• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Маусым, 2019

Карточкамен төлегендерге мемлекет бонус бермек

449 рет
көрсетілді

2021 жылдан бастап елімізде қолма-қол ақшасыз есеп айырысқаны үшін азаматтарға мемлекет тарапынан бонус төленуі мүмкін. Қазіргі таңда тиісті министрлік оны жүзеге асыру тетіктерін банктермен бірлесіп қарастырып жатыр. Бұл туралы Forbes.kz хабарлады.

– Карточка арқылы жасал­ған қолма-қол ақшасыз қар­жы айналымына бонус төлеу жағын қазір банктермен бір­лесіп қарастырудамыз. Бұл бонус мемлекет тарапынан төленеді, – деді Forbes.kz сұ­рағына жауап берген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Министрдің айтуынша, мемлекет есебінен беріле­тін бонус көлемі карточка­мен жүргізілген қаржы ай­налымының 1-2 пайызын құрауға тиіс. Түскен бонус­ты белгілі бір тауар сатып алуға немесе салықты өтеуге пай­да­лануға болады.

Бұл жаңалықты жүзеге асыру үшін екі мәселені шешіп алу керек. Біріншіден, банк­тер карточкалардың көлемі, жа­сал­ған операциялар туралы ақпа­рат­тарды жеткізіп отыру жағын шешуге тиіс. Екінші мәселе, мемлекет тарапынан бонусты ұсыну тетіктеріне қатысты.

– Бұл іске қатысты әмбе­бап тетік әлі жасалған жоқ. Деген­мен, біз халық қолма-қол ақшасыз, карточкамен төлеу­ге қызығушылық танытады деп санаймыз. Сол арқылы нарық­тағы теңге айналымын айтар­лықтай төмендетуге қол жет­кіземіз. Нарықтағы теңге айналымы туралы барынша дәл ақпаратты білсек, салық саясатында да соған сай өзгерістер жүргізуге болады. Мысалы, салық ауыртпалықтарын же­ңілдету мәселесі көтерілуі мүмкін, – дейді Р.Дәленов.

Тағы бір айта кетерлігі, жеке тұлғалар арасында ірі келі­сімшарттар бойынша есеп­тесу кезінде қолма-қол ақ­шаның көлеміне шектеу қойылуы ықтимал.

– Мәселе элиталық пәтер­лер, қымбат тұратын люкс автокөліктерге қатысты. Әри­не бір бөлмелі пәтер үшін, не болмаса ауылдық жер­лердегі үйлер үшін қолма-қол ақ­шасыз есептесуді міндеттеу азаматтарға қиынға соғуы мүмкін екенін түсінеміз. Оның үстіне, бұл адамдардың құқын шектейді. Сол үшін қазір банктермен бірлесіп, шекті соманың көлемін ойластырып жатырмыз, – деді министр.

Үкіметте заңды тұлғаларды өзара келісімшарттарды қол­ма-қол ақшасыз жүзеге асы­руға ынталандыру тетіктері қарас­тырылып жатқанын да айта кету керек.