Айта кету керек, сайлау қорытындысы шыққан соң Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қырғызстан Президенті С.Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесіп, әңгіме барысында оны сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады және бауырлас Қазақстан халқының маңызды да жауапты таңдау жасағанын атап өтті. Оған қоса, С.Жээнбеков Қазақстан басшысын қазақ-қырғыз қатынастарын нығайту мақсатында Қырғызстанға ресми сапармен келуге шақырған еді.
Ұлықтау рәсімі өтіп, жаңа сайланған Президент халық алдында ант бергеннен кейін ол Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін 2019 жылғы 13 маусымда Қырғыз Республикасының Бішкек қаласына аттанды. Бұл Қ.Тоқаевтың ресми түрде Мемлекет басшысы болып сайланғаннан кейінгі алғашқы жұмыс сапары екенін баса айтқан жөн.
Сапар барысында ШЫҰ-ның биылғы төрағасы Қырғызстан ұйымға мүше мемлекеттерден және байқаушы елдерден келген мәртебелі меймандарды қабылдады және С.Жээнбеков алғашқылардың бірі болып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында Қырғыз Республикасының Президенті Қазақстандағы сайлау табысты өткенін атап өтіп, Қ.Тоқаевты жеңісімен тағы да құттықтады. Ал Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа сайланған Президент ретінде өзінің алғашқы шетелдік сапарын осы бауырлас Қырғыз елінен бастап отырғанына қуанышты екенін жеткізді.
Оның үстіне, 2019 жылғы 14 маусымда С.Жээнбеков ШЫҰ елдері басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысын аша отырып, күллі әлем алдында (отырысқа 11 елдің басшысы және 23 елден келген 500-ден астам журналист қатысты) Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа жылы лебізін білдірді және «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық тарапты сайлаудың табысты өтуімен құттықтаймын. Сіздің жеңісіңіз – халықтың өзіңізге деген сенімінің көрінісі», деді ол.
Қырғыз Президенті С.Жээнбековтің Қ.Тоқаевқа қатысты жоғарыда аталған риясыз әрекеттері біріншіден, қырғыз тарапының елімізге бауырмалдық қарым-қатынасын, екіншіден Қазақстан Президентінің жеке тұлғасына деген құрметін және үшіншіден, келешекте елімізбен жан-жақты ара қатынастарды жақсартуға деген ұмтылысын көрсетсе керек.
ШЫҰ жиыны кезінде ең басты құжат – ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары кеңесінің Бішкек декларациясы қабылданды. Бұл құжат маңызы жағынан қорытынды саяси ұстаным болып табылады, онда мүше мемлекеттердің ШЫҰ-ны дамыту перспективалары туралы бірлескен пайымы, сондай-ақ өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша жинақталған тұжырым қамтылған.
Оған қоса Самитте жоғарыда аталған декларациядан басқа 20 құжатқа қол қойылды, оның ішінде Саммит аясында ШЫҰ хатшылығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.
Саммитке қатысушылар ШЫҰ шеңберінде қауіпсіздік мәселесі, экстремизмге, терроризм мен есірткі трафигіне қарсы іс-қимыл, экономиканы, өнеркәсіпті дамыту, гуманитарлық саладағы ынтымақтастық сияқты бағыттардың қазіргі жай-күйі мен аталған салалар бойынша өзара әрекеттестікті одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады. Сондай-ақ ШЫҰ елдерінің басшылары Ауғанстан мен Сириядағы жағдайды реттеу жолдарын, Иран ядролық бағдарламасы бойынша қазіргі жағдайды да қарастырды.
Бұл орайда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның басты міндеттері ретінде мыналарды атап өтті:
ШЫҰ кеңістігінде өзара сенімді, қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында конструктивті диалог пен өзара іс-қимылдарды нығайту маңызды болып қала беруі тиіс. Осыған байланысты ШЫҰ стратегиясы шеңберінде 2018-2022 жылдарға арналған Іс-қимылдар жоспарын, Ұзақ мерзімді тату көршілік туралы келісімді, достық пен ынтымақтастықты толыққанды жүзеге асыру керек.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үш диалог» жөніндегі бастамасы тұрғысынан алғанда Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы) пен Еуропалық одақ сияқты Еуразияның көпжақты негізгі құрылымдарымен толыққанды қарым-қатынасты орнатып, оны кеңейту арқылы Ұйымның халықаралық бәсекеге қабілетін арттыру қажет.
Экономикалық өсім баяулаған әрі әлемдік нарықтағы қаржылық тұрақсыздық жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының зор әлеуетін бұдан да тиімді пайдалану қажет. Оған сегізжақты Еуразиялық қаржылық кеңесшілік механизмін құру септігін тигізбек.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті отырысқа қатысушылардың назарын өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударды. Оның айтуынша, терроризм мәселесі жаһандық желіде көрініс берді, сондықтан киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейту қажет. «ШЫҰ ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі орталығын құру Ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғау ісіне қосқан маңызды үлес болар еді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жеке тоқталып, осы саладағы ынтымақтастық үшін тұрақты жұмыс істейтін платформа құруды ұсынды.
