«Тұрғындарымызды қолайлы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа «Shymkent Bus» автобус паркін салтанатты түрде аштық. Сапалы қоғамдық көлік мәселесі – біздің назарымыздағы маңызды мәселе. Біз бұл сұрақты жүйелі түрде шешудеміз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен Шымкент қаласы «Қазақстан Даму Банкі-Лизинг» АҚ-ның арнайы бағдарламасы арқылы биыл қаламызға отандық «Сарыарқа Авто Пром» компаниясынан жаңа, заманауи 1000 автобус сатып алды. 160 автобус бүгіннен бастап қала көшелеріне шығады, 140 автобус шілде айында жеткізіліп, қалған 700 автобус жыл соңына дейін маршруттарға шығатын болады. Осы көліктер xалқымыздың игілігі үшін қызмет етіп, Шымқала көркейе берсін», деді қала әкімі.
Еліміздегі бірегей жоба ретінде жұмысын бастаған автобус паркінде ЖМС, сервистік орталық, автожуу қызметі бар. Жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған.
Тағы бір қуанышты жаңалық – Шымкентке Қазақстанда құрастырылған 300 жаңа автобус жеткізілді. Олар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған. Жолаушылардың жалпы сыйымдылығы – 56 адам, автобус ұзындығы – 8,5 метр.
Салтанатты жиында шаһар басшысы автобустардың мүмкіндіктерімен танысты. Қала күніне орай №138, 153 бағытта қатынайтын су жаңа автобустар қала тұрғындарына қызмет көрсете бастады.
ШЫМКЕНТ