• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Маусым, 2019

Арыс, біз біргеміз!

962 рет
көрсетілді

«Сойыл күшін басқа түскен біледі» дегендей, Арыстағы ауыртпалықтың ахуалын, әрине арыстықтардан артық ешкім сезінбеген болар. Десе де, күллі ел болып, көмек қолын созып жатқан тұста қамыққанның жұба­натыны, тарыққанның қуанатыны анық. Халқымыз да «Орнында бар оңалар» демей ме?! Сондықтан бұл күнде «Арыс, біз біргеміз» жалпыұлттық акциясы аясында қазақстандықтар аянып қалып жатқан жоқ. Қолдарынан келген көмекті көрсетіп, бірі қаржылай, бірі заттай жылы көңілмен жылуға үлес қосқан ағайынның ауызбірлігіне қарап отырып, қандай қиындыққа да қарсы тұруға болатынын бағамдадық. Ел екенімізді, біріксек бізден қуатты күш, бізден мейірімді қауым болмайтынын байқаттық. Осы орайда тілшілеріміз ел өңір­лері­нен Арысты бетке алған гу­мани­тар­­лық керуенге қолдау көр­сету­шілер­дің көбейе түскенін хабарлап отыр.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ – АЛМАТЫДАН:

Nur Otan партиясы Алматы қала­лық филиалының ұйымдастыруымен және «Жану мәселелері институты» РМК ұжы­мы­ның қолдауымен Арыс қала­сын­дағы зардап шеккен тұрғындарға көмек беру мақсатында Алматыдағы кәсіпорындар басшылары мен мамандары жиналды.

Көмек көрсету шарасында Nur Otan  пар­тиясы Алматы қалалық филиалы төр­ағасының орынбасары Арман Хал­беков және «Жану мәселелері институты» бас директоры Тілек Кетегенов және басқа да қала белсенділері алыстағы ағайынды осынау қиын жағдайда қолдауға шақырды.

Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Арман Халбеков атап өткендей, қазіргі кезде қала бойынша 2 жедел қабылдау пункті жұмыс істеуде. Алматылықтар шама-шарқынша азық-түлік, киім-кешек, тұрмыс бұйымдарымен көмектесуде. Еріктілер тарапынан барлық әкелінген көмек бойынша нақты тізім жасалып, оның тиісті мекенжайға тура жетуі қам­тамасыз етілуде. Алматылықтар екі күн ішінде Арыстағы зардап шеккен аға­йын­дар үшін 25 млн теңге жинаған.

Мәслихаттағы партия фракциясының мүшесі, кәсіпкер Ерболат Қасымов 1 млн теңге аударып, бір жүк көлігімен арматура жөнелткен. Сондай-ақ Жетпісбай Едігенов басқаратын «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ, Владимир Рыбалко басшылығындағы «Аtacom» ЖШС тарапынан 1 млн теңгеден көмек көрсетілді. Екі күн ішінде 150 тонна құрылыс материалдары тиелген 14 жүк көлігі Арысқа аттанды. Ал «Магнум» сауда орталығы 3 млн теңгенің азық-түлігімен көмектесті. Дәл қазіргі жағдайда алматылықтар Арыс тұрғындарына барынша қолдау көрсету мақсатында жедел көмек амалдарын қарастыруда.

Бақытгүл БАБАШ – АТЫРАУДАН:

Атыраулық еріктілер Арыстағы жағ­дайға алаңдаушылық білдіріп, көмек­тесуге ниетті. Қазақстан халқы Ассам­блеясының кәсіпкерлер Ассоциа­циясы өткізген жиналыста осындай бастама көтерілді. Мұнайлы аймақтағы бизнес өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қоз­ғалысының мүшелері, студенттер мен еріктілер ұйымдары Түркістан облы­сындағы қиын ахуалға жанашырлық танытып, көмек қолдарын созуды ұйғарды.

«Сарайшық» ЖШС бас директоры, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жас­тар қозғалысының жетекшісі Тамила Розметова: «Арыс қаласының тұрғын­дарына ел болып қарайласып жатқа­нымыз – елдігіміздің, бірлігіміздің белгісі. Мұндай сәтте біз де немқұрайлылық танытпай, арыстықтармен бірге екенімізді білдіргіміз келді. Ассамблеяның Атырау облысындағы филиалы, этномәдени бірлестіктер мен кәсіпкерлер, жастар ақшалай-заттай жәрдемдесіп жатыр. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстағы бөлімшесінің өзі қысқа уақыт ішінде 1 миллион теңгеден ас­там қаражат жинады. Жұмыс әлі де жал­ғасын табады», деді.