Жергілікті сарапшылардың айтуынша, ШЫҰ салыстырмалы түрде жаңадан құрылған ұйым болғанымен бүкіл әлем көз тігіп отырған беделді бірлестік, ал экономикалық өсуі мен геоясаяси орналасуы жағынан Қазақстанның ШЫҰ-дағы рөлі аса маңызды, сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың сөйлеген сөзіндегі әр ұстанымға аса мән беру қажет.
Осы орайда бауырлас Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы қарым-қатынастар өзара тиімді негізде дамып келе жатқанын айрықша айтқан жөн. Қазақстан – Қырғыз Республикасының ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестерінің бірі. Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстан Қырғыз елінің экономикасына 1,5 миллиард АҚШ долларынан астам көлемде инвестиция салды.
Тау-кен саласындағы бір ғана «Бозымчак» компаниясы осы уақытқа дейін Қырғызстан экономикасына 350 млн АҚШ долларынан астам қаражат салған. «Бозымчак» кен орны стратегиялық объектілердің мемлекеттік тізбесіне кіреді, кәсіпорынның салық аудару көлемі жылына шамамен 10 млн АҚШ долларын құрайды. Аталған компания қызметі арқылы шамамен 1200 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ Sky mobile компаниясы бюджетке салық төлеуден Қырғызстандағы ірі компания болып саналатын «Кумтор» кенішінен кейін екінші орынды иеленеді және салық көлемі жылына 35 млн АҚШ долларын құрайды екен. Оған қоса «Халық банк Кыргызстан», «БТА-Банк Қырғызстан», «ЦУМ-Айчурёк» сияқты көптеген қазақстандық компаниялар елдеріміздің татулығы арқасында Қырғыз Республикасының өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып отыр.
Қырғызстан Президенті С.Жээнбеков 2017 жылы өзінің алғашқы ресми сапарларының бірін Қазақстаннан бастап, біздің елдеріміздің бауырлас екенін дәлелдеді. Осы іс-шара барысында: Қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартқа, Мемлекеттік шекаралардың жұмыс режімі туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұдан соң Қырғызстан Президенті Елбасы Н.Назарбаевпен әртүрлі деңгейлерде бірнеше мәрте кездесті, қазіргі Президент Қ.Тоқаевпен де халықаралық іс-шаралар аясында бірнеше дүркін жүздесіп үлгерді. Бұл кездесулер екіжақты ынтымақтастықты үдемелі түрде дамытуға зор үлесін қоспақ.
Қырғызстан біздің елімізге негізінен электр энегриясын, сүт өнімдерін көкөністер мен жеміс-жидек, мүйізді ірі қара, тігін өнімдерін, шыны және басқа да бұйымдарды жеткізеді. Ал Қазақстаннан Қырғыз Республикасына мұнай және мұнай өнімдері, астық, көмір, ұн, өсімдік майы, органикалық емес химиялық заттар, минералдық шикізат, темір және болат өнімдері әкелінеді.
Саяси диалог тұрғысынан екі ел арасындағы негізгі екіжақты қатынастар бойынша қайшылық жоқ, жоғары деңгейдегі келіссөздер тұрақты түрде өткізілуде. 2017 жылдың аяғында Елбасы Н.Назарбаев пен Қырғызстан Президенті С.Жээнбеков екі ел үкіметтеріне өзара сауда көлемін 2020 жылға қарай 1 миллиард АҚШ долларына жеткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Қазір осы мақсатқа жету үшін тиісті билік тармақтары барынша тығыз ынтымақтастық орнатуда.
Оған қоса екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды даму үстінде. Мәселен, өткен жылы әйгілі жазушы Ш.Айтматовтың 90 жылдығы 2018 жылғы 25 сәуірде елімізде өткен халықаралық форумнан бастау алып, Қырғызстанда және бүкіл дүние жүзінде жалғасын тапқаны мәлім. Оған қоса былтырғы тамызда Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің жетінші отырысы болып, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында Ш.Айтматовтың атына көше берілді. Бішкекте қазақ-қырғыз достығына арналған бірнеше дөңгелек үстелдер, жастар форумы өтті. Өткен жылы Қазақстанның мәдени саласын дамытуға үлес қосқан Қырғызстан азаматтары – суретші С.Осмоналиев пен Ыстықкөлдегі М.Әуезов атындағы Музей үйінің қызметкері С.Табышева еліміздің жоғары наградаларымен марапатталды.
Осы жылы да экономикалық және гуманитарлық сала бойынша көптеген іс-шара жоспарланған. Қазірдің өзінде заманымыздың заңғар тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңында оның таңдамалы шығармалары қырғыз тіліне аударылып, жеке кітап болып жарық көрді, таяуда аталған еңбектің тұсаукесері өтпек.
Қазақ пен қырғыздың жақындығын Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан мен Қырғызстан бауырлас әрі одақтас мемлекеттер», деген сөзімен тұжырымдауға болады. Президент С.Жээнбеков те «қырғыздар мен қазақтар сияқты бір-біріне жақын халық жоқ», деп үнемі айтып келеді. Міне, осының бәрі «Қазақ пен қырғыздың арасы – көздің ағы мен қарасы» дегендей екі ел арасындағы риясыз достықты білдірсе керек.
Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі