Айтулы жарысты қабылдауға алғашында әлемнің әр қиырында орналасқан 22 қала ниет білдірген еді. Алайда уақыт оза олардың басым бөлігі түрлі себептерге байланысты өз райларынан қайтты. Ақырында басты тартыс жоғарыда аталған Италияның қос шаһары және Швецияның Стокгольм мен Оресі арасында өрбіді.
Күні кеше Лозаннада өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) жиынында төртжылдықтың басты жарысының жалауы 2026 жылдың 6-22 ақпан аралығында Апеннин түбегінде желбірейтіні белгілі болды.
Осы күнге дейін Италияның қысқы ойындарды екі мәрте қабылдағаны белгілі. Атап айтсақ, 1956 жылғы дода Кортина-д'Ампеццода өтсе, 2006 жылғы жарыс Туринде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 1960 жылы Римде жазғы Олимпия ойындарының алауы тұтанды.