Сайлау Конституция талаптарына сай өтті
Бірлескен отырыстың күн тәртібі бойынша Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин алғашқы сөзді Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәмиге берді.
Ел Конституциясының 53-бабы 6) тармақшасына сәйкес Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Кеңестің жыл сайынғы Жолдауы дәстүрлі түрде жарияланып келеді. Қ.Мәми атап өткендей, Конституция – егемендігімізді паш ететін, азаматтығымызды айқындайтын маңызды құжат және татулықты ту еткен елдігіміздің алтын қазығы. Оның айтуынша, бұдан бұрынғы Жолдауды жариялағаннан бергі кезең еліміздің мемлекеттілігі мен конституциялық бірегейлігі үшін тарихи таңбалы оқиғалармен ерекшеленген.
– Салиқалы халқымыздың сабырымен, биліктің сайлану салтымен Қазақстанда жоғары биліктің байсалды ауысуы жүзеге асты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда өз еркімен отставкаға шығуын жариялап, Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін тоқтатты. Конституция нормаларына сәйкес республика Президентінің өкілеттігі Парламент Сенатының Төрағасына өтті. 9 маусымда өткен Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Президенті болып Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайланды. Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі және республика Президентінің кезектен тыс сайлауы конституция талаптарына қатаң сәйкестікте өтті. Осылайша, сонау тәуелсіздіктің басында Елбасы мәлімдегендей, Ата Заңды адал сақтау бағытының сабақтастығы және соған сәйкес қоғам мен мемлекеттің бұлжымастығы расталды. Биліктің көшуі қалыпты жағдайда өтті, – деді Қ.Мәми.
Конституциялық Кеңес Төрағасы еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудағы аса маңызды қадамдар ретінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны, Түркістан облысының құрылуын және түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан қаласын дамыту жөніндегі бас жоспардың түзілуін атап өтті.
Қ.Мәми одан әрі еліміздің халықаралық мәртебесі мен беделін көтеруге бағытталған іс-шараларға да тоқталып өтті. Сонымен қатар Конституциялық Кеңестің есепті кезеңдегі атқарған жұмыстарын, ресми түсініктерін жан-жақты баяндады.
– Мәселен, Кеңестің ұстанымы бойынша заңнамада бірқатар ұғымның мазмұны айқындалды. Енді мемлекеттің мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру кезінде оның құнын өтеу бұрынғыдай кадастрлық немесе шарттық емес, нарықтық бағасы бойынша жүзеге асырылатын болды. Атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану тәртібі реттелді. Сондай-ақ оны жүзеге асыру процесінде мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің ара-жігі ажыратылды. Конституциялық Кеңестің ұсыныстарын ескере отырып, Әкімшілік-рәсімдік-процестік кодекстің жобасы әзірленді, – деді Қайрат Мәми.
Конституциялық Кеңес ұсынымдарының бірқатары адам құқықтарын қорғау мәселелерін қамтыған. Олар әйелдердің және балалардың заңды мүдделерін қорғауды күшейту, адамның қадір-қасиетіне және меншік құқығына қол сұғылмаушылық кепілдіктерін нығайту, сот ісін жүргізудің барлық түрлерінде мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібін жетілдіру, қылмыстық процесте жекеше айыптау істері бойынша жәбірленушілердің құқықтарын кеңейтуге қатысты болған.
Кеңес Төрағасы сөзінің соңында келесі жылы республика Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толатынын және бұл датаны кең көлемде, терең мағынасында атап өту керектігін айтты.
Палата депутаттары Конституциялық Кеңес Жолдауын қабылдады.
Бюджет нақтылықты талап етеді
Бірлескен отырыстан Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі бойынша алғашқы сөз Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа берілді. Оның баяндауынша, 2018 жылы бюджеттік саясат мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға және экономиканың одан әрі өсуіне негізделген. Сол себепті экономиканың нақты секторларын қолдау, жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік саланы дамыту бюджеттің атқарылуының басым бағыттары болған.
