Ахметжан Есімов Атырау маңында салынып жатқан «Kazakhstan Petrochemical Industries» атты газ-химия кешенін аралап, кешендегі менеджмент ауысқаннан кейінгі құрылыс барысын оң бағалаған. Қазіргі таңда полипропилен зауытының құрылыс қарқыны 34%-ды құрайды. Ал 2017 жылдың 27 қарашасы мен 2018 жылдың 28 маусымы аралығында жобаның жүзеге асырылу жылдамдығы небәрі 6% болатын.
«Қазір зауыттың бас жоспары мен технологиялық сызбасы әзірленген. Жоспар бойынша, жоба құрылысы 2021 жылдың ортасына қарай толық аяқталады», – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» басшысы «Қашаған» кен орнындағы теңіз кешені аралын аралап, нысанның қазіргі жағдайынан хабардар болды. Кешенді жөндеуден өткен Қашағаннан қазір алынып отырған мұнай көлемі күніне 400 мың баррельге жеткен.
Былтыр кен орны жылына 11,3 млн тонна мұнай алу жоспарын алға қойған. 2018 жылы жоспарды асыра орындаған «Қашаған» қызметкерлері былтыр 13,2 млн тонна мұнай өндірді.
Сапар аясында Ахметжан Есімов Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовпен кездесіп, Қордың компаниялар тобымен арадағы өзара ынтымақтастық туралы кеңес өткізді. Айта кетерлігі, Қорға қарасты ұлттық компаниялар Маңғыстау облысы бюджетінің 38%-дан астамын қалыптастырып отыр.
Кеңес барысында екі тарап қазіргі өңірдегі жобалардың, соның ішінде қайырымдылыққа қатысты жобалардың даму болашағын талқылады.