Айта кетейік, «Жаңғыру жолы» қозғалысы «JAGSYLYQJASA» жобасы аясында Түркістан облысына еріктілер жібереді. Атырау облысында жоба басталған бір күннің өзінде 20-дан астам ерікті Арыс тұрғындарына көмек көрсетуге тілек білдірді.

Темір ҚҰСАЙЫН – АҚТӨБЕДЕН:

Ақтөбе өңірінде «Арыстықтар, біз сіздермен біргеміз!» атты көмек беру мен қолдау акциясы оңтүстіктен апат жөніндегі суыт хабар жетісімен-ақ басталып кетті. Сол күні өңірдегі өндірістік кәсіпорындар мен өзге де еңбек ұжымдары өздерінің бір күндік жалақыларын апаттан зардап шеккендерге арналған қайырымдылық қорына аудару жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ облыста Арыс жұртшылығына моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсетудің шұғыл шаралары белгіленді.

Осы орайда Арыстағы апат зардаптарын азайту жөнінде арнайы штаб құрылып, оның мүшелері гуманитарлық көмек беру ісін жүйелі жолға қоюды ұйымдастырды. Бұл жөнінде алғашқы кезекте атқарылған іс-шаралар жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов былай дейді:

– Азық-түлік түрлері тиелген авто­көлік керуені көп кешікпей Ақтө­беден Арысқа аттанды. Оның жалпы салмағы 24 тоннаны құрайды. Алдағы уақытта Арыс қаласы үлкен құрылыс алаңына айналуға тиіс. Ақтөбеліктер Арыстағы аға­йындарға жергілікті құрылыс индус­триясының өнімдерін жеткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде тас, ағаш, құм, цемент және ғимараттардың төбесін жабуға арналған аса зәру материалда­р бар. Алғашқы кезекте оның сомасы 20 мил­лион теңге көлемінде белгіленді. Көмек беру акциясының екінші кезе­ңін­де оның мөлшері тағы да өсетін болады.

Арыстағы апат мектеп оқушы­лары­ның жазғы демалыс кезінде орын алғаны мәлім. Осыған орай Ақтөбедегі атқарушы билік өкілдері 100 арыстық жас өренді облыс аумағындағы демалыс пен тынығу лагерьлерінде тегін демалдыру жөнінде шешім қабылдады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ – ҚОСТАНАЙДАН:

Ойламаған жерден болған апаттан Арыс қаласының жұрты азап шегіп отырғанда Қостанайдағы ағайынның да жүрегі сыздады. «Апат айтып келмейді» деген, оның зардабы да, шығыны да зор болып тұр. Апат болған күні түске дейін-ақ Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, аймақ әкімі Архимед Мұхамбетовтың басшылық етуімен арнайы жедел штабы құрылған еді, онда «жедел желі» телефоны жұмыс істей бастады.

– Жайсыз хабар жеткеннен-ақ Тобыл өңірінің жұртшылығы қиналған ағайынға қолдау білдіріп, қолұшын беруге асықты. Олар жедел телефонға хабарласып, көмек бергісі келетін ұсыныстарын айтып жатыр. Жекелеген адамдар Nur Otan партиясының филиалы жанынан құрылған арнайы бекетке бара алады. Сын сәтте ынтымақ таныту маңызды, – дейді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасы­ның бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев.

Арыс қаласындағы азаматтарға көмек көрсету мақсатында 20 тонна ұн, 7 тон­на макарон мен 3 тонна кондитерлік өнім­дері тиелген автокеруен жолға шықты.

Nur Otan партиясының мүшелері мен мекеме қызметкерлері бір күн­дік жалақысын Арыс тұрғындарына көмек үшін арнайы шотқа аударды. Қаржылай көмек көрсеткендердің арасында қостанайлық бизнес өкілдері де бар. Мысалы, жергілікті кәсіпкер, Nur Otan  партиясының мүшесі Сергей Блок жағдайды естіген бойда 1 миллион теңге, Nur Otan  партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Еңбек Ері Азамат Тұрсынов және ол басшы­лық ететін «Қарасу» компаниясының қыз­меткерлері 3,5 миллион теңге аударды. 20 тоннадан астам ұнды «Олжа-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арнайы көлікке тиеп жөнелтті.

– «Олжа-Агро» серіктестігі мұнымен шектелмейді, аптаның соңына дейін тағы 40 тонна ұн жөнелтетін боламыз, – дейді  шаруашылық басшысы Айдарбек Ходжаназаров. Nur Otan партиясы облыстық филиалы Jas Otan жастар қанатының белсенділері қабылдау бекетінде күндіз-түні жұмыс істейді.

– Көптеген қостанайлықтар азық-түлік, басқа да тұрмыстық бірінші қажетті керек-жарақтар әкеледі. Облыс­тың қалалары мен аудандарынан, кә­сіп­кер­лерден түскен азық-түліктер бекет басында біраз жүкке айналды, – дейді жастар қанатының төрағасы Әділ Дикетаев.

