ойлаймын. Арнайы тур жасап, бұрынғы аудан орталығы – Марқакөлден көлге дейін туристерді неге апармасқа?! Осыны қолға алсақ, шетелдік туристер қызығушылықпен келетініне күмәнім жоқ» дейді ол.
Жастарға басқосу емес, бюджет керек
Облыстағы жастардың жай-күйін, оларды толғандырған мәселелерді жақсы білетін, өзі де жастар саясаты саласында жұмыс істеген Серік Жүнісов Жастар жылы республикада да, өңірде де өз деңгейінде өтпей жатқанына, нақты істерден гөрі пайдасы аз жиналыстардың көптігіне қынжылысын білдірді. «Жастар жылында менің ойымша, «Zhas project» жобасы секілді жастарға нақты, адрестік көмек көрсететін бағдарламалар жүзеге асырылу керек еді. Міне, жарты жыл өтті. Өкінішке қарай, мұндай жобалар жасалған жоқ. Мерекелік іс-шаралардан, форумнан басқа жастарға бюджет берілді ме? Бюджет берілмесе олардың мәселелері қалай шешіледі? Онсыз да алдын ала жоспарланған дәстүрлі шараларға Жастар жылының логотипін жапсырып жиындарды өткізіп жатырмыз. Өз басым бұдан басқа ешқандай нәтиже көріп отырғаным жоқ. Жалпы республикалық арнайы бағдарлама, жалпы республикалық бюджет болмаған соң бәрі бекер секілді. Шығыс Қазақстанға қатысты айтар болсам, жоғарыда айтып өткенімдей көп бюджетті қажет етпейтін, құжат жұмыстары да жеңіл «Zhas project» жобасының баламасын өңірде қолға алу керек еді. Бұған 300 миллион теңге облыстық бюджеттен табылар еді деп ойлаймын. Есесіне 300 миллионға қаншама жоба қолға алынып, қаншама жас жұмыс табар еді. Ең бастысы, қаншама жастың идеясы жүзеге асар еді. Жұрттың көбі жастарды еріншек деп ойлайды. Жоқ, оларға тек мүмкіндік беру керек, жағдай жасау керек», деген Серік Жүнісов Жастар жылында жастардың мәселесі шешілмесе де, «жастардың арасында шынайы жұмыссыздық деңгейі қандай, жас отбасылардың табысы қанша, мемлекеттік бағдарламалармен несие алу қаншалықты тиімді?» деген секілді оларды толғандырған мәселелерді нақты анықтап алсақ жақсы болар еді деп есептейді.
С.Жүнісов қаладағы аула клубтарының жұмыстарын заман талабына сай қайта қарайтын кездің жеткенін де тілге тиек етті. Өйткені қазіргі жастардың, жасөспірімдердің көзқарасы, дүниетанымы, қызығушылығы басқа. «Аула клубтары кітапхана секілді. Мұнымен қазіргі жастарды қызықтыра алмайсың. Сондықтан аула клубтарын солардың қызығушылығына қарай бейімдеу керек» дейді ол.
Шығыс Қазақстан облысы