• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Маусым, 2019

«ҚазТрансГаз» АҚ «Үздік маман» байқауын қорытындылады

484 рет
көрсетілді

«ҚазТрансГаз» ұлттық газ операторы – еліміздің аймақтарын газдандыру ісіне қомақты үлес қосып келе жатқан іргелі компания. Осы бағытта атқарылған іргелі жобалар ең қолайлы отын түрінің ел игілігіне бағытталуына кең жол ашты. Қысқа уақытта ұлттық оператордың үлкен жұмыс тындырғанына сайын Сарыарқаға газ берудің табалдырығында тұрған «Қараөзек» жаңа компрессорлық стансасының базасында өткен «Үздік маман – 2019» жұмысшылардың кәсіби шеберлігінің дәстүрлі байқауына арнайы барғанда тағы да көз жеткіздік.

Қызылорда облысынан бұралаңдап шыққан қасқа жол Жезқазған трассасына жалғасады. Екі облыстың ортасын бес жүз шақырымға жуық дала жалғап жатыр. Марғау, маңғаз дала жолаушы үшін жылдың қай мезгілінде де сынақ. Ортада шаңытқан аязда, аптап ыстықта жанға сая болар тірек аз. Біз мінген көлік құлдилап батыс беткейге бұрылған. Жаңа ғана қоянсүйек, жыңғылдан көз сүрінген са­йын даланың бір түкпірінен көк күнікелері күнге жарқырап шағын қалашық шыға келді. Жапандағы қала. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның су жаңа компрессорлық стансасы.

Осында республикамыздың газ саласының мамандары 15 кәсіп бойынша үздікті анықтау үшін сынға түсті. Еліміздің 9 млн тұрғынын көгілдір отынның рахатына кенелтіп отырған – газ саласының мамандары. Мыңдаған шақырымдық жерге газды ысырапсыз және ең бастысы, қауіпсіз жеткізу – асқан жауапкершілікті талап ететін іс. Қызылорда облысында бас қосқан газ саласының нағыз шеберлері өзара бақ сынасып, үздіктерді анықтады.

«Үздік маман – 2019» байқауы жұ­мыс­­шы мамандықтарының беделін арт­тыруда, газ саласындағы еңбек же­тіс­­тік­тері мен озық тәжірибені насихат­тау­да маңызды элемент болып табы­ла­­ды. Оны өткізу жұмысшы маман­дық­­­тары бойынша оқыту мен еңбекке орна­ластыру үшін жастарды тартуға да ықпал етеді.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Біріншісі, сәуір айында Жамбыл облысындағы «Ақыртөбе» жерасты газ сақтау қойма­сы­­ның базасында төрт мамандық бойын­ша, «Мұнай және газ өндіру жөнін­дегі оператор», «Бұрғылаушы», «Бұрғы­лау­шының көмекшісі» және «Ұңғы­маларды зерттеу жөніндегі оператор» маман­дықтары бойынша өткен болатын.

Екінші, шешуші кезең 11 мамандықты қамтыды. Үш күн бойы байқауға қатысу­шылар өндірістік қауіпсіздікке қатысты сұрақтарды білуін қоса алғанда, өздерінің теориялық және практикалық дағдыларын ортаға салды.

«Қараөзек» компрессорлық станса­сының стадионында өткен салтанатты жиынды ашқан «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орын­­басары, конкурстық комиссия төр­ағасы Мұхатай Шаңбатыров «Үздік маман – 2019» байқауының басты мақ­сатын жан-жақты талдап берді.

– Газ өнеркәсібінің бүкіл даму тарихы – ерекше төзімді, батыл адамдар­дың табандылығы мен ерлігінің үлгісі. Газшылар әрқашан жоғары беделге, зор құрметке ие болып келеді.

Бүгін мұнда үздіктердің үздігі бас қосып отыр. Олар өздерінің кәсіпқой маман екендерін өз филиалдарында қатаң іріктеуден өтіп, дәлелдеген жандар.

Әділқазылардың алдында аса маңыз­ды міндет тұр. Ол – сіздердің аралары­ңыз­дан ең лайықтысын таңдау. Біздің ат­қарып жатқан шараларымыздың бәрі ең алдымен сіздердің табиғи газды апат­сыз тасымалдау бойынша өз мін­дет­­теріңізді бұрынғыдан да сапалы, білік­ті орындауларыңыз үшін бағыт­тал­ған. Сіздерге сәттілік тілеймін! Төре­ші­лер мен жолдастарыңыздың алдында кәсі­би білімдеріңізді барынша көрсетуге ты­ры­сыңыз­дар! – деді ол.

«Қараөзектегі» байқауға қатысқандар – бұған дейін өз филиалдарындағы қатаң іріктеуден өткен кәсіби мамандар. Олардың біліктілігі еліміздің осы саладағы жұмысы үшін аса маңызға ие. Өйткені сонау Бейнеу мен Бозойдан тар­тыл­ған газ магистралі елімізді көгіл­дір отынмен қамтып қана қоймай, Қытай сияқты әлемдегі ең әлеуетті мемле­кетке де экспортқа газ шығарады. Ал ол оңай шаруа емес. Мәселен, дәне­кер­­леуші үшін үлкен сынақ бар. Құ­быр бойында иненің жасуындай тесік қал­ды­рылса, ол үлкен апаттың бастауы бол­мақ. Сол сияқты, әр мамандықтың өз сыры, өз құпиясы бар. Үздік мамандар кон­курсының бір ерекшелігі, жүзден озған­дар өз біліктілігін әріптестерімен бөлі­сіп, кәсіби тұрғыда өсуіне алғышарт жасайды.

Газ саласы ардагерлерінің республи­калық кеңесінің төрағасы Павел Климов сала еңбеккерлерінің кәсіби жағынан елеу­лі өсіп келе жатқанын, жоғары кәсі­би мамансыз бұл салада табысқа жету мүмкін еместігін атап өтті.

Үздіктердің үздігі қай құрметке де лайық. Бүгінде «ҚазТрансГаз» газ және газбен жабдықтау саласының ұлттық операторы әлемдегі ең озық жаңа технологиялармен, жаңа қондырғылармен жұмыс істеп келеді. Бұл күрделі құры­лым­ды тек білігі мен білімі мықты нағыз шеберлер игеріп отыр.

 

Қызылорда облысы