Арыстағы жағдай тұрақталғанша Қостанайдағы көмек бекетінің жұмысы жалғаса береді.

Хамит ЕСАМАН – ТАРАЗДАН:

Төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына жам­былдықтар да өзінің көмегін көр­сетті. Қазіргі уақытта жалпы құны 8 мил­лион теңгеден астам қаржы көлемін құрайтын 40 тонна азық-түлік жүк көліктеріне тие­ліп, Арыс қаласына жөнелтілді. Нақ­ты айтқанда, көмек ретінде 10 тонна ұн, 10 тонна қант, 18 мың дана құс жұмырт­қасы, 1,5 тонна тауық еті, 350 килограмм шұжық өнімдері, 1 тонна сүт өнімдері, 200 килограмм макарон өнімдері, 1 тонна өсімдік майы, 400 килограмм печенье, 700 килограмм қияр және 1000 дана бөлке нан дайындалған.

Сонымен қатар 60 тонна құры­лыс материалдары да арыстықтарға көмек ретінде жөнелтілді. Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, Арыс қаласына медициналық қызмет көрсету мақсатында арнайы 4 бригада жіберілген. Сондай-ақ 2,2 миллион теңге көлемінде қажетті дәрі-дәрмек бөлінген. Ал Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан 100-ден астам адам Жамбыл облысына келіп, тиісті орындарға орналасты. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арыстықтармен кездесіп, оларға Әулиеата өңірінен жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты. Бүгінгі таңда азаматтарға тиісті көмектер көрсетілуде. Алдағы уақыттарда тосын апаттан зардап шеккендерге Жамбыл облысы әкімдігінің тарапынан 180 тоннадан аса гуманитарлық көмек жолданатын болады. Сонымен қатар Таразда Арыс қаласына көмек жөнелту бойынша арнайы бекеттер жұмыс істеп тұр.

Ал қайғылы оқиға болған күні оң­түстік өңірді бетке алған жолаушылар пойыздары Тараз қаласының темір жол бекетіне уақытша тоқтатылған еді. Дегенмен, өңір әкімдігі жолаушылар үшін 8 «Икарус» маркалы автобустарды дайындап, 500-ге тарта жолаушыны Шымкент және Қызылорда бағыттарына шығарып салды.

Фарида БЫҚАЙ – ПАВЛОДАРДАН:

Облыстық әкімдіктің мәліметін­ше, қала жəне аудан əкімдіктерінің қыз­меткерлері бір күндік жалақыларын Арыс қаласындағы алапат жарылыс­тан зардап шеккен тұрғындарына көмек ретінде аударды. Мемлекеттік ор­гандар қызметкерлері де жұдырықтай жұ­мылып, ерікті түрде көмек қолын соз­ды. Ал облыстық полиция депар­та­ментінің хабарлауынша, 2 мыңға жуық полицей Арыс тұрғындарына бір күндік еңбекақыларын аударған.

– Біз әрқашан қиын жағдайда қалған қазақстандықтарға осылай қолдау көр­сетуіміз қажет, – дейді Жедел жасақ инс­пекторы Алмаз Жантеміров.

Қазіргі таңда бірнеше телефон нөмірлері бойынша Жедел желі де қосулы. Облыс əкімдігінің бастамасы бойынша Арыс қаласына 100 тонна гуманитарлық жүк жөнелту шарасы жалғасуда. Азық-түлік тағамдарын, бірінші қажеттілік тауарларын, жеке бас гигиенасы заттарын жинау ісіне меценаттар, демеушілер жəне өңірдің қайырымды тұрғындары атсалысып жатыр. Облыс әкімі Болат Бақауов Арыс қаласының 300 баласын өңірдің сауық­тыру лагерьлеріне қабылдауға әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ көмек қо­лын созуға асыққан тұрғындар үшін облыс орталығындағы Кривенко кө­шесі №25-үйдегі  Nur Otan партиясы об­лыс­тық филиалының ғимаратында штаб орналасқан. Осы жерде Арыс тұр­ғын­дарына тәулік бойы жұмыс істейтін көмек беру пункті ашылды. Ал екінші штаб Мамыр көшесінің №35-үйі мекенжайында Достық үйіндегі Ассамблеяның облыстық филиалында орналасқан.

– Ассамблея филиалы Арыс қала­сында болған апатты оқиға кезінде эва­куацияланған тұрғындарға гума­нитар­лық көмек көрсету үшін қабылдау пунктін ұйымдастырды, – дейді финн-угор этномәдени бірлестігінің басшысы Ольга Николашина. – Кез келген көмек қабылданады. Біз Арыспен біргеміз!