• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Маусым, 2019

Жаңғырған Жетісудағы жаңа жобалар

404 рет
көрсетілді

Осыдан 2 жылдан астам уақыт бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланған болатын. Бұл мақала өңірлердің руханият саласына жаңа серпіліс әкеліп, тың жобалардың туындауына жол ашты. Осы орайда рухани тұрғыдан жаңғыру жұмыстары Жетісу өңірінде де қарқынды жүріп жатыр. Соның бір парасын ой елегінен өткізуді мақсат етіп отырмыз.

Сәл әріден бастасақ, облыс­та «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын тиісті деңгейде жүзеге асыру үшін 2017 жылы 319 жоба мен іс-шара іске асырылды. Сол жылы ұйымдастырылған 8584 іс-шара 1 млн шамасында адамды қамтыды. Ал 2018 жылы 323 жоба іске асырылып, ұйым­дастырылған 9285 іс-ша­раға қа­тысушылар саны 1 млн 300 мыңнан асты.

Жалпы, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңбе­ріндегі жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу, мониторинг жүргізу ма­қ­сатында Алматы облысы әкімдігінің жанынан сарапта­малық кеңес құ­рылған болатын. Бүгінде кеңес құрамында барлығы 22 мүше болса, олардың ішінде 11 жетекші ғалым, үкіметтік емес ұйымдардың және басқа да салалардың өкілдері бар.

Биылдан бастап «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі ашылып, орталықта қыз­мет етуге штат саны 20 адам­ды құрайтын жобалық менедж­ментті меңгерген мамандар, SMM-менеджерлер, жастардың үкіметтік емес ұйымдарының көшбасшылары, креативті, білікті мамандар жиналды. Биыл аймақта Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласында айтылған бағыттар­ды іске асыруға арнал­ған жалпы саны 585 жоба мен іс-шара қолға алы­нуда.

Оның арасында Жетісу өңі­­рінің туризмін насихаттау мақ­сатында түсірілген «I love Taldykorgan» мюзиклінің тегін премьералық көрсетілімі өткізілді. Мюзикл Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының кинотеатр­ларында көрсетіліп, «YouTube» бейнехостингіне жүк­теліп, 24 мыңнан астам көрер­мен тамашалады. «Мұқа­ли» тарихи-танымдық экспеди­циясы ұйымдастырылып, арнайы сапармен Қытай Х­а­лық Республикасының тари­хи өңір­лерін аралап, сол экспе­дицияның материалдары негі­зінде таралым саны 1000 данада «Мұқали» атты кітап жарық көрді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастамасымен «Жаңа әліпбиде жазып үйренейік» онлайн-сабақ жобасы жүзеге асырылуда. Басқарманың сайтына жүктелген 36 онлайн-сабаққа бүгінде 2260 тыңдаушы қатысқан.

Мәдениет және спорт, Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистр­ліктерінің қолдауымен, Алматы облысы әкімдігі және «Рухани жаңғыру» орта­­­­­лық жобалық кеңсесінің ұйымдас­тыруымен жақында халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шара­лардың бірі - «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәде­ниетті ілгерілету» атты І Ха­лық­­­­­­аралық ғылыми-тәжіри­бе­лік конференция­сы өтті. Үш күн­дік конференцияға Фран­ция, Германия, Армения, Поль­ша, Белоруссиядан келген ха­лық­­аралық сарапшылар мен ға­лымдар, мәдениеттанушылар, арт-менеджерлер, аймақтық және республикалық көлемдегі жоба­лық кеңселердің өкілдері қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында жарыққа шық­қан кітаптар легі бір төбе. Оның ішінде «Жетісу өңірінің ха­лық және халық композиторлары әндерінің антологиясы» жинағының мәртебесі жоғары. Антологиялық жинаққа жалпы саны 250-ге жуық ән кірді. Кітап қазақ халқының ғұрыптық әндері, халық әндері, халық композиторларының әндері дей­тін 3 бөлімнен тұрады. Сон­дай-ақ «Жетісу кітапханасы» 100 томдығы сериясының аясында өткен жылы 20 автордың кітабы жарыққа шықса, биыл 40 кітап басылады деп жоспарлануда. Оның ішінде 20 кітап жас ақындардың тұңғыш жыр жинағы болмақшы.

Облыс көлемінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстарды ақпараттық сүйемелдеуге де баса көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде Facebook, Instagram, VK әлеуметтік желілерінде және YouTube видеохостингінде «Ру­ха­ни жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің парақшалары ашылып, ақпараттық сипатқа ие 27 жарияланым мен 46 видеролик жүктелді. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шең­берінде түсірілген бейнероликтер облыстық телеарнада және LED-экрандарда 4-5 реттен көрсетілуде. «Ұлы NOMAD», «Ұлт пен рух», «Тарих парақтары» телебағдарламаларында тақы­рып­тық сұхбаттар ұйым­дас­тырылуда. Өткен жылы ВВС телерадиокорпорациясымен бірлесе «Жетісу» атты бейнеролик түсірілген болатын. Оны Жер шарының 571 миллион көрермені тамашалады. Сондай-ақ бейнероликті «Мир ТВ» телеарнасы ротациялап, 150 миллион көрермен тағы тамашалады. Қазіргі уақытта «Жетісу» бейнеролигі ТМД елдерінде кеңі­нен танымал болды.

Сондай-ақ «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында бірқатар жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, «Жетісу арба бәйгесі» байқауы, «Нағыз қазақ домбыра» атты кеші, «Алтын сақа» атты асық ойыны мен «Sara - Birzhan» тақырыбында айтыс ұйымдастыру, Ілияс Жансүгіров жайлы деректі фильм түсіруге кірістік. Мұнан бөлек «Ұлы дала­ның мәңгілік мирасы – Манас» тақырыбында қазақ-қыр­ғыз зиялыларының III форумы, «T-CON» иллюстратор­лар мен аниматорлардың халық­аралық фестивалі, «Алтын адам ізімен», «Жетісу туралы араб, парсы, түркі деректері», «Ата-бабалардың бас­тауына» атты 3 халықаралық экспедициясын, «Орбұлақ шай­қасының тарихи қойылымы» жобасын, «Көшпенділер тарихи қолөнері» фестивалі, «Шөген - 2019» рес­пуб­ликалық турнирі, «Жетісу – Жібек жолының бас­тауы» атты жастар экспедициясын ұйым­дастыру және «Тамыры терең әліпби» антологиялық жинағын шыға­ру жоспарда бар.

 

Дана ДҮЙСЕНОВА,

Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры