Данияр Сатыбалдин облыс орталығынан үш жүз шақырымдай жерде орналасқан Айыртау ауданында тұрады. Он жылдан бері жолаушы тасымалдаумен айналысып келеді. Өз ісіне тиянақты қарапайым мамандық иесі жуырда «темір тұлпарының» ішін арнайы аппаратурамен, экранмен, микрофонмен, әндер жазылған кітапшамен жабдықтап, караоке-таксиге айналдырды.
«Алыс жолға шыққан жолаушыларға бір сәт болса да көңіл күйін көтеретін қуаныш сыйлағым келді. Ойластыра келіп, осы қызмет түрін таңдадым. Кез келген әнді жүрек қалауы бойынша таңдай алады. Өзімнің де «әу» дейтін өнерім бар. Қосылып та айтатын кезіміз болады. Ән шырқау тасымал құнына еш әсер етпейді. Бастапқыда менің бұл «әпенді» қылығыма таңырқай қараушылар қазір үйренісіп кетті», дейді Данияр.
Оның айтуынша, әскери қызметкерлер «Офицеры» әнін, жастар «Нэнси» тобының туындыларын орындағанды ұнатады. «Зеленоеглазое такси» әні де жиі шырқалатын көрінеді. Шәмшінің әндерін қалайтындар да аз емес.
Караоке-таксистің ендігі ойы – шағын автобус сатып алып, осы қызмет түрін жетілдіру.
Солтүстік Қазақстан облысы