– Жыл қорытындысымен ел экономикасының өсуі 4,1 пайызды құрады. Бюджеттің кірістері 8,8 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде салықтар 5,7 трлн теңгеден асты. 2017 жылмен салыстырғанда салықтардың жалпы кірістер көлеміндегі үлесі 15 пайызға өсіп, 65 пайыз болды. Ішкі жалпы өнімдегі мұнайға қатысты емес кірістердің үлесі 8 пайызды құрады, – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Аталған өзгерістерге индустрияландыру, агроөнеркәсіп кешені, орта және шағын бизнес, тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудың оң қорытындылары ықпал еткен.
Қаржы министрінің айтуынша, есепті кезеңде бюджеттің әлеуметтік бағыты күшейе түскен. Бұл салаға бүкіл шығыстардың жартысына жуығы, яғни 4,3 трлн теңге бөлінген. Сондай-ақ әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға 2,6 трлн теңге бағытталған. Ал ана мен баланы әлеуметтік қолдауға 2018 жылы 146 млрд теңге жұмсалып, оның нәтижесінде 849 мыңға жуық адам жәрдемақы алған.
Мемлекетті дамыту үшін маңызды рөл атқаратын салалардың бірі – білім саласы – 474 млрд теңге, денсаулық сақтау саласы – 1 трлн 71 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – 257 млрд теңге және ауыл шаруашылығы саласы 419 млрд теңге көлемінде қаржыландырылған. Осы салаларға бөлінген қаражаттың көлемін жіктеп, олардың тиімділігін жіпке тізгендей қылып баяндаған Ә.Смайылов депутаттардың және Есеп комитетінің барлық ұсынысын орындау үшін Үкіметте арнайы Жол картасын дайындап бекітіп, іске асыру басталғанын атап өтті.
Одан әрі сөз алған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова 2018 жылы республикалық бюджеттің орындалуы Үкіметтің Парламент пен Есеп комитетінің былтырғы ұсыныстарын ескерумен бюджет процесінде жүргізген ауқымды өзгерістерінің аясында өткенін айтты.
– Былтырғы қарастыру қорытындысы бойынша Есеп комитетінің Үкімет пен мемлекеттік органдарға берген ұсыныстарының 72 пайызы іске асырылған және орындалу сатысында, бұл бюджеттің орындалуы бойынша жағдайды жақсартуға септігін тигізді. Бюджетке 2 есе аз түзетулер енгізілді, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану 4 есеге дерлік төмендеді, оң динамика нығайды, – деді Н.Годунова.
Есеп комитетінің төрағасы сондай-ақ қаржылық заң бұзушылықтарға жауапты адамдарды жазалау мәселесін де көтерді.
– Жалпы, сапасыз бюджеттік шешімдер 2018 жылы 138 млрд теңге тиімсіз шығыстарға әкеліп соқтырды. Ал бұл ретте кім жауапқа тартылды? Көбіне бұл шешімдерді қабылдамайтын қатардағы орындаушылар жазаланады. Есеп комитетінің материалдарына сүйенсек, 2018 жылы тәртіптік жауапқа 224 қызметкер тартылған, оның тек 9 пайызы басшылар, – деді Н.Годунова.
Төрағаның пайымдауынша, қаржылық заң бұзушылықтар үшін лауазымды адамдарды міндетті түрде жауапқа тартуды қарастыру бөлігінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу өте маңызды. Осы орайда заң бұзушылық сомасына байланысты, сондай-ақ бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлағаны және тиімсіз пайдаланғаны үшін осы жауаптылықтың ара-жігін белгілеу қажет.
Одан әрі күн тәртібіндегі мәселеге байланысты Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дәурен Әділбеков пен Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Симонов қосымша баяндама жасады. Сонымен қатар Парламент палаталарының бірнеше депутаты талқылауларға қатысып, республикалық бюджетке байланысты бірқатар өзекті мәселе көтере келе, Үкіметтің 2018 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін қабылдады.
Отырыс соңында Премьер-Министр А.Мамин депутаттарға бірлескен тиімді жұмысы, Үкіметтің 2018 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін тыңдау бойынша ашық әрі сындарлы ұсыныстары үшін алғыс білдірді.
– Депутаттар көтерген барлық сауалдар, ескертулер мен ұсыныстар бойынша нақты жұмыстар ұйымдастырылады. Қажетті шаралар шұғыл қабылданады. Алдағы уақытта да Үкімет Парламент депутаттарымен бірлесе жұмыс жүргізетініне сенімдімін, – деді А.Мамин.