• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2019

Мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашқан шаруалар

712 рет
көрсетілді

16 маусымда Бурабай ауданының бірқатар ауылдарына іссапармен барып, ауыл шаруашылығының дамыған үлгісін өз көзімізбен көріп қайттық. Сапарда ел астанасының азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген шаруа қожалықтарының жұмыс барысы таныстырылды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» қаржыландыруы арқылы іске асып жатқан жобалар бүгінде нәтижесін көрсетуде.

Бурабай ауданы, Кенесары ауылында  «Ырыс» бағдарламасымен несие алып,  «Омаров» сүт-тауарлы фермасын алға жылжытып отырған кәсіпкер бар. «Қазіргі уақытта сүтті бағыттағы 350 бас сиырым бар. Сауған сүтімізді сүт өңдейтін «Айна» ЖШС-не, Көкшетау гормолзауыдқа, «Milk Ptojekt» ЖШС мен «Natige» ЖШС сияқты зауыттарға жеткіземіз. Олармен сүт жеткізу жөнінде бекіткен келісім шарттарымыз бар. Жыл сайын сүт тапсыру көлемін де арттырып келеміз. Мемлекеттк қолдаудың арқасында шаруашылығымыз өз деңгейінде жүріп келеді. Ендігі жоспарым мал басын көбейте түсу. Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 77 млн 500 мың теңгеге берген өтінімімді мақұлдады. Бұл қаржыға сүтті бағыттағы голштин тұқымды сиыр сатып алуды 2020-2021 жылдарға жоспарлап отырмын», - дейді шаруашылық басшысы Серік Омаров. 

Ол несиенің пайыздық төлемінің тиімді әрі мерзімінің қолайлы екенін де айта кетті.Бүгінде кәсіпкер 7 адамды жұмыс қамтып отыр. Жалпы Кенесары ауылдық округінде 25 шаруа қожалығы, 8 серіктестік жұмыс жасайтынын өңір әкімі Ахметов Әлімжан Амангелдіұлы атап өтті.

Бурабай ауданы, Қымызнай ауылында «Айдын» шаруа қожалығы бар. Қожалық биыл ғана «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, Словакиядан симментал тұқымды ірі қара сатып әкелген.

 «Биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақмола облыстық филиалынан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 млн. теңгеге жуық несие алған едім. Сол қаржыға Словакиядан 53 бас симментал тұқымды ірі қара және осы жақтан мал азығын дайындайтын техника сатып алдым. Қордан алған несиенің көмегі үлкен болды. Енді осы малды аман-есен бағып, өсіру керек. Оған мүмкіндігіміз жеткілікті», - дейді шаруа қожалығының басшысы Талғат Ташиков. Шетелден әкелген малдардың генетикасының жақсы екенін, етті көп беретінін атап өтті. «Мақсатымыз - өз малдарымыздың саны мен  сапасын жақсарту» дейді кәсіпкер.

         Бурабай ауданы, Қымызнай ауылындағы кәсіпкер Алтай Кабдулин Қордан несие алып жұртқа пайдалы өнім өндіруде. Ол мал және құс шаруашылығын дамытуға бағытталған «Игілік» бағдарламасы арқылы несие алған және  қазір қымыз өндірумен айналысады. Сапалы дайындалған ұлттық сусынға сұраныс та үлкен көрінеді.

 «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 млн. теңге несие алып, оған 18 бас жылқы сатып алдым. Өзімнің биелерімді қосқанда қазір 36 бие сауып отырмыз. Қазіргі уақытта күніне 120 литр қымыз дайындаймыз. Қымызға сұраныс үлкен. Ешқайда тасымай-ақ тұтынушыларымыз өздері алып кетеді. Екі денсаулық сақтау мекемесімен келісім-шартымыз бар. Соларға өткіземіз», дейді ауыл кәсіпкері Алтай Кабдуллин.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар несие өнімдерін іске асырады. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы етті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын қолдауға арналған. Бағдарламаның мақсаты - ірі қара мен ұсақ мал етін өндіру бойынша саладағы отандық экспорттың әлеуетін арттыру. Жылдық сыйақы үстемесі 4% болатын несие 15 жылға 70 миллион теңгеге дейін беріледі. Жылдық тиімді үстемесі 4,1%-тен басталады. Сыйақы мен негізгі қарызды төлеу бойынша 2 жылға дейінгі жеңілдетілген мерзім қарастырылған.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақмола облыстық филиалының директорының орынбасары Кенжеахметов Абзал Сейітұлының айтуынша биыл ауыл кәсіпкерлерін қолдауға 1 миллиард 838 миллион теңге бағыттау жоспарланып отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1 105 млн. теңге соманың 24 несиесін берді. Ол қаржыға 1 541 бас ірі қара, техникалар мен мал азығы сатып алынды. Ал, биыл 625 бас ірі қара сатып алу үшін шаруаларға 537 млн. теңге болатын 12 несие берілді. Жыл соңына дейін бұл мақсатқа 1 млрд. теңгеден астам қаржы бағыттау жоспарлануда.

        Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Ырыс» бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бері 50-100 басқа арналған сүтті-тауарлы фермаларды дамытуды жүзеге асырып келеді. Осы бағыт бойынша, жалпы құны 298 млн. теңге болатын Ақмола облысындағы 11 жоба қаржыландырылды. 803 бас сүтті бағыттағы сиырлар сатып алынды. Бағдарламаның мақсаты – сүтті мал басын көбейту, қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету.

«Бұл бағдарламалардың өзіндік талаптары бар. Біріншіден, ауыл тұрғыны болу керек. Екіншіден, жобаны іске асыратын қора-қопсысы болуы шарт. Несие алған адам ісін дөңгелеткенше яғни, екі жылға дейін төлеуден босатылады»,- дейді Абзал Сейітұлы.

 Ақмола облысында Қор арқылы қаржыландыру жалғасуда. Соның ішінде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиемен қамтамасыз ету үшін өтінімдер қабылдануда. Атакәсіпті дамытамын деушілерге мүмкіндік көп.

Жанар ЕРБОЛ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика мамандығының студенті.

Суреттерді түсірген Